ҰБТ, Қашықтықтан оқыту, Оқушы формасы. 10 қаңтардың топ жаңалықтары

Автор: редактор 10 января, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!🔥

1️⃣ Қаңтарда өтетін ҰБТ-ға 125 мың өтініш түсті.

Тестілеу 10 ақпанға дейін жалғасады.
Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, тестілеуге қатысуға 125 мыңға жуық өтініш түскен.

«Қаңтардағы ҰБТ-ға ЖОО-ға шартты түрде қабылданған, ЖОО-да оқитын шығармашылық мамандықтардан даярлықтың басқа бағытына ауысқысы келетін, ақылы педагогикалық бағытқа ауысқысы келетін ЖОО-да оқитын студенттер, сондай-ақ қалауы бойынша ЖОО-ға ақылы негізде түскісі келетін мектеп түлектері қатысады», — деп нақтылады тестілеу орталығында.

«Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпарат технологиялары», «Ақпарат қауіпсіздігі» білім беру бағдарламаларының топтарына түсуге ниет білдірушілер ҰБТ-ны «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша тапсырады.
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Ембаевтың айтуынша, талапкерлер үшін 11 білім беру орталығы тегін онлайн сабақтар өткізеді.

ҰБТ тапсыратын оқырмандарымызға сәттілік тілейміз! 🙌🏻

2️⃣ Оқу-ағарту министрлігі оқушыларға пиджак орнына кардиган киюге рұқсат берді.

Ведомствоның баспасөз қызмктінің мәліметінше, қазіргі мектеп формасы пиджак, жилет, шалбар, белдемше және жейдеден тұрады. Ендігіде оқушыларға пиджак пен жакетті тоқылған күртеше/кардиганға (түймелері немесе сыдырмасы бар), күнделікті киетін жейдені поло жейделерге ауыстыруға болады. Алайда киімнің түсі, стилі және басқа да тұстары мектеп әкімшілігімен келісілуі керек.

«Жалпы мектеп формасына қойылатын талаптар өзгермейді. Бұл жерде әңгіме тізімді толықтыру және таңдау мүмкіндігін беру жайында болып отыр. Бұған дейін ата-аналар бұл мүмкіндіктің балалар үшін ыңғайлы екенін айтып, қарастыруды сұраған болатын. Өйткені сабақ кезінде ресми костюм кию балалардың барлығына бірдей ыңғайлы емес. Сол себепті балама ретінде ыңғайылырақ киіммен келуге рұқсат беру ұсынылды. Мысалы, ресми пиджак немесе жакет орнына тоқылған күрте/кардиган және күнделікті жейде орнына поло жейде.
Шешімді мектеп әкімшілігі, қамқоршылық кеңесі және мектептің өзін-өзі басқару кеңесі қабылдайды. Бұл толықтырулар келесі жылы мектептерде шешім қабылдауға жеткілікті уақыт болуы үшін алдын ала басталып отыр. Бірақ бұл мектептер бекітілген талаптарды міндетті түрде қайта қарауы керек дегенді білдірмейді. Бұл қажет болған жағдайда пайдалануға болатын қосымша мүмкіндік пен нұсқа ғана», — деп түсіндірді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Райынбекқызы.

Ал сен бұл өзгеріске қалай қарайсың?🤔

3️⃣ Қазақстандағы бірқатар өңірде оқушылар қашықтан оқуға ауыстырылды.

10 қаңтарда қатты аязға байланысты Қостанай, Павлодар, Екібастұз және Қарағанды қалаларының оқушылары қашықтықтан оқытуға көшірілді.

Қостанайда 33 градус аяз болғандықтан, мектеп оқушылары қашықтан білім алып жатыр. Ауыл мектептерінде де офлайн сабақтар тоқтатылды. Мәселен, Әулиекөл ауданында бүгін минус 39 градусты көрсетіп тұр.

Павлодар қаласының мектептерінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының бірінші ауысымындағы 1-11 сыныптары, колледждердің 1 курс студенттерінің сабақтары қашықтықтан оқыту форматына көшірілді. Қалада ауа температурасы минус 30 градус, жел секундына 5 метр.

Екібастұзда бірінші ауысымдағы 0-4 сынып оқушылары қашықтан оқиды. Ауа температурасы минус 27, жел секундына 5 метр.

Қарағандыда ауа райының қолайсыздығына байланысты бірінші және екінші ауысымдағы 0-9 сынып оқушыларының сабақтары қашықтан оқыту форматына көшірілді.

Сенің өңіріңде ауа райы қалай?😯