Бурабай, Bluetooth, Саусақ. 21 желтоқсанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 21 декабря, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ 2024 жылдан бастап Бурабайға кіру қымбаттайды.

2024 жылдан бастап «Бурабай» МҰТП ұлттық паркіне кіру үшін төленетін тариф сомасы өседі.

«2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке және заңды тұлғалардың автокөліктерінен ұлттық парк аумағында болған әрбір күн үшін төлем алынады», — делінген хабарламада.

Тура бір жыл бұрын Салық кодексінің 591-бабына мемлекеттік ұлттық парк аумағына көліктерді кіргізгені үшін алым алу мәселесі бойынша өзгеріс енгізілген болатын. Осыған орай, жаңа жылдан бастап еліміздегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға кіруге жаңа төлем ставкалары бекітілді.

Бурабайға кіру құны

2024 жылға арналған алым мөлшері:

жаяу жүргінші – 0,1 АЕК (369 теңге);

мотоцикл, мопед, квадроцикл үшін – 0,2 АЕК (738 теңге);

жеңіл автокөлік – 0,3 АЕК (1 108 теңге);

сыйымдылығы 16 орынға дейінгі шағын автобус пен жүк көлігі – 1 АЕК (3 692 теңге);

32 орынға дейінгі автобустар – 2 АЕК (7 384 теңге);

32-ден астам орындық автобус – 3 АЕК (11 076 теңге).
Айта кетері, 2024 жылдан бастап 1 айлық есептік көрсеткіш 3 692 теңгені құрайды.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналасқан елді мекендерде тұратын және/немесе сол жерде орналасқан саяжайлары бар жеке тұлғалар төлемнен босатылады.

«Бурабай, Бұланды және Еңбекшілдер аудандарының ұлттық парк аумағынан тыс орналасқан елді мекендерінің халқы жалпы негізде ақы төлеуге міндетті. Бұл ұлттық паркпен іргелес жерлерде тұратындарға да қатысты», — деп атап өтті парктегілер.

Ал сіз Бурабайда болдыңыз ба?🌳

2️⃣ Астанада жолақысын Bluetooth арқылы төлеуге болады.

Астанадағы автобустарда жолақыны Bluetooth арқылы төлеу қызметі енгізілді.

Төлемнің бұл түрін пайдалану үшін Avtobys мобильды қосымшасын жүктеу керек. Одан кейін телефон нөмірі арқылы тіркеледі. Мобильды қосымшаның теңгерімін де толтыру керек. Ол үшін әмиян батырмасын таңдап, ұсынылған әдістердің бірін таңдауға болады.

Қосымшаның теңгерімін QIWI, kassa24 төлем терминалдары, электрондық әмияндар, интернет-банкингтер арқылы толтыруға да мүмкіндік бар.

«Ал жолақыны Bluetooth арқылы төлеу үшін телефоныңыздың Bluetooth-ынқосасыз, қосымшаға кіріп, Bluetooth белгісін басасыз, маршрутты таңдайсыз және төлемді растайсыз», — дейді мамандар.

Айта кетері, әзірге төлем жасаудың бұл тәсілі барлық автобустарда жоқ. Жаңа электронды жабдықтары орнатылған қоғамдық көліктерде ғана бар.

Қолданып көргендер бар ма?😍

3️⃣ Енді қазақстандықтар саусақ ізін тапсыруға міндеттелмейді.

Сенат депутаттары «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, «Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркі және дактилоскопиялық тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда мақұлдады. Бұл туралы tengrinews.kz мәлімдеді.

«Заңмен енгізілген маңызды жаңашылдықтың бірі – дактилоскопиялық тіркеу туралы ережелер. Мысалы, «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» 2016 жылғы 30 желтоқсандағы заңның 2-тарауында Қазақстан азаматының паспортын немесе жеке куәлігін алу үшін алғаш рет жүгінген, сондай-ақ бұрын дактилоскопиялық тіркеуден өтпеген Қазақстан азаматтары оны қалпына келтірген, ауыстырған жағдайда Қазақстан азаматтарын міндетті дактилоскопиялық тіркеу туралы нормалар белгіленген болатын. «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заңның 39-бабымен 2-тараудың қолданысы 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатылған», — деп жазылған заңның қорытындысында.

Енді қазақстандықтар саусақ іздерін тапсыруға міндеттелмейді. Себебі, заңдағы мұндай норма алынып тасталған.

Сенат саусақ ізін кімдердің тапсыратынын хабарлады.☝🏻 Толығырақ сайттан оқи аласыз.