Бәріне сәлем!
Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️
1️⃣ ҰБТ сынақ тестілерінің базасы жаңартылды.
Тестілеуден онлайн форматта орталықтың сайтынан өтуге болады.
Байқау сынағы оқуға түсушілерге ҰБТ-ға дайындалуға көмек ретінде әзірленді. Талапкерлерге ҰТО сайтында https://prob-ent.testcenter.kz/ сілтемесі бойынша тегін онлайн тестілеуден өту мүмкіндігі беріледі. Ол үшін тестіленушілерге тек ЖСН теріп, бейіндік пәндердің комбинациясын таңдап, байқау сынағына кірісу қажет.
«Оқу жылының басынан бастап тегін онлайн тестілеу 1,5 млн рет тапсырылған. Атап өтсем, бұл жаттығу тестін біз қазан айында іске қосып, желтоқсанда сұрақтар базасын жаңартқан болатынбыз. Осы жолы балалардың маңызды емтиханға дайындығын жақсарту үшін тағы да бірнеше нұсқа қосу туралы шешім қабылдадық», – деп атап өтті Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
🖍️ Талапкерлерге ҰТО сайтында https://prob-ent.testcenter.kz/ сілтемесі бойынша тегін онлайн тестілеуден өту мүмкіндігі беріледі.
2️⃣ Қазақстанда ұстаздарға арналған конкурс басталды.
Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру педагогтері үшін «Педагогикалық идеялар панорамасы – 2023» республикалық конкурсы бастау алды.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында айтылғандай, педагогтер бейне түріндегі авторлық жұмыстарын 12 бағыттың бірі бойынша ұсына алады:
мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу педагогтері үшін ерте сауаттылық;
оқу сауаттылығы;
математикалық сауаттылық;
жаратылыстану-ғылыми сауаттылық;
цифрлық сауаттылық;
медиа-ақпараттық сауаттылық;
қаржылық сауаттылық;
экологиялық сауаттылық;
денсаулық сақтау сауаттылығы;
әлеуметтік-эмоционалды сауаттылық;
мәдениетаралық сауаттылық;
азаматтық-құқықтық сауаттылық.
Конкурсқа жеке немесе авторлық топпен қатысуға болады — топтағы қатысушылар саны 3 адамнан аспауы тиіс. Мұғалімдердің келесі жұмыстары қабылданады: дәріс, сабақ, практикалық немесе зертханалық жұмыс, семинар, мастер-класс, сандық білім беру ресурсы және бейне подкаст.
Жұмыстар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылуы мүмкін. Конкурс қатысушылары ұсынатын бейнематериалдардың саны шектеулі. Бір педагог немесе бір авторлық топ тек бір бағытқа қатысуға өтінім беріп, бір бейнематериал жібере алады.
Конкурс жұмыстары жеті критерий бойынша бағаланады: өзектілік, дәлелділік, пәнаралық интеграция, әдістемелік құндылық, инновациялылық, сөйлеу мәдениеті мен шешендік шеберлік, аудио/бейнеқатарды беру сапасы.
12 бағыттың әрқайсысында бір І орын, екі ІІ орын және үш ІІІ орын беріледі. Өңірлік және республикалық кезеңдердің барлық қатысушылары қатысу сертификаттары мен жеңімпаздар дипломдарымен марапатталады. YouTube-те ең көп қаралған бейнематериал үшін әр бағыт бойынша мадақтау сертификаты қарастырылған.
Конкурстың барлық марапаттау құжаттары біліктілік санатын беру немесе растауда ескерілетіні туралы айта кеткен жөн.
Қосымша ақпаратты «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының филиалдарында алуға болады.
📌 Конкурстың өңірлік кезеңіне қатысу өтінімдері https://ppi.orleu-edu.kz сайтында қазан айының 10-на дейін қабылданады.
3️⃣ Қазақстанда баспана бағасы арзандады.
Ұлттық статистика агенттігінің мәліметінше, бір жылда (2023 жылғы сәуір 2022 жылғы сәуірге) пәтерлерді қайта сату бағасы – 3,8%, жаңа тұрғын үйлерді сату 7,8% өсті.
Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 2023 жылғы сәуірде 27,6% артты.
Өңірлер бөлінісінде жаңа пәтерлер бағасы жылдық мәнде Ақтөбе – 25,4% және Ақтау – 24,8% қалаларында едәуір қымбаттады. Қолданыстағы пәтерлер нарығында баға өсімі Семей (31,6%), Қызылорда (30,2%), Ақтау (24,8%), Қостанай (23,2%) және Ақтөбе (22,4%) қалаларында байқалды, ал тұрғын үйді жалға алу нарығында баға Көкшетау (45,5%), Петропавл (45,2%), Алматы (43,9%), Ақтау (41,1%) және Қостанай (40,8%) қалаларында айтарлықтай өсті.
Бір айдың ішінде (2023 жылғы сәуір 2023 жылғы наурызға) тұрғын үй нарығында арзандау барлық сегментте байқалды. Атап айтқанда, жаңа тұрғын үйді сату бағасы 0,6%, пәтерлерді қайта сату 1,5% төменедеді. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі алдыңғы аймен салыстырғанда сәуірде 0,5% арзандады.
Бұл ретте, сәуірде тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны өсті. 2023 жылғы сәуірде сатып алу-сату бойынша 31 445 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша 8 096 және пәтерлер бойынша 23 349 мәміле жасалды. 2023 жылдың наурызымен салыстырғанда (24 273) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 29,5%-ға өсті. Мәмілелер саны бойынша Алматы (5 559 – 17,7%) және Астана (4 772 – 15,2%) қалалары көш басында. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 342 бірлік (1,1%).
2023 жылдың наурыз айымен салыстырғанда сәуірде ең көп өсім Қостанай (46,2%-ға), Маңғыстау (45,5%-ға) және Ақтөбе облыстарында (45,2%-ға) тіркелді. Сонымен қатар, оң көрсеткіш еліміздің барлық аймағында байқалды.
2023 жылдың наурызымен салыстырғанда, көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелерінің саны 29,7%-ға (5 351 мәмілеге) өсті. Сәуір айында пәтерлер бойынша барлығы 23 349 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 74,3%-ы. Бөлмелер саны бойынша 2 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды, сәуір айында олардың 8 830-ы ресімделді. Сауданың негізгі үлесі Алматы және Астана қалаларына (41,2%) тиесілі.
2023 жылдың наурыз айымен салыстырғанда, жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны 29%-ға (1 821 мәмілеге) өсіп, 8 096-ны құрады. Өсім барлық аймақ бойынша тіркелді, сандық мәнде ең үлкен өсім Алматы (+248 мәміле), Маңғыстау (+142 мәміле) облыстарында және Шымкент (+131 мәміле) қаласында байқалды.
2023 жылдың сәуірінде тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері былтырғы тиісті айымен салыстырғанда 40,1%-ға азайған, ол кезде 52 520 мәміле ресімделген болатын. Төмендеудің ең үлкен көрсеткіші Қарағанды облысында (-68,2%-ға) байқалды. Сонымен қатар, теріс көрсеткіш еліміздің барлық аймағында тіркелді. 2023ж. қаңтар-сәуір айларындағы мәмілелер саны 2022ж. қаңтар-сәуірмен салыстырғанда да теріс динамика көрсетті – -48%.
Осы жылы сізге де баспаналы болу бұйырсын!🤲🏻😍