Ұбт, 25 мамыр, Су тасқыны. 30 сәуірдің топ жаңалықтары

Автор: редактор 30 Сәуір, 2024


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Ел мектептерінде соңғы қоңырау 25 мамырда соғылатын болды.

Бұған дейін еліміздегі су тасқынына байланысты соңғы қоңырау салтанаты өткізілмейтіні айтылған-ды. Бұл ақпарат қоғамда біраз талқыға түсіп, көпшілігі қарсылық танытты. Бүгін ҚР Оқу-ағарту министрлігінің аппараттық отырысында министр Ғани Бейсембаев еліміздегі 186 мың мектеп бітіруші үшін оқу жылының аяқталуына арналған соңғы қоңырау шарасын 25 мамырда өткізуді тапсырды.

“Биылғы оқу жылы 25 мамырда аяқталатынын қатаң ескертемін. Осыған орай оқу бағдарламасын жыл бойына табысты меңгерген 3,8 миллионнан астам оқушы келесі сыныптарға көшірілсін. Мектептің 1-10 сынып оқушыларына «Білімім Отаныма» тақырыбындағы бірыңғай сынып сағатын өткізу 24 мамыр жұма күніне жоспарлансын. Бұл былтырғы жылдың қыркүйек айында енгізілген “Біртұтас тәрбие бағдарламасы» шеңберінде қабылданған жоспарға сәйкес ұйымдастырылуы тиіс. Әріптестеріміздің ұсынысы бойынша елімізде мамыр айында “Ынтымақ айы” айлығын өткізу жоспарланған. Оның аясында “Таза Қазақстан”, “Игі істер”, «
“Каникулда кітап оқиық” және басқа шаралар қарастырылған. Сонымен қатар, еліміздегі 186 мың мектеп бітіруші үшін оқу жылының аяқталуына арналған соңғы қоңырау шарасын 25 мамырда өткізуді тапсырамын”, — деді министр.

Жиын барысында Ғани Бейсембаев төтенше жағдай кезінде эвакуациялық пункте балалар мен тұрғындарға психологиялық көмек көрсеткен 400 ден астам мектеп психологы, өз міндетін атқара жүріп, келген қиындықты елмен бірге еңсеруге қатысқан 29 мыңнан астам педагог пен білім саласы қызметкерлерінің өлшеусіз еңбегін ерекше атап өтті.

Біраз баланың көңіл күйі құлазып қалған еді. Дұрыс болды👍

2️⃣ Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу еліміздің әр аймағында әртүрлі уақытта басталады.

“Төтенше жағдай режимі жарияланған 6 облыс талапкерлері үшін ҰБТ кейінірек басталады. Атап айтқанда, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары үшін ҰБТ-ға тіркелу 6 мамырдан 20 мамырға дейін, ал тестілеу 25 мамыр мен 12 шілде аралығында өтеді”, – деген ақпарат таратты Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Қалған өңірдің талапкерлері үшін ҰБТ-ға өтініштерді қабылдау мерзімі – 6 мамырдан 14 мамырға дейін. Ал ҰБТ 16 мамырда басталып, 5 шілдеге дейін жалғасады.

Сондай-ақ, министрлік 2024 жылы барлық талапкер Ұлттық бірыңғай тестілеуді екі рет тапсырып, үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алатындығын хабарлап отыр.

📌 Төтенше жағдай режимі жарияланған 6 облыс талапкерлері үшін ҰБТ кейінірек басталады екен.

3️⃣ Су тасқынына байланысты 5 мыңнан астам отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы Мадияр Уақпаев мәлім етті.

“Су басқан өңірлерде 15 мыңнан астам тұрғынға әлеуметтік қолдау көрсетілді. Оның ішінде төтенше жағдай жарияланған өңірлерде 5 мыңнан астам отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Олар мемлекеттік органдарға жүгінген жоқ, көмек автоматты түрде тағайындалды. Сонымен қатар 2 мыңнан астам мүгедек жанның қайта куәландыру мерзімі кейінге шегерілді, жалпы бұл шара шамамен 4 мың мүгедек жанды қамтиды, оның ішінде балалар да бар”, – деді Мадияр Уақпаев “Хабар” телеарнасының эфирінде “Біз біргеміз!” жалпыұлттық телемарафонына қатыса отырып.

Бүгін елімізде “Біз біргеміз!” жалпыұлттық телемарафоны өтіп жатыр.

Бұл автоматты түрде жүзеге асады екен.🙌🏻