Чип, Теннис,ҰБТ. 30 қаңтардың топ жаңалықтары

Автор: редактор 30 Қаңтар, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Илон Масктың компаниясы адам миына чип енгізді.

Америкалық миллиардер әрі кәсіпкер Илон Маск бірінші адам миына Neuralink имплантын енгізу жұмысы сәтті өткенін мәлімдеді.

Бұл туралы ол әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады.

«Бірінші адам кеше Neuralink-тен имплант алды және отадан кейін жақсы сауығып келеді», – деді ол.

Масктың айтуынша, құрылғы жұмысы туралы алғашқы мәліметтер жақсы нәтижелерді көрсеткен.

Еске салайық, 2023 жылғы қыркүйекте америкалық бизнесмен Илон Масктың нейротехнологиялық компаниясы Neuralink импланттарды миға енгізу бойынша клиникалық сынақтар үшін еріктілерді тарта бастады.

Бұл қалай болар екен?🤔Қызық…

2️⃣ Жас теннисші Әмір Омарханов әлемдік рейтингіде рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.

16 жастағы Әмір Омарханов қазақстандық жасөспірімдер арасында ең үздік нәтиже көрсетті. Спортшы жасөспірімдер арасында ITF Juniors рейтингісінде 16-орынға көтерілді.

Бұдан бұрын Қазақстан теннисі түлектерінен ешкім әлемдік рейтингіде мұндай жетістікке жетпеген.

Осыған дейін рейтингіде 27-сатыда тұрған Қарағанды теннис мектебінің түлегі Әмір Омарханов жасөспірімдер арасында Аустралия ашық чемпионатының ширек финалына дейін жеткен еді.

Құтты болсын!👏🏻🔥

3️⃣ 2024 жылы ҰБТ өзгерістері белгілі болды.

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев 2024 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуде қандай өзгерістер болатынын айтты.

Биыл ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни 2024 жылғы талапкерлер үш міндетті және таңдау бойынша екі пәннен тест тапсырады. 

2024 жылы «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарады. Бұл бейіндік пәндер бойынша сұрақтар санын 40-қа дейін арттыруға мүмкіндік берген. Сонымен қатар, бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылған.

«ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы 120 сұрақ. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма. Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалды» – деді ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Бітіруші түлектерге сәттілік тілейміз!🙌🏻