ҰБТ, Димаш Құдайберген, Автокөлік. 22 мамырдың топ жаңалықтары

Автор: редактор 22 Мамыр, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі бойынша талапкерлерден грантқа құжат қабылдау 13 шілдеде басталады.

Бұл туралы ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев мәлімдеді.

Негізгі ҰБТ 16 мамырда басталған болатын. Ерғалиев осы тестілеу нәтижесінде түлектер мемлекеттік грант конкурсына қатыса алатынын атап өтті. Оның айтуынша, биыл негізгі ҰБТ-ға 166 мың талапкер өтініш берген.

«Грантқа құжат қабылдау және иегерлер тізімін жариялау күндерінде биыл өзгерістер жоқ. Яғни 13-20 шілде аралығында грантқа құжат қабылдауды, ал грант иегерлерінің тізімін 10 тамызға дейін жариялауды жоспарлап отырмыз. Жоғары оқу орындарына қабылдау әдеттегідей 25 тамызға дейін жүзеге асырылады», – деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Жас түлектерге сәттілік тілейміз!🤲🏻

2️⃣ Димаш Құдайберген өз өмірі жайлы жаңа бейнебаянын жарыққа шығарады.

Бұл туралы ол әлеуметтік желіде хабарлады.

«Өмір – ақ пен қара алмасқан, бақ пен нала арбасқан, қуаныш пен қайғы таласқан, теңдессіз алып кеме. Айдындағы сұрапыл толқынға да, дауылға да төтеп беруіме түрткі болып жүрген барша тыңдарманыма туған күнімнің қарсаңында шығатын, алғаш рет әуені мен сөзі жан дүниемді жарып шыққан шығарма. Бұл туынды менің өмірім жайында», – деп жазды Димаш жеке парақшасында.

Жаңа бейнебаян 24 мамырда әншінің YouTube арнасында жарыққа шығады.

Өнер иесі 24 мамырда жаңа бейнебаянын таныстырады.😍👍

3️⃣ Автокөлік тарихын онлайн тексеруге болады.

Қазақстанда автокөлік тарихын онлайн-режимде көруге болады. Ішкі істер министрлігі іске қосқан «автокөлік тарихы» қызметі азаматтарға автокөлік сатып алғанда оның тарихы туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді:

автокөліктің Қазақстанда алғашқы тіркелу күнін;

бұрынғы иелерінің санын;

кепілдіктер мен ауыртпалықтардың бар-жоғын, сонымен қатар басқа да мәліметтерді көре алады.
Қазіргі уақытта қызмет Smart Bridge-де орналасқан. Сервис «102» және «Halyk Bank», «Bereke Bank», «CenterCredit», «ForteBank» мобильді қосымшаларында, сондай-ақ Aster.kz сайтында қолжетімді.

Ал сіз қолданып көрдіңіз бе?🤔