Бейсен Құранбек, Шахмат, Автокредит. 24 желтоқсанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 24 Желтоқсан, 2022


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!📌

1️⃣ Талдықорғанда журналистер үйіне Бейсен Құранбектің есімі берілді.

Журналистикада Бейсен Құранбек газет тілшісінен облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директорына дейінгі жолдан өтті.
«Рахат», «31 арна», «Хабар» телеарналарында, президент телерадиокешенінде жұмыс істеді. Qazaqstan телеарнасында «Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламаларын жүргізді.

Ол журналистика саласында студент кезінен бастап жұмыс істей бастады, ал мамандығына 25 жылдан астам өмірін арнады, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

«Барлықтарыңызды Талдықорған журналистер үйіне талантты журналист, тележүргізуші, қоғам қайраткері Бейсен Құранбектің есімін беру салтанатымен құттықтаймын. Өздеріңіз білетіндей, биыл 20 қазанда облысқа жұмыс сапары барысында мемлекет басшысы бұл маңызды жаңалықты өңірдің тұрғындары мен бүкіл журналистік жұртшылықтың бастамасын қолдай отырып, көпшілікке бірінші болып жеткізді», – деді облыс әкімі Бейбіт Исабаев.

Бейбіт Исабаев Бейсен Құранбектің атымен аталған журналистер үйінде жұмыс істеу әркім үшін үлкен мәртебе екенін айтты.
Бейсен Құранбектің ағасы Сәрсен Құранбек те көпшілікке алғысын білдірді.

Керемет!😍

2️⃣ Алматыда шахматтан әлем чемпионаты өтеді.

Бұл туралы республикалық спортты дамыту дирекциясы мәлімдеді.

Жарыс 25-30 желтоқсан аралығында Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді.

Додаға әлемнің 70 елінен 250-ден астам мықты ойыншы қатысады. Олардың қатарында әлем чемпионы норвегиялық Магнус Карлсен, вице-чемпион Жу Венджун, Американың чемпионы Фабиано Каруана, фишер бойынша әлем чемпионы Хикару Накамура, кезекті әлем чемпионатының финалисі Ян Непомнящий бар.

Сондай-ақ Нидерланд, ФИДЕ, Әзірбайжан, Польша, Қытай, Франция, Үндістан, Иран мемлекеттерінің шахматтан шашасына су жұқпаған жүйріктері бақ сынасады.

Қазақстан құрамасы: Ринат Жұмабаев, Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Бибисара Асаубаева.
Жалпы ерлер арасында таңдаулы 149, әйелдер арасында 93 шахматшы ойнайды.

Әр ойыншыға рапидте 15 минут +10 секунд, блиц түрінде 3 минут + 2 секунд беріледі. Әлем чемпионатының жүлде қоры 1 000 000 АҚШ доллары.

Жүлде қоры 1 млн доллар екен.🔥👍

3️⃣ 4 проценттік автокредит бағдарламасы 2023 жылдың қаңтар айында қайта жалғасады.

Бұл туралы Қазақстан даму банкі хабарлады.

Қазіргі кезде жеңілдетілген автокредит бағдарламасының екі операторы бар. Олар – «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ мен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ.

Алдағы уақытта орталықтандырылған бақылауды қамтамасыз ету мақсатында бір ғана оператор – Қазақстанның даму банкі болады.
Бұдан бөлек, ескі және жаңа бағдарламаның қаражаты біріктіледі.
«Қазіргі кезде автокредит берген екінші деңгейлі банктер қолданыстағы кредиттерді өтеуден түсетін төлемдерді жинақтау процесін жүзеге асыруда. Револьверлік тетік негізінде жеңілдікті қарыздар қаңтардың екінші жартысында беріле бастайды. Сол кезде екі бағдарлама бойынша жинақталған қаражат көлемі шамамен 13 миллиард теңгені құрайды, бұл кемінде 1300 жаңа автокредит беруге мүмкіндік береді», – делінген ресми хабарламада.

Болашақта револьверлік әдіспен жинақталған қаражат ай сайын бөлінеді. Сонда автокредиттер де жиі беріледі.
«Өтінімдерді қабылдаудың басталу күні, сондай-ақ бағдарламалардың жаңартылған шарттары мен іске асыру тетігі бұқаралық ақпарат құралдарында және Қазақстанның даму банкі мен Өнеркәсіпті дамыту қорының ресми сайттарында қосымша жарияланатын болады», – дейді мамандар.

Айта кетері, 2015 жылы жеңілдетілген автокредит бағдарламасына 82 миллиард теңге бөлінген болатын. Револьверлік тетікті пайдаланудың арқасында осы қаражат есебінен жалпы сомасы 176 миллиард теңгеге 32 мыңнан астам қарыз берілді.

Ал сен осы жолы қатысасың ба?😉