Бизнес, Лицензия, Димаш. 19 тамыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 19 августа, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Димаш Құдайберген Маңғыстаудың туристік әлеуетін насихаттауға үлес қоспақ.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірге жұмыс сапарымен келген танымал әнші, халық артисі Димаш Құдайбергенмен кездесіп, облыстың туризм әлеуеті жайында әңгімелесті.
Кездесу барысында облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасымен туризм саласында қолға алынып жатқан жобалар туралы айтып, әншіні 2025 жылы Ақтау қаласында өтетін Түркі әлеміне ортақ мерейлі іс-шараға қатысуға шақырды.

– Димаш, қасиетті Маңғыстау жерінде сені көргенімізге өте қуаныштымыз. Сенің бұл сапарың – облысымыздағы туризмді дамытуға зор серпін береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Маңғыстаудың туризм саласындағы әлеуетінің жоғары екенін айтып, дамытуды тапсырған болатын. Бүгінде біз бұл салаға тың серпін беру үшін инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, туристер үшін қызмет сапасын жақсарту бағытында жұмыстанып жатырмыз. Баку және Дубай қалаларының үлгісімен Ақтау қаласының бас жоспарын қайта қарау мәселесін қолға алдық. Туристерді тарту мақсатында «Жылы жағажай» аумағында бірқатар жоба жасалып жатыр. Бұйырса Ақтауды ірі курорттық орталыққа айналдыру жоспарымызда бар, — деді Нұрдаулет Қилыбай.

Керемет! Тағы бір игі істі қолға алыпты👍


2️⃣
Үкімет бизнесті қолдау шараларын қайта қарады.

Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойған тапсырмасын орындау мақсатында үкімет «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктірген Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға арналған кешенді бағдарламаны әзірлеп, қабылдады.
Кәсіпкерлікті дамыту саласында мемлекет жүргізіп отырған саясаттың қазіргі күн тәртібі мен мықты, бәсекеге қабілетті кәсіпорындар құру қажеттігін ескере отырып, жаңа бағдарлама аясында тиімді жобаларға қолдау көрсету көзделген. Сонымен қатар жаңа жобаларды субсидиялау үшін бюджетті бөлу негізінен өңдеу өнеркәсібі саласындағы (шамамен 50%) кәсіпорындар арасында жүзеге асырылады.
Сондай-ақ бюджетке түсетін жүктемені азайту үшін қызмет көрсету саласындағы жобаларды субсидиялау мерзімі 5 жылдан 3 жылға дейін қысқартылды. ШОБ жобаларын субсидиялаудың сараланған әдісі қарастырылған, бұл кезең-кезеңімен нарықтық жағдайларға көшіруді көздейді.
Субсидиялауға жататын жекелеген қызмет салалары оңтайландырылды. Несиелер бойынша кепілдік беру құралы кеңейтілді, атап айтқанда, кепілдіктер сомалары ұлғайтылды, бизнес субъектілеріне 1 млрд теңгеден асатын несие сомаларына нарықтық шарттар бойынша кепілдік алу мүмкіндігі берілді.

Бұған қоса, бағдарламада мемлекеттік қолдаудың баламалы құралы ретінде синдикатталған несиелеу қарастырылған, ол бір мезгілде бірнеше банк арқылы 15 млрд теңгеге дейін ірі жобаларды қаржыландыруды көздейді.

Сондай-ақ облигациялық қарыздар беру шарттары едәуір кеңейтілді. Мәселен, эмитент-кәсіпкер облигация шығару кезінде купондық сыйақы мөлшерлемесіне субсидия алып, 5 жыл мерзімге дейін 6% мөлшерлемемен 5 млрд теңгеге дейін қаржыландыруды тарта алады.
Биылғы 6 айда жаңартылған бағдарлама аясында субсидиялар мен кепілдіктер түріндегі қолдау шараларымен Қазақстанда шамамен 14 мың бизнес жобасы қамтылды: субсидиялау бойынша – 566 млрд теңгеге 8 624 жоба, кепілдік беру бойынша – 178,9 млрд теңгеге 5 381 жоба.
Жақын арада өндірістің технологиялық күрделілігіне қарай мемлекеттік қолдаудың сараланған тетіктерін енгізу жоспарлануда. Жоғары технологиялық дайын өнім шығаратын кәсіпкерлер үшін қолдау шаралары ұзақ мерзімге арзандатылған несие беруді қамтитын болады.

Көп адамға мүмкіндік берілмек🔥

3️⃣ Қарағанды облысында бірнеше оқу орны лицензиясынан айрылды.

Қарағанды облысында бірнеше орта арнаулы оқу орнының лицензиясын қолдануды тоқтататылды, деп хабарлайды Қарағанды облыстық прокуратурасы.
Прокуратура орта арнаулы білім беру ұйымдарын тексеріп жатыр.

«Теміртау қаласындағы білім беру ұйымдарының білім беру және медицина саласындағы міндетті стандарттар бұзылған. Атап айтқанда, педагогикалық жұмыспен біліктілік санаттары жоқ және біліктілігін арттыру курстарынан өтпеген оқытушылар айналысқан», — дейді прокуратура.

Оқытушылардың арнайы анықтамалары да болмаған.

«Олардың соттылығы, медициналық қарсы көрсетілімдері, психиатриялық және наркологиялық есепте тұрған, тұрмағаны туралы анықтамалары жоқ. Білім беру ұйымдарының Жарғылық құжаттары белгіленген талаптарға сәйкес келмейді, студенттерді оқуға қабылдау тәртібі бұзылған, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрілік және медициналық бұйымдар сақталған», — дейді ведомство.

Ал техникалық-экономикалық колледжде 12 оқытушы біліктілігін арттырмай сабақ берген болса, жоғары политехникалық колледжде 5 мұғалімнің біліктілік санаты мүлдем жоқ.
Прокуратураның қадағалау актісімен үш білім беру ұйымы білім беру қызметіне мемлекеттік лицензиясынан айырылды. Кінәлілер жауапқа тартылып, 4 мыңнан астам студенттің құқығы қорғалды.

Қатаң тексеріс жүргізіліпті📌