Бот, Жетекші, Институт. 30 қазанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 30 октября, 2023


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Елімізде азаматтарының дербес деректері бар бірнеше Telegram-бот бұғатталды.

Мәселен, 28 қазанда бұғатталған Telegram-боттың қызметі азаматтардың құпиялылығына және олардың дербес деректерінің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірген.

«Дербес деректердің таралып кету қаупін азайту және оларды заңсыз жинау және өңдеу фактілерінің жолын кесу мақсатында азаматтарды мұндай Telegram-боттарды пайдаланбауға және насихаттамауға, сондай-ақ өздерінің дербес деректерін жалпыға қолжетімді көздерде және әлеуметтік желілерде қалдырмауға шақырамыз», — дейді Қазақстан цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мамандары.

Мұндай Telegram-боттардың иелері ID, аты, тегі, лақап аты, «өзі туралы» бөлім және қосымшада орнатылған тіл арқылы адамдардың жеке деректерін жинай алады. Оған қоса, аккаунтқа кіру, жазбаға қол жеткізу және пайдаланушы атынан хабарлама жіберу мүмкіндігі бар.
Министрлік осындай Telegram-боттар анықталған жағдайда бірден хабар беруді сұрап отыр.

Әлеуметтік желіні қолданғанда абай болыңыздар!☝🏻

2️⃣ Маңғыстау және Атырау облыстарының талапкерлері Қазақстанның 41 жетекші ЖОО-да оқуға мүмкіндік алды.

Ғылым және жоғары білім министрлігі оның ішінде Атырау облысының жастарына 1500 грант, Маңғыстау облысының – 1500, Түркістан облысының – 500, Шымкент қаласының — 400, Абай облысының — 500, Жетісу облысының — 300, Ұлытау облысының — 300 грант бөлінгенін атап айтты.

Ведомсто мәдіметінше, бөлінген гранттар толықтай игерілді.

«2022 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша білім беру грантының жаңа түрі – «Халық тығыз орналасқан және батыс өңірлердегі жетекші жоғары оқу орындарында жастарды оқытуға арналған нысаналы білім беру гранты» айқындалды. Бұл Атырау және Маңғыстау облыстарының мектеп түлектеріне жоғары оқу орындарында оқу үшін нысаналы гранттар алуға мүмкіндік берді», — делінген хабарламада.

Білім беру гранттары педагогикалық ғылымдар, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары сияқты дайындық бағыттары бойынша бөлінген.
Нысаналы білім беру гранттарының негізінде Маңғыстау және Атырау облыстарының талапкерлері еліміздің 41 жетекші ЖОО-да оқуға мүмкіндік алды.

5000 грант бөлінді😍 Ал сіз қай өңірденсіз?)

3️⃣ Қазақстанда Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институты құрылады.

Су ресурстары және ирригация министрлігі тиісті қаулының жобасын әзірледі.

Институт Каспий теңізінің экологиялық және су деңгейінің төмендеу мәселелерін, итбалықтармен балықтардың жаппай қырылу себептерін, Каспий итбалықтарының популяциясын сақтау, ихтиофаунаны, акваториясы мен Каспий жағалауын зерттейтін болады. Сондай-ақ Каспий бойынша шекаралас мемлекеттердегі әріптестермен өзара тығыз іс-қимылды қамтамасыз ету бағытында да жұмыс жүргізеді.

Институт Каспий теңізі экожүйесінің барлық бағыттары бойынша объективті және тәуелсіз ақпарат жинақтайды. Бұл деректер мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың кешенді іс-шаралар қабылдауы үшін негіз болады.

Сонымен қатар, ғылыми ұйым құру Каспийді сақтау жөніндегі халықаралық және ұлттық міндеттемелерді толық көлемде орындауға мүмкіндік береді.
«Мемлекет басшысы кешенді іс-шаралар қабылдау үшін Маңғыстау облысында Каспийді зерттеумен айналысатын мемлекеттік ғылымии нститут құруды тапсырды. Институт құру – мәселені жан–жақты зерделеуге, ауқымды міндеттерді шешуге мүмкіндік береді», — деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Мұнда итбалықтармен балықтардың жаппай қырылу себептері зерттеледі.📌