Бәріне сәлем!
Қыздар мен жігіттер, назарларыңызға бүгінгі күннің кезекті ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз!✔️
1️⃣ Түркияда “Хан Сұлтан. Алтын Орда” операсын 4 мыңнан астам адам тамашалады
Ыстамбұлда “Хан Сұлтан. Алтын Орда” операсының премьерасы өтті. Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының қойылымы Жошы ұлысының 800 жылдығына арналды.
Қойылым премьерасы Ататүрік мәдениет орталығында өтті.
Көптеген елдің шығармашылық өкілдерін біріктірген жаңа ұлттық опера мәдени өмірдегі айтулы оқиғалардың бірі болды. Операны дайындау барысында Алтын Орда тарихы бойынша белгілі ғалымдар — Ильнур Миргалиев, Ілияс Кемалоглу және Нұрлан Атығаевпен кеңестер алынып, тақырып егжей-тегжейлі зерделенген. Тарихи нақтылық сақталған.
Екі күн ішінде қойылымды 4080 адам тамашалап, орта ғасырдың ең ірі мемлекеті – Алтын Орданың қалыптасу дәуіріне саяхат жасады. Қалың көрермен маңызды тарихи оқиғалар мен ерекше сәттерді сезіне алды.
Қойылымға барлығы үш жүзден астам опера, хор, балет әртістері қатысты. Театрдың симфониялық оркестрінің сүйемелдеуі, сахнаның түрленуі, жарық эффектілері мен бейнепроекциялар көрерменді ерекше әсерге бөледі.
Тамаша! Ал сіз қойылымды тамашаладыңыз ба?😍
2️⃣ ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау 20 желтоқсанда басталады
Қаңтар айында өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау 20 желтоқсанда басталып, 30 желтоқсанға дейін жалғасады.
ҰБТ-ға тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында немесе UTO қосымшасы арқылы жүргізіледі. Тестілеудің өзі 10 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтеді.
Естеріңізге сала кетсек, қаңтардағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, жазғы ҰБТ нәтижелері бойынша шекті балл жинамағандар, шығармашылық ББТ-дан ақылы негізде басқа дайындық бағыттарына, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.
Қатысушылар тестілеу өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды. ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы 120 сұрақ. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма. Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалды, — делінген министрлік хабарламасында.
ҰБТ-ға дайындықты жақсарту мақсатында жаттықтандыру тесті іске қосылды. Оқу жылының басында ҰТО сайтында тест тапсырмалары құрастырылған әдебиеттер тізімі мен тест жоспары; «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша 100 тарихи дата тізімі; «Информатика» пәнінен терминдер тізімі; «Қазақ әдебиеті» және «Орыс әдебиеті» бойынша әдеби шығармалар тізімі жарияланды. Сондай-ақ, барлық талапкерлер үшін тестілеу бағдарламасында калькулятор, периодтық кесте және ерігіштік кестесі қолжетімді болады.
Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.
Талапкерлерге сәттілік тілейміз!👍
3️⃣ Несиесі бар қазақстандықтарға өз құқығын қорғау жеңілдей түспек
Қазақстанда микроқаржы ұйымдармен (МҚҰ) қарыз алушылар арасындағы соталды дауларды шешу үшін Микроқаржылық омбудсмен институты құрылатын болады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ақпаратынша, бұл институт 21 желтоқсаннан бастап жұмысын бастайды. Омбудсмен қызметтері жеке тұлғалар үшін тегін болады.
“Микроқаржылық омбудсмен қазақстандықтардың микрокредиттермен байланысты дауларын қарастырады, оның ішінде мерзімі өткен қарыздарды реттеу және коллекторлық агенттіктермен даулар. (…) Ол сотқа жүгінбей дауларды шешуге ықпал ететін тәуелсіз төреші ретінде әрекет етеді”, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, омбудсменнің қарыз алушының пайдасына қабылдаған және қарыз алушы тарапынан мақұлданған шешімдері 30 күн ішінде микроқаржы ұйымдары үшін міндетті түрде орындалуға тиіс — егер тараптар арасында өзгеше келісім болмаған жағдайда.
Дегенмен, микроқаржылық омбудсмен сотқа берілген немесе заңды күшіне енген сот актілері бар істерді, сондай-ақ дәлелденбеген жағдайлары бар өтініштерді немесе жаңа жағдайлар болмаған жағдайда қайта жолданған өтініштерді қарамайды.
1 қазанға дейінгі мәліметтер бойынша, Қазақстанда 220 микроқаржылық ұйым, 215 кредиттік серіктестік және 497 ломбард бар.
Осы мәселе төңірегінде жаңа институт құрылады екен🔥