ҰБТ, Азия дауысы,Бурабай. 19 шілденің топ жаңалықтары

Автор: редактор 19 Шілде, 2023


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Шекті балл жинай алмағандар тамыздағы ҰБТ-ға қатысып, ақылы оқуға түсе алады.

Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеді.

ҰБТ-ға тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының сайтында app.testcenter.kz жүргізіледі. Тестілеудің өзі 10 тамызда басталады.

Министрліктің ақпаратынша, тамыздағы ҰБТ шекті балл жинай алмаған талапкерлерге тестілеуден қайта өтіп, жоғары оқу орнына ақылы негізде түсуге мүмкіндік береді. Тіркелу кезінде тест тапсыратындар емтихан өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды.

«Өкінішке қарай, қаңтар-шілде аралығында өткен ҰБТ-да кейбір талапкерлер шекті балл жинай алмады. Біз осы балалардың ақылы бөлімге түсу мүмкіндігі болуы үшін тамыз айында қайта тестілеуден өтуге жағдай жасадық. Оқуға түсу үшін шекті балл және әр пәннен кемінде 5 балл жинау қажет», – деді ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Айта кетері, негізгі ҰБТ-ға қатысқан талапкерлер бейіндік пәндер комбинациясын өзгерте алады.
Сондай-ақ, өз мамандығы бойынша ЖОО-да ақылы негізде оқуды жалғастырғысы келетін колледж түлектері оқуға әңгімелесу қорытындысы бойынша қабылданады. Бұл ретте оқуға қабылдауды ЖОО-ның қабылдау комиссиялары жүзеге асырады.

Барлық бес ҰБТ-ның қорытындысы бойынша шекті балл жинай алмаған талапкерлерге ЖОО-ға шартты түрде ақылы негізде оқуға түсу мүмкіндігі беріледі. Ары қарай олар 2024 жылы қаңтар, наурыз, негізгі және тамыз ҰБТ-сына қатысып, ЖОО-да оқуын жалғастыру үшін қажетті шекті балын жинай алады, деп атап өтті ведомство.

Жас түлектерге сәттілік!🙌🏻

2️⃣ Бурабай ауасы өте жоғары деңгейде ластанған өңірлер тізіміне кірді.

«2023 жылғы 2-тоқсанда 69 елді мекеннің ішінен 18 елді мекен атмосфералық ауаның төмен ластану деңгейіне, 23 елді мекен көтеріңкі ластану деңгейіне, 23 елді мекен жоғары ластану деңгейіне, 5 елді мекен өте жоғары ластану деңгейіне жатқызылды», – деп жазылған ақпарат бюллетенінде.

Нақтырақ айтсақ, ластанудың өте жоғары деңгейі Қарағанды, Алматы, Астана, Абай қалалары мен Бурабай кентінде тіркелген.

Ал. ластанудың жоғары деңгейіне 23 елді мекен: Өскемен, Ақтөбе, Шымкент, Орал, Тараз, Талдықорған, Петропавл, Теміртау, Жезқазған, Ақтау, Қандыағаш, Хромтау, Сәтбаев, Рудный, Арқалық, Құлсары, Лисаковск, Түркістан, Талғар, қалалары, Мақат, Индербор кенттері, Кеңкияқ, Жаңбай ауылдары жатқызылып отыр.
Көтеріңкі деңгейдегі ластану Атырау, Балқаш, Семей, Павлодар, Риддер, Аягөз, Ақсай, Көкшетау, Степногорск, Жаңатас, Жаркент, Қостанай, Жітіқара, Саран, Шемонаиха, Жаңаөзен қалалары мен Сазтөбе, Әуәзов, Қарабалық, Шұбаршы кенттерінде, Бейнеу, Қызылсай, Ганюшкино ауылдарында тіркелген. Ластанудың төмен деңгейі Атбасар, Щучинск, Алтай, Ақсу, Шу, Кентау, Қаратау, Қызылорда, Арал, Екібастұз қалаларында, Глубокое, Ақсу, Төретам, Әйтеке би кенттерінде, Қордай, Бөрлі, Ақай, Шиелі ауылдарында байқалған.

Ал сенің тұрып жатқан өңіріңнің ауасы қалай? 😮


3️⃣ 28 шілдеден бастап «Медеу» мұз айдынының тарихи аренасында аты аңызға айналған «Азия дауысы» фестивалінің фанфары қайта шырқалып, үш күндік мереке өтеді.

Бұл фестиваль бұрынғыдан өзгеше. Дәстүрлі халықаралық орындаушылар байқауы болмайды. Бұл – жаңғыру концерті. Байқаудың үш күні тақырыптық мағынасына қарай бөлініп тасталынды.

Фестивальдің ашылуы мен бірінші күніне Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша 30 жасқа дейінгі таланттар рейтингінің қатысушысы Азат Әбікен басқаратын Green Case Event компаниясы жауапты болады. Қазақ өнерінің аңызы Бибігүл Төлегенова бірінші болып сахнаға көтеріледі. Одан кейін халық алдында заманауи қазақ эстрадасының белді әртістері – Молданазар, RaiM, Ерке Есмахан, V$XV PRINCE, Мирас Жүгінісов, Мархаба Сәби, ORYNKHAN, Ирина Кайратовна, ZAQ сынды өнерпаздар шықпақ.
Бірінші күн аса айрықша болмақ. Себебі, біз қызыл кілемі төселген ашылу салтанатын, аты аңызға айналған A-Studio тобының мюзиклінің түсірілімін көреміз. Бірінші күнгі концерт таңғаларлық дрон шоуымен аяқталады.
Фестивальдің екінші күні – сахнада BLACK EYED PEAS! Will.I.Am, Taboo және apl.de.ap көрермендер алдына әлемді таң қалдыратын хиттерімен шығады. Олардың энергиясы Медеуді жаратыны сөзсіз.

Фестивальдің үшінші және соңғы күні аңыздар мен ұрпақтар сабақтастығы идеясын қозғайды. Орталық Азия жұлдыздары – Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Жәмилә Серкебаева, Еркеш Шәкеев, Медеу Арынбаев, Ерлан Көкеев, Әділ Чекилов, Парвиз Назаров, Жылдыз Осмоналиева, Бауыржан Исаев, «Дара» тобы өнер көрсетпек. Ал, Әділ Чекилов пен Парвиз Назаров, Нағима Есқалиева мен Диас Абылаев, Роза Рымбаева екі ұлы Мәди Рымбаев пен Әли Оқаповпен бірге дуэт құрмақ!
Маусым айында Алматы қаласында өткен «Жас қанат» байқауының жеңімпаздары ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың белгісі болмақ. Бір сөзбен айтқанда, «Жас қанат» байқауын көрмесеңіз, «Азия дауысы» фестивалінің арқасында оның үздік қатысушыларымен танысуға тамаша мүмкіндік бар. Ал үшінші күннің басты хедлайнерлері – Ялла және Secret Service топтары.

Сондай-ақ концерттің үшінші күні көрермендерге тағы бір тосын сый ұсынылмақ. 30 шілдеде өтетін концертке билет алғандардың арасында Chevrolet Onix көлігі ойнатылады. Allur Auto ұсынған бұл ұтыс ойыны фестивальге келушілерге таңғажайып эмоцияларды бастан кешіріп, автокөлік ұтып алу мүмкіндігін сыйлайды.

Қазақстан мен Орталық Азияның танымал өнер жұлдыздарының өнерін тамашалап қайтыңыз!😍👍