Ұбт, Уақыт, Диплом. 13 маусымның топ жаңалықтары

Автор: редактор 13 июня, 2024


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ ҰБТ-дан грант алу үшін әрбір университет бойынша балл саны жарияланды.

Ұлттық тестілеу орталығы әрбір университтке грантқа түсу үшін қажетті балл санын жариялады.

Орталық мамандары грант конкурсына құжат тапсырғанда алдымен жоғары оқу орындарының шекті балдары туралы ақпарат қарап шығуға кеңес берді. Сонда грантқа түсу мүмкіндігі артады.

«Мысалы, «Математика мұғалімдерін даярлау» мамандығы бойынша Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне грантқа түсу үшін кемінде 77 балл жинау керек болса, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-не 110 балл, SDU University-не 120 балл қажет», — дейді орталық қызметкерлері.
Университеттер мен шекті баллдардың толық тізімін мына жерден қарауға болады.

Түлектерді құлаққағыс етіп қойыңыз📌

2️⃣ Қазақстан мен Корея университеттері қос диплом беруге келісті.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен Сеулдің Ұлттық ғылым және технологиялар университеті қос диплом бағдарламасы қолға алуға уағадаласты.

Корея Республикасы Президенті Юн Сок Ёльдің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында екі университеттің басшылары арнайы келісімді рәсімдеді. Оған сәйкес, Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университеті мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «AI architect», «Data management» сияқты білім беру бағдарламалары бойынша бакалавриат деңгейінде маман даярлады. Студенттерді қос диплом бағдарламасы бойынша оқуға қабылдау 2025-2026 оқу жылынан басталады.

Студенттер үшін тамаша мүмкіндік😍👍

3️⃣ Бұрынғы уақыт белдеуін қайтаруға қатысты шешім 40 күн ішінде қабылданатын болды.

Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мәлім етті.

Вице-премьердің айтуынша, «Уақытты кері қайтару» петициясы 50 мыңнан астам қол жинағандықтан, енді үкімет оны қарауға міндетті.

«Біз петиция авторын, белсенді сарапшыларды, ғалымдарды және мемлекеттік органдарды тарта отырып, бұл петицияны қараймыз. Бізде 40 күн уақыт бар. Таяу уақытта жауап береміз», — деді Серік Жұманғарин.

Қазақстанның кейбір тұрғындары (негізінен солтүстік өңірлерде) сағат белдеуін ауыстырғаннан кейін өзін жайсыз сезініп жүргенін айтып жатыр. Олардың сөзінше, таңғы сағат 4-те жарық түсіп, кешке тез қараңғы болады.

Олар жаңа +5 UTC орнына, бұрынғы +6 UTC уақыт белдеуіне оралу туралы петицияны іске қосты. Петиция қажетті 50 мың дауысты жинады.

Сіздің бұған ойыңыз қандай? Ауыстыруды құптайсыз ба?🤔