Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!
Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️
1️⃣ Қазақстанның бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылды
Айта кетейік, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша бірнеше сот отырысы өтті. Оны дүйім жұрт Жоғарғы соттың YouTube арнасынан онлайн қарады. Қуандық Бишімбаевтың соты бойынша алқабилер үкім шығарды.
Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен сотталып жатқан экс-министр Қуандық Бишімбаевты адвокат Лейла Рамазанова, Назкен Құсайынова, Ерлан Ғазымжановтар қорғады.
Бишімбаевқа екі бап бойынша айып тағылды: аса қатыгездікпен кісі өлтіру (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру); қинау (4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру).
Ал аса ауыр қылмысты жасырды деп айыпталған Бақытжан Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қалай ойлайсыз, жаза әділ тағайындалды ма?
2️⃣ Қазақ қызы тұңғыш рет Эверест шыңын бағындырды
«Kazakh Everest Team» қазақстандық команда құрамындағы қазақ қызы тұңғыш рет Эверест шыңына шықты.
«Құрамында Анар Бурашева мен Мақсат Жұмаев бар «Kazakh Everest Team» қазақстандық команда әлемнің ең биік шыңы – Эверест шыңына (8 848 м) сәтті көтерілді», — делінген Непалдың Гималайда көтерілуге маманданған және қазақстандық экспедицияның ресми жолсерігі «Seven Summit Treks» компаниясының хабарламасында.
8 000 метрден жоғары биіктіктегі дауыл мен боран түріндегі күрделі ауа райы жағдайларына байланысты шыңды бағындыруға ниеттенген экспедициялардың көпшілігі бағытынан кері қайтты, тек бес елдің альпинистері Эверестке сәтті көтеріле алды.
Олардың арасында біздің отандастарымыз бар: тарихта әлемнің ең биік шыңына шыққан тұңғыш қазақ қызы Анар Бурашева және еңбегі сіңген қазақстандық альпинист Мақсұт Жұмаев, бұл – оның Эверест шыңына осымен үшінші рет шығуы.
Жалпы «Kazakh Everest Team» командасының шыңға көтерілуі бес тәулікке созылды.
Эверест шыңына Анар Бурашева мен Мақсат Жұмаев Қазақстанның мемлекеттік туын орнатты.
Міне, табандылық деген осы шығар! Керемет!🔥
3️⃣ «Наурыз» ипотекасы: Отбасы банк баспана таңдау тәртібін түсіндірді
Бұл туралы “Отбасы банк” АҚ басқарушы директоры — Орталық филиал директоры Жансұлтан Матай айтты.
“Қатысушыларды дүрліктірмеу үшін өтінімдерді қабылдау мерзімі барынша ұзартылды. Үміткерлердің маусым айының соңына дейін бір жарым ай уақыты бар. Яғни, өтінімді бірінші күн не соңғы күні берсеңіз де еш айырмашылығы жоқ. Нәтижесі өтінімдері қабылдау аяқталғаннан кейін шығарамыз”, — деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндгі брифингте.
Сонымен қатар Жансұлтан Матайдың айтуынша, өтінім берушілердің ұпайы төмендегідей есептелінеді:
— салым бойынша сыйақы мөлшері — әрбір 1 000 теңге үшін 1 ұпай;
— тіркелген некенің болуы — 5 ұпай;
— балалардың болуы — 10 ұпай (балалар санына қарамастан);
— халықтың әлеуметтік осал топтары мәртебесінің болуы — 10 ұпай;
— 35 жасқа дейінгі жас (қоса алғанда) – 5 ұпай.
Сізге де баспаналы болу бақыты бұйырсын!🙌🏻