Ұбт,Су,Аударма. 5 маусымның топ жаңалықтары

Автор: редактор 05 июня, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

1️⃣ Ақтөбелік түлек Айшат Сағынаева ҰБТ-да 137 балл жинады.

Ақтөбе қаласындағы М.Құрманғалиева атындағы №32 гимназиясының түлегі Айшат Сағынаева ҰБТ кезінде 137 балл жинады. Бұл әзірге еліміздегі үздік екінші көрсеткіш.

Мектеп түлегі Алтын белгіге үміткер. Ол 7 сыныптан бастап осы гимназияда білім алады.

— ҰБТ кезінде математика, информатика пәндерін таңдадым. Еңбектенген, оқыған балаға емтихан, ҰБТ секілді сынақ оңай болады деп ойлаймын. Өзім бұл сынаққа 10 сыныптан бастап дайындалдым. Ал 11 сыныпта бар күшімді салдым. Түрлі курстарға қатыстым әрі мектеп мұғалімдерінің де еңбегі зор. Бұған дейін қаңтар мен наурыз айларында тестілеуге қатысып, кейбір тапсырмаларды қайта оқып, білімімді жетілдіруге тура келді, — деді Айшат Сағынаева.

Ол болашақта ІТ маманы болуды армандайды. Оқу орнын да таңдап қойған.

Жарайсың!👏🏻

2️⃣ Қытайда өткен ілеспе аудармашылар байқауында қазақстандық студент үздік атанды.

Қазақстандық Ақерке Асылбекова Қытайдағы Шанхай шет тілдері университеті (Shanghai International Studies University) өткізген алтыншы көптілді ілеспе аудармашылар байқауында бірінші орынды жеңіп алды.

Жалпы, байқау қорытындысында 8 үміткер 1-орын жүлдесін жеңіп алды. Сегіз чемпионның бірі – Астанадан барған студент Ақерке Асылбекова қытайша-орысша аударма және қытай-ағылшынша ілеспе аударма байқауларында тамаша шеберлік көрсетті. Ол – Шанхай шет тілдер университетінің көптілді ілеспе аударма байқауы құрылғаннан бері алғаш рет чемпион атанған шетелдік студент.

Ақерке 2017 жылы Шанхайдағы Фудань университеті бакалаврына грант ұтып алып, оқуға түскен. 2021 жылы дипломын қорғап шығып, Астанадағы ХҚО жұмыс істеп, 2022 жылы Шанхай қаласындағы Шет тілдер университетінің қытай-орыс-ағылшын тілдері аудармашысы мамандығына магистратураға түседі. Қазір соңғы курста оқып жүр.

Құтты болсын!🔥

3️⃣ Су тасқынынан зардап шеккен 717 отбасына жаңа үй мен пәтер берілді.

Қазақстан үкіметі су тасқыны салдарын жою және зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек көрсету бойынша жұмысты жалғастыруда.
31 552 отбасы 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы төлем алды.

«717 отбасы қираған баспанасының орнына жаңа үй мен пәтерге ие болды. Мәселен, Қостанай облысының тұрғындарына 298 үй/пәтер ұсынылса, Ақмола облысында — 85, Ақтөбе облысында — 121, Солтүстік Қазақстан облысында — 135, Батыс Қазақстан облысында — 70, Қарағанды облысында — 6, Павлодар облысында — 2 жаңа баспана берілді. Зардап шеккен тұрғындарға арнап шамамен 1 862 жаңа үй салынып жатыр», — делінген үкіметтің хабарламасында.

3 981 отбасы тұрғын үйін жөндеуге және қалпына келтіруге деп өтемақы алды.

5 066 отбасына жоғалған аса қажетті дүние-мүлкін сатып алу үшін 150 АЕК мөлшерінде қосымша көмек көрсетілді.
Бұдан басқа, зардап шеккен 34 шағын және орта бизнес субъектісінің жалпы сомасы 377 млн теңгелік шығыны өтелді. Барлық облыста өңірлік және аудандық комиссиялар жұмыс істеп жатыр. Шығындарды өтеу және құжаттарды тапсыру тәртібін түсіндіру үшін 1432 нөмірі бойынша «Атамекен» ҚР ҰКП «жедел желісі» іске қосылған.

Бәрі жеңілінен болсын!🙌🏻