Бибісара Асаубаева, Ойыншықтар, Елена Рыбакина. 27 қаңтардың топ жаңалықтары

Автор: редактор 27 Қаңтар, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!🔥

1️⃣ Бибісара Асаубаева әлемдегі ең мықты гроссмейстердің бірін жеңді.

Мәскеуде өтіп жатқан «Шахмат жұлдыздары» атты халықаралық турнирде айтулы сенсация болды. Блиц шахматтан екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева рапидте бәсекенің басты фавориті Сергей Карякинді жеңді, деп хабарлайды спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Сергей Карякин – әлемдегі ең мықты гроссмейстердің бірі. Қазіргі уақытта оның 2 739 ұпайы бар.

Турнир комментаторларының айтуынша, Бибісараның блицте әлем чемпионы болғаны бекер емес. Ол Сергейдің керемет қорғанысына қарамастан, салқынқанды ойынымен жеңіске жетті.

Екі мықтының ойыны мазмұны жағынан да, тиімділігі жағынан да турдың сәнін келтірді. Бибісара бұған дейін сұхбаттарында осы турнирде Сергей Карякин және Теймур Раджабовпен ойнағысы келетінін бірнеше рет айтқан.
Ал ресейлік гроссмейстер мұндағы жалғыз жеңілісінен ұялмайтынын мәлімдеді.

Жеңіс құтты болсын!💐💐💐

2️⃣ Қорқынышты ойыншықтар саудадан алынуы мүмкін.

Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін мемлекеттер балалардың психикалық дамуына жағымсыз әсер ететін ойыншықтарға қойылатын талаптарды әзірлеуге келісті. Бұл туралы сауда және интеграция министрлігі мәлімдеді.

Мамандар «Психологиялық-педагогикалық қауіпсіздік» талаптарын әзірлеуді ұсынды. Себебі нарықта қорқынышты, күш көрсету белгілері бар, гибридті және тағы басқа балалардың психикалық дамуына жағымсыз әсер ететін ойыншықтар көбейді. Ал психологтардың айтуынша, ондай қорқынышты ойыншықтар зорлық-зомбылық пен агрессиямен байланысты ойын сюжетін тудырады.

«Ойыншықтарға арналған қолданыстағы техникалық регламентте тек материалдарға, токсикологиялық-гигиеналық және микробиологиялық көрсеткіштерге, физикалық және механикалық, химиялық және электрлік қасиеттерге, радиациялық қауіпсіздікке қойылатын талаптар ғана белгіленген. Осылайша нарықтан қорқынышты ойыншықтарды алып тастау мүмкін емес», – дейді мамандар.

Мәскеуде ЕЭК кеңесінде қазақстандық сарапшылар бұл мәселені қарастыру үшін ойыншықтың балаға кері әсерін анықтайтын өлшемдерді белгілейтін стандарттар қажет екенін жеткізді.
«Балалардың физикалық және психикалық денсаулығын қалыптастырудың маңыздылығы күмән тудырмайды. Қазақстан 2015 жылы ойыншықтарға психологиялық-педагогикалық сараптама жүргізу үшін техникалық регламентке өзгерістер енгізуге бастамашы болды. Ол кезде мұндай ойыншықтардың баланың психикасына жағымсыз әсер ету критерийлерін айқындау стандартының болмауына, ғылыми зерттеулер жүргізу қажеттілігіне байланысты құжат қолдау таппады», — деді денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова.

☝🏻Ойыншықтарға қойылатын талаптар өзгереді.

Бұл ойға қалай қарайсың?🤔

3️⃣ Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина алғаш рет Australian Open финалына шықты.

Әлемдік рейтингте 25-орында тұрған Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина алғаш рет Австралия ашық біріншілігінің финалына шықты.
Жартылай финалда қазақстандық әлемнің 24-ші нөмірі Беларусь спортшысы Виктория Азаренконы 7:6 (7:4), 6:3 есебімен ұтты.

Кездесу 1 сағат 43 минутқа созылды. Қазақстандық тоғыз эйс пен үш қос қате жасады.

Финалда Рыбакина Магда Линетт (Польша) – Арина Соболенко (Беларусь) жартылай финалдық жұп жеңімпазымен ойнайды.

Әлемдік ареналардан көріне берейік!👏🏻😍