ҰБТ, Жұмыс, Болашақ. 13 қыркүйектің топ жаңалықтары

Автор: редактор 13 Қыркүйек, 2023


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ 2024 жылы ҰБТ-да жаңа өзгерістер болады.

2024 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуге өзгерістер енгізіледі. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек хабарлады.

Оның айтуынша, жоғары білімді оңтайлы етудің маңызды қадамы – ҰБТ тапсырмаларын жетілдіру. Нәтижелерді қалыптастыру мен талдауда психометриялық тәсілдер қолданылып, стандартталған форматқа көшеді.

«2024 жылғы ҰБТ-да тест сұрақтарының саны өзгереді, сондай-ақ бейіндік пәндерге жаңаша тапсырмалар қосылып, тестілеу уақыты қысқарады», – деп жазды Саясат Нұрбек Telegram-да.

ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. Алайда міндетті «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарады. Ал бейіндік пәндердің сұрақтары 40-қа дейін артады: бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылады.
Осылайша ҰБТ-ның тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы – 120 сұрақ:

«Қазақстан тарихынан» – 20 тапсырма,

«Оқу сауаттылығынан» – 10 тапсырма,

«Математикалық сауаттылықтан» – 10 тапсырма,

екі бейіндік пән бойынша – 40 тапсырмадан.
Жоғары баллда өзгеріссіз қалады – 140.

Бұл өзгерістер – тест тапсырмаларының сапасын арттыру мен олардың функционалдық сауаттылық пен сыни ойлау дағдыларын бағалаудың әлемдік стандарттарына сәйкестігі бағытындағы жұмыстардың қисынды жалғасы», – деп атап өтті министр.

2024 жылғы ҰБТ-ның тағы бір жаңашылдығы – тестілеу уақыты қысқарады.
Енді ҰБТ тапсыру үшін түлектерге 3 сағат 30 минут (210 минут) уақыт беріледі. Бұрын 4 сағат (240 минут) берілетін.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталады.

Саясат Нұрбектің айтуынша, тағы бір жаңалық шығармашылық бағыттарды таңдаған талапкерлерге қатысты.
Келесі жылдан бастап олар ҰБТ-да «Қазақстан тарихы» мен «Оқу сауаттылығы» пәндерімен қатар «Математикалық сауаттылықты» міндетті пән ретінде тапсырады.
«Математикалық сауаттылықтан» тест тапсырмалары өмірде математикалық логика бойынша алған білімін, дағдыларын қолдана алуын тексеруге бағытталғанын атап өткім келеді. Сондықтан бұл пән барлық тест тапсырушы үшін міндетті», – деп түсіндірді жоғары білім министрі.

Бұдан бөлек бейіндік пәндердің комбинациясы бойынша да өзгерістер бар. Оқушылардың, ата-аналардың және педагогикалық қауымның пікірлері мен ұсыныстарын ескеріп, «B059 – Коммуникациялар және коммуникациялық технологиялар», «B055 – Математика және статистика», «B063 – Электротехника және автоматтандыру» білім беру бағдарламаларының топтарына түсушілер «Математика-Информатика» комбинациясын тапсырады.

Соның бірі тест сұрақтарының саны өзгереді.✔️

2️⃣ Жұмысынан айырылған 140 мыңнан астам қазақстандық мемлекеттен төлем алды.

1 қыркүйектегі жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың саны 140,5 мың адамды құрады.

Биыл 127,7 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыстан босатылған қызметкерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлем алады.
Әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмыссыздарға жоғалған кірістің 45%-і төленеді.

Жұмыссыз қалған азаматтарға төлем алу үшін не істеу керек:

eGov.kz порталында авторизациядан өту;

«Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;

онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық бағанды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінім жіберу;

бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі мансап орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады;

егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі.

Бұл қызметті Электронды еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да онлайн алуға болады.

Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде еңбек министрлігінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлем тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісім беру үшін ұялы телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.

Егер сіз де жұмыссыз жүрген болсаңыз, әлеумметтік төлем алуға мүмкіндігіңіз бар. ☝🏻

3️⃣ Қазақстандықтар “Болашақ” бағдарламасымен әлемнің тағы 25 оқу орнында білім ала алады.

Құжатта жазылғандай, биыл QS World University Rankings, Times Higher Education World University Rankings сияқты халықаралық академиялық рейтингтер жаңарды.

Осыған байланысты «Болашақ» бағдарламасымен білім алуға болатын шетелдік оқу орындарының қатары кеңейді.

Атап айтқанда, қазақстандықтар енді мына университеттерге түсе алады:

– Сан-Паулу университеті (Sao Paulo университеті);
– Лувен католиктік университеті (Université Catholique de Louvain);
– Берлиндегі Гумбольдт университеті (Берлин Гумбольдт университеті);
– Помпеу Фабра Университеті (Universidad Pompeu Fabra);
– Падуа университеті (Università di Padova);
– Сычуань университеті (Sichuan University);
– Оңтүстік ғылым және технологиялар университеті (Southern University of Science and Technology);
– Лозанна федералды политехникалық мектебі (Swiss Federal Institute of Technology Lausanne);
– Ухань Университеті (Wuhan University);
– University of California, Santa Cruz.

Сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасын техникалық мамандықтарға бағдарлау үшін инженерлік-техникалық бейіндегі кадрларды даярлауға арналған мынадай француз және венгр жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік ұсынылады:

– Жоғары басқару, ақпараттық технологиялар және коммуникация мектебі (IMT);
– Жоғары инженерлік мектеп (ESTP);
– Лионның ұлттық қолданбалы ғылымдар институты (INSA);
– Ұлттық көпірлер мен жолдар мектебі (ParisTech);
– Гренобль Альпі университеті (Гренобль политехникалық институтын қамтиды);
– Лотарингия Университеті;
– Страсбург Университеті;
– Пуатье Университеті;
– Бордо Университеті;
– Экс-Марсель Университеті;
– Лион Жоғары Инженерлік Мектебі;
– Нант Жоғары Инженерлік Мектебі;
– Бордо саяси зерттеулер институты (Science Po Bordeaux)
– Сегед университеті;
– Дебрецен университеті.

«ЖОО тізімінің қолданыстағы редакциясында 236 ЖОО бар. Осы толықтыруды ескере отырып, олардың саны 28 елден 261 оқу орнына дейін ұлғаяды», – делінген құжатта.
Бұйрық алғаш жарияланған күннен, яғни 12 қыркүйектен бастап күшіне енді.

Керемет мүмкіндік!🔥