Бокс, Азия чемпионаты, Жұмыс. 11 ақпанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 11 февраля, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!🔥

1️⃣ 2029 жылға қарай 2,3 млн жас қазақстандық жұмыспен қамтылады.

ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте жастар саясаты және мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту тұжырымдамаларының жобалары қаралды. Бұл тураоы үкімет басшысының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Жастар саясаты тұжырымдамасының жобасы 6 бағыт пен 10 нысаналы индикаторды және 72 іс-шараны қамтитынын айтты.
Негізгі новеллалардың бірі – жастармен жұмыс істеу және олардың проблемаларын шешу бойынша әкімдіктер жұмысының тиімділігін бағалауға мүмкіндік беретін Жастарды дамыту индексін енгізу.

«Біз 2029 жылға қарай мемлекеттік қолдау шаралары туралы жастардың хабардарлығын 90%-ға дейін, волонтерлік, қайырымдылық және экологиялық бастамаларға тартылу деңгейін 32%-ға дейін арттыруды көздеп отырмыз», — деді Қыдырәлі.
Сонымен қатар тұжырымдама жобасы жас кәсіпкерлердің үлесін 30%-ға дейін, жұмыспен қамту орталықтарына жүгінгендер арасынан жұмысқа орналастырылған жастардың үлесін 61%-ға дейін ұлғайтуды көздейді.
2029 жылға қарай 2,3 млн жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр, оның 1 миллионы – ауыл тұрғындары. Сондай-ақ ауылдық жерлерде тұратын 1,5 млн жас қазақстандық цифрлық сауаттылыққа оқытылады.

1,5 млн оқушы орны ашылады

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2023-2029 жылдарға арналған мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту тұжырымдамасының жобасын ұсынды.
Үш ауысыммен оқытатын және апатты мектептерді, оқушы орындарының тапшылығын жою арқылы жайлы және қауіпсіз білім беру ортасын құру жөнінде шаралар қабылданады. Мәселені шешу үшін 1,5 млн жаңа оқушы орны ашылмақ. Мектептер қауіпсіздік жүйелерімен толық жабдықталады. 2026 жылға қарай ауылдарда, шағын қалаларда және аудан орталықтарында 5 мың мектеп жаңғыртылады.

Балалардан шығармашыл, интеллектуал және физикалық тұрғыдан жетілген тұлға қалыптастырып шығару үшін жағдай жасауға, сондай-ақ балалардың сапалы сауығуы мен демалысын қамтамасыз етуге қажетті деңгейде көңіл бөлінеді.

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде қазақстандық жастардың колледждерде сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін білім алуына баса назар аударылды.

Ал сен қай салада жұмыс істейсің? Немесе істегің келеді?🤔

2️⃣ Астанада жеңіл атлетикадан Азия чемпионаты басталды.

10 ақпан елордадағы «Qazaqstan» спорт кешенінде жабық алаң ішіндегі жеңіл атлетикадан Х Азия чемпионатының ашылу салтанаты өтті. Рәсімге Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов қатысты.

Үкімет басшысы шараны аша отырып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды, деп хабарлайды премьер-министр сайты.

«Спорт шекара талғамайды, мемлекеттер мен халықтардың достығын нығайтып, жақындастыра түседі. Қазақстан спорт саласына айрықша мән береді. Елімізде азаматтардың кәсіби және бұқаралық спортпен айналысуы үшін барлық жағдай жасалған. Бұл саланың инфрақұрылымын дамытуға көп көңіл бөлінеді. 6 мыңнан астам адам сиятын Жеңіл атлетика кешені – осының айқын дәлелі. Қазақстан спортшылары көптеген дүбірлі додада топ жарып, ел абыройын асқақтатып жүр. Олар өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болып, жастарды жарқын жеңістерге бастайды. Азия біріншілігінің Астана төрінде өтуі елімізде жеңіл атлетиканы дамытуға тың серпін береді деп сенемін», — делінген Мемлекет басшысының құттықтау сөзінде.
Президент жеңіл атлетика саласындағы халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық нығая түсетінін атап өтті.

Ал Әлихан Смайылов барлық спортшыға сәтті өнер көрсетуді, ал Қазақстан ұлттық құрамасына жеңіс тұғырына көтерілуді тіледі.

Чемпионатты тамашалауға бардың ба?😍

3️⃣ Марокко елінде өткен турнирде Қазақстанның боксшы қыздары 1-орын алды.

Халықаралық турнир 2-10 ақпан аралығында Маррокконың Марракеш қаласында өтті. Онда барлығы 34 елден келген былғары қолғап шеберлері бақ сынады. Қазақстан атынан барлығы 12 боксшы ойын көрсетті.

Нәтижесінде қазақстандық спортшылар барлығы 10 медальға қол жеткізді. Оның ішінде бесеуі – алтын, екеуі – күміс, үшеуі – қола.
«Алтын» алғандар қатарында Алуа Балқыбекова (48 келі), Назым Қызайбай (50 келі), Жайна Шекербекова (54 келі), Карина Ибрагимова (57 келі) және Валентина Хальзова (75 келі) бар.

Әлемдік аренадан көріне берейік!👏🏻👏🏻👏🏻