Чемпион, Кинофестиваль, Теннис. 14 маусымның топ жаңалықтары

Автор: редактор 14 июня, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

1️⃣ 20 жастағы қазақстандық гроссмейстер Қазыбек Нөгербек әлем чемпионы атанды.

Ол жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында (FIDE World Junior (Open & Girls) Chess Championships 2024) топ жарды.

Чемпионат 2-13 маусым аралығында Үндістанның Гандинагар қаласында өтті. Оған 123 шахматшы қатысты, олардың ішінде 13 гроссмейстер және 28 халықаралық шебер болды.
Қазыбек Нөгербек 11 раундта 8½ ұпай жинап, алтын медальмен бірге 1-орынға ие болды. Екінші орында – армениялық гроссмейстер Эмин Оханян, серб шахматшысы Лука Будисавлевич үшінші орынды қанағат тұтты.

Бұған дейін ондай жетістікке үш қазақстандық шахматшы ғана жеткен. Олар – Дәрмен Сәдуақасов (1998 ж.), Динара Сәдуақасова (2016 ж.) және Жансая Әбдімәлік (2017 ж.).
Айта кетейік, 18 жасқа дейінгі әлем чемпионатының 2022 жылғы күміс жүлдегері Қазыбек Нөгербек Индиядағы жекпе-жекке шыққанда ресми түрде халықаралық шебер болып саналған. Дегенмен турнир барысында ФИДЕ президенттік кеңесінің кезекті отырысында оның гроссмейстер атағы бекітілгені белгілі болды.

Құтты болсын!👏🏻

2️⃣ 14-23 маусым күндер аралығында өтетін Шанхай кинофестиваліне Қазақстаннан екі кинолента қатысады.

Inform.kz мәліметінше, 2024 жылғы кинофестивальдің негізгі конкурстық бағдарламасына екі қазақстандық фильм кірді: толықметражды көркем фильмдер бөліміне режиссер Данияр Саламаттың “The Divorce” фильмі таңдалды. Бұл фильмнің Шанхай кинофестиваліндегі көрсетілімі оның әлемдік премьерасы болмақ.

“Жаңа Азия таланттары” бағдарламасында Қазақстан, Ресей және Италия бірлесіп түсірген Малика Махамеджанның “Longer than a day” фильмі көрсетіледі. Бұл да әлемдік премьера.

Байқауға 105 ел мен аймақтан 3,7 мыңнан астам өтінім келіп түсті. Іріктеу қорытындысы бойынша 29 ел мен аймақтан 50 фильм бес номинация бойынша “Алтын кубок” жүлдесін алу үшін таңдалды, оның 38-і әлемдік премьералар болды.

Тамаша!😍

3️⃣ Қазақстан алғаш рет пара үстел теннисінен Паралимпиада лицензиясын жеңіп алды.

Пара үстел теннисінен 8-ші санатта өнер көрсететін қазақстандық спортшы Али Махулбеков XVII жазғы Паралимпиадаға жолдама жеңіп алды.

Али Махулбеков – пара үстел теннисінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері және халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Бұл – Паралимпиададан ел қоржынындағы 13-лицензия.
Бұған дейін, пара пауэрлифтингтен Давид Дегтярев, пара жеңіл атлетикадан Дастан Мұқашбеков, волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама, пара оқ атудан Еркін Ғаббасов, пара жүзуден үш жолдама, пара таэквондодан Нұрлан Домбаев, Камиля Досмалова, Нышан Өмірәлі және пара каноэдан Спатай Бибарыс пен Жаныл Балтабаева жолдама жеңіп алған болатын.

Айта кетсек, XVII жазғы Паралимпиада 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында Франция астанасы Парижде өтеді. Жарыс спорттың 23 түрінен ұйымдастырылады. Лицензиялық жарыстар әлі жалғасуда.

Енді бұл спорт түрінен де бақ сынай алады👍