ҰБТ, Банкрот, Форум. 20 мамырдың топ жаңалықтары

Автор: редактор 20 мая, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

1️⃣ Биыл Қазақстанда Digital Bridge 2024 халықаралық форумы өтпейді.

Digital Bridge 2024 халықаралық IT форумы қыркүйек айының басында Астанада өтуі керек еді, бірақ су тасқынына байланысты ол өтпейтін болды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқынынан болған елдегі күрделі жағдайға байланысты ірі іс-шаралардан бас тарту туралы тапсырмасына сәйкес осы жылдың 5-7 қыркүйегінде Астанада жоспарланған Digital Bridge 2024 халықаралық IT форумын өткізуден бас тарту туралы шешім қабылданды», — делінген хабарламада.

Биыл алтыншы рет өтуі тиіс Digital Bridge 2018 жылы басталып, Орталық Азиядағы IT саласының дамуындағы соңғы трендтер мен келешегін талқылайтын ең үлкен алаңға айналды. 2020 жылы да форум әлемді жайлаған COVID-19 пандемиясына байланысты өткізілмеген.

Биыл көктемгі су тасқыны Қазақстанда соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апатқа айналды.

«Осыған байланысты, ауқымды залалдың салдарын жою және ел азаматтарына көмек көрсету үшін қаржыны үнемдеу мақсатында мемлекет басшысы үкіметке жоспарланған имидждік және басқа да ірі іс-шаралардан бас тартуды тапсырды», — делінген ведомство хабарламасында.

Digital Bridge ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Astana Hub халықаралық технопаркі форумға қатысуға ниет білдіргендердің барлығына алғысын білдіреді. Жағдай тұрақтанған соң, Digital Bridge халықаралық IT форумы 2025 жылы жұмысын жалғастырады.

Айтуларынша, бұған су тасқыны себеп болған көрінеді📌

2️⃣ Қазақстанның Ұлттық тестілеу орталығы қайта құрылды.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің “Ұлттық тестілеу орталығы республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын қайта ұйымдастыру” туралы Үкіметтің 2024 жылғы 10 сәуірдегі қаулысы қабылданды.

“ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығы республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны заңнамада белгіленген тәртіппен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің “Ұлттық тестілеу орталығы” шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны» болып қайта құрылсын”, делінген құжатта.

Кәсіпорынға қатысты мемлекеттік басқарудың тиісті саласын басқару жөніндегі уәкілетті орган болып ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі айқындалды.

Кәсіпорын қызметінің негізгі мәні бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру саласында тестілеу өткізу болып белгіленді.

Қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қаулы қабылданыпты👍

3️⃣ Алматыда мыңнан астам адам банкрот деп танылды.

Алматыда 6,6 млрд теңгеден астам қарызы бар азаматтар “банкрот” деп танылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қарызын өтей алмайтын борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы Айдос Бұдығұлов мәлімдеді.

Мемлекеттік кірістер департаменті өкілінің дерегіне сүйенсек, бүгінде 1 134 азамат “банкрот” деп танылды. Олардың жалпы қарызы — 6,6 млрд теңгеден асады.

“Алматыда банкроттық рәсіміне жеке тұлғалардан 8100 өтініш түсті. Оның 5 980-і кері қайтарылды. Сонымен қатар, 676 өтініш қабылданып, қаржылық мониторинг жүргізу басталды”, – дейді басқарма басшысы.

Бұл тізімге еніп кеткен жоқсыз ба?🤔