Бокс, Қоқыс, Мопед. 28 наурыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 28 Наурыз, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Қазақстанда мопедтер мен электросамокаттарға қатысты жаңа өзгерістер қабылданады.

Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазір мопедтер мен самокаттардың қызметін реттейтін түзетулердің екінші пакеті әзірленген. Оны қабылдағаннан кейін түбегейлі өзгеріс болады.

«Біріншіден, қозғалтқыштың көлеміне қарамастан барлық мопед көлік саналады. Оны басқару үшін А1 санатындағы жүргізуші куәлігі мен жасыңыз 16+ болуы керек. Осылайша, біз барлық мопедті есепке қоямыз және тіркейміз. Бүгінде елімізде бұл жүргізушілер ешқандай жауапкершілікке тартылмайды», – дейді Лепеха.

Қандай өзгеріс енгізілгенін қалайсыз?🤔

2️⃣ Алматылықтарға қоқыс қалдығын рұқсатсыз жерлерге тастағаны үшін ірі көлемде айыппұл салынуы мүмкін.

Синоптиктердің болжауынша, Алматыда 28-30 наурыз аралығында жаңбыр жауады.

Коммуналдық қызметтер жауын-шашынға алдын ала дайындалып, арықтарды тазартып жатыр. 27 наурыздағы жағдай бойынша 985 тонна қоқыс пен қалдық шығарылды. Әкімдіктің мәліметінше, барлық арық желісі тазартылған.

«Су тасқынының алдын алу үшін азаматтардан арықтарды, ағынды су арналары мен каналдарға қоқыс тастамауларын сұраймыз. Сонымен қатар, мұндай әрекетке барғандар Қазақстанның әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің (ӘҚБтК) 505-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын хабарлаймыз», – деп хабарлады Алматы әкімдігі.

Айта кету керек, аталған Кодекстің 505-бабы бойынша 20 АЕК (2024 жылы бұл 73 840 теңге) мөлшерінде айыппұл салу көзделген.

Әкімдік жауын-шашын кезеңінде су тасқынының алдын алу үшін мотопомпалармен және суды тереңдету құралдарымен жабдықталған 52 жедел мобильді топ кезекшілікте болатынын айтты. 2 мың құм салынған қап дайындалды. Аудан әкімдіктері жұмыс барысын бақылау үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырады.

Дұрыс шешім👍

3️⃣ Бокстан өткен “Ұлы Жібек жолы” халықаралық турнирінде Қазақстан құрамасы 3 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды.

Сайыс Әзербайжан астанасы Бакуде өтті.

Қазақстан қоржынына алғашқы алтынды 60 кг салмақта Талғат Сырымбетов салды. Ал 71 кг салмақта өнер көрсеткен Дархан Дүйсебай соңғы бәсекеде өзбекстандық Бекзод Хамидовтан басым түсті.

Сонымен қатар Сағындық Тоғамбай көрермен мен төрешілерді таңғалдырды. Ол 92 кг салмақта 2020 жылғы Токио олимпиадасының қола жүлдегері, 2021 жылғы әлем чемпионы, 2023 жылғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, Әзербайжан атынан шығып жүрген атақты кубалық Лорен Берто Альфонсо Домингесті үш раунд бойы соққыға жығып, ерекше күш сынасты.

Құтты болсын!👏🏻