Болат Сақаев,Шенеуніктер, Шәкіртақы. 14 сәуірдің топ жаңалықтары

Автор: редактор 14 апреля, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Еркін күрестен Азия чемпионатында қазақстандық Болат Сақаев жеңімпаз атанды.

Еркін күрестен 79 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Болат Сақаев өзбекстандық Бекзод Абдурахмоновты ұтып, Азия чемпионы атанды.

Есеп 7:4. Айта кетейік, Сақаевтың қарсыласы Токио Олимпиадасында қола жүлде (74 кг) жеңіп алған тəжірибелі палуан. Бұл біздің құраманың Астанада өтіп жатқан құрлық бəсекесіндегі 5 — алтын жүлдесі.
Бұған дейін Санжар Досжанов, Жәмилə Бақбергенова, Эльмира Сыздықова мен Ибрагим Магомадов алтын медаль жеңіп алған.

Құтты болсын!🔥👏🏻

2️⃣ Мемлекет әлеуметтік осал топтардан шыққан студенттердің жатақханада тұру ақысын субсидиялауды жоспарлап отыр.

Мемлекет әлеуметтік осал топтардан шыққан студенттердің жатақханада тұру ақысын субсидиялауды жоспарлап отыр. Ғылым және жоғары білім министрлігінің тиісті қаулы жобасы Ашық НҚА сайтында жарияланды.

«Мемлекет студенттің техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарында оқу кезеңінде жатақханаларда тұрғаны үшін жылына 29 АЕК-тен аспайтын шығысын өтейді», — делінген құжатта.

Министрліктің мәліметінше, қазір еліміздің жоғары оқу орындарында халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан 168 150 студент білім алып жатыр.

«Республикалық бюджетке бір мезгілде ауыртпалық түсірмеу үшін бұл тапсырманы кезең-кезеңімен жүзеге асыру ұсынылып отыр», — деп хабарлады ведомство.

Бірінші кезеңде мемлекеттік әлеуметтік көмекке аса мұқтаж студенттердің шығыны субсидияланады:

жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттер (2769 адам);

мүгедектер, бала кезінен мүгедектер, мүгедек балалар (1667 адам).
Үш жылдық бюджетке шамамен 1,1 млрд теңге қосымша қаражат қажет болады, деп есептеді ғылым министрлігі.

📌 Жоба 26 сәуірге дейін порталда қоғамдық талқылаудан өтеді.

3️⃣ Шенеуніктерге қазақ тілінен тест тапсыру міндетті болуы мүмкін.

Қазақстанда мемлекеттік қызметке кіру кезінде қазақ тілін білуге арналған тест тапсыру міндетті болуы мүмкін. Тиісті құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды

ҚР ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің порталында «Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» Үкімет қаулысының жобасын орналастырды.

«Мемлекеттік қызметшілерге, қызмет көрсету органдарына және т.б. қызметке кіру кезінде «Қазтест» жүйесі арқылы заңнамалық тестілеуден өту міндеттері енгізілмеген. Бұл мәселені қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізу арқылы шешу қажет», — делінген құжатта.

Мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау мақсатында мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда жұмыс істейтін сала мамандары «Қазтест» сертификатын алуға міндеттейтін нормаларды енгізуді пысықтайтыны айтылды.

Жоба 25 сәуірге дейін қоғамдық талқылауда қалады.

Егер енгізілсе, керемет бастама болатын еді.👍 Сіз қалай ойлайсыз?)