Болашақ Сүйекенов,Гимнастика, Диплом.2-ші қарашаның топ жаңалықтары

Автор: редактор 02 Қараша, 2022


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!🔥

1️⃣ Он бес жастағы қазақстандық Болашақ Сүйекенов әлем чемпионы атанды.

Бұл туралы Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Абу-Даби қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында 15 жастағы Болашақ Сүйекенов 38 келі салмақта сынға түсті.

«Біз шәкірттерімізді ұзақ уақыт бойы дайындадық. Әлем чемпионатына қатысу үшін үлкен күш-жігер, үздіксіз жаттығу, қажырлы еңбек қажет. Әлі де спортшылармыз қатысып, өнерін көрсетуде. Жарыс жоғары деңгейде өтіп жатыр», – деді бас жаттықтырушы Айбар Есенғалиев.

Айта кетері, дүбірлі додада Қазақстан құрамасы жалпы есепте жеке дара көш бастап келе жатыр.
29 қазанда басталған жарыс 8 қарашаға дейін жалғасады. Әлем біріншілігіне 65 мемлекеттен 1500 спортшы, соның ішінде өңірден 28 спортшы қатысып жатыр.

Құтты болсын!👏🏻👏🏻👏🏻

2️⃣ Елімізде диплом мен аттестат енді QR-код арқылы беріледі.

Бұл туралы Үкімет отырысында еліміздегі білім беруді дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын талқылау кезінде Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты.

«Мектептердегі оқулықтарды таңдау мен мониторингілеу цифрлы форматқа көшіріледі. Аттестаттар мен дипломдар QR-кодпен цифрлық форматта беріледі. Әр оқушының цифрлық профилі енгізіледі. Онда оқушының балабақшадан бастап мектеп немесе колледж бітіргенге дейінгі академиялық, әлеуметтік жетістіктері, бағалары, құзыреттер картасы қалыптастырылады», – деді А.Аймағамбетов.

Осы орайда министр ең қажет деген қызметтер толығымен eGov пен ірі банктердің мобильді қосымшаларында қамтылатынын айтты.

Бұдан бұрын хабарланғандай, балабақшаларда балаларды ерте дамытудың жаңа моделі енгізіліп жатыр. Осы орайда ондағы бағдарлама да, оқыту әдістері да түбегейлі өзгереді.

Сонымен қатар, мектептерге арналған жаңа мемлекеттік стандарттар мен оқу бағдарламалары әзірленіп жатыр.

Бүгін Үкімет отырысында білім беруді дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасы бекітілді.

Бұл өзгеріске қалай қарайсың?😉

3️⃣ Спорттық гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасының лидерлері Милад Карими мен Нариман Құрбанов Ұлыбританияда өтіп жатқан әлем чемпионатының финалына шықты.

Карими еркін жаттығулардағы іріктеуден сәтті өтті. Ол 14.733 ұпай жинап, үшінші орынмен финалға өтті.
Құрбанов та іріктеу кезеңін үшінші болып аяқтады. Ат үстіндегі жаттығуларда төрешілер оның өнерін 15,033 ұпаймен бағалады.

Керемет!😍😍😍