Цифрландыру, «Балаға лайық» акциясы, Қайрат. 4-ші қарашаның топ жаңалықтары

Автор: редактор 04 Қараша, 2022


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!🔥

1️⃣ Қазақстанда 10 қарашада Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлер күні ресми түрде белгіленді.

Премьер-министрі Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды.

«Осыған байланысты 17 мамырда аталып өтетін Байланыс және ақпараттандыру қызметкерлері күні мерекесі Байланыс қызметкерлері күні болып өзгертілді», – делінген хабарламада.

Жаңа кәсіби мерекені бекітуге сала қызметкерлерін қолдау мақсатында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бастамашы болды. Бүгінде олардың жалпы саны 155 мыңнан асады.

Тағы бір мереке қосылды!😍

2️⃣ «Балаға лайық» акциясының нәтижесінде еліміздегі 100-ден астам мектептерде әжетханалар мен асханалардың жағдайы айтарлықтай жақсартылды.

Заңбұзушылық анықталған 100-ден астам мектепте жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кемшіліктер жойылды.

«Балаға лайық» акциясына осы мәселеге бей-жай қарамайтын еліміздің барлық азаматы қатысып жатыр. Бұл, ең алдымен, оқушылардың өздері, олардың ата-аналары және басқа да қоғам өкілдері. Акция кезінде мектептердің әжетханалары мен асханаларының қанағаттанарлықсыз жай-күйі туралы барлығы 1 000-нан астам арыз-шағым түсті», – деді оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Мысалы, Павлодар қаласындағы №5 орта мектептің әжетханасындағы кабиналар ата-аналардың министрлік өкілдеріне берген өтінішінен кейін талапқа сай жасалды.

Солтүстік Қазақстан облысы Арықбалық ауылының мектебінде су құбырлары ауыстырылып, жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Орал инновациялық лицейінде асханаға дезинфекция жүргізіліп, оқушыларды тамақтандыру сапасы жақсартылды.

Өтініштерде негізінен жуынатын бөлмелердегі гигиеналық құралдардың жоқтығы, қалқалардың болмауы, сондай-ақ жылы әжетханаларды пайдаланбауға қатысты мәселелер көтерілген. Өтініштердің арасында асханалар бойынша дәмсіз немесе салқын тағамдар туралы ақпарат болды.

Еске салсақ, «Балаға лайық» акциясы «Мектептің жақсаруына көмектес!» ұранымен өтіп жатыр. Акция осы жылдың 20 желтоқсанына дейін жалғасады.

Мектеп әжетханалары мен асханаларындағы кемшіліктер туралы ақпаратты What’s App-тағы 8 700 699 04 46 нөмірі арқылы жіберуге болады. Сондай-ақ мектептерге әлеуметтік желілерге сілтемелері бар QR-код қосымша жіберілді.

Керемет бастама!🔥

3️⃣ Қазақстандық «Қайрат» командасының қатысуымен өтетін футзалдан Чемпиондар лигасының элиталық сатысындағы ойындар Алматы қаласында өтеді.

Қазақстандық команда С тобында сынға түседі. қарсыластары – «Хрудим» (Чехия), «Люксол Сент-Эндрюс» (Мальта) және «Бенфика» (Португалия).
Ойындар 22-27 қараша аралығында өткізіледі. Әрбір топтың жеңімпазы турнирдің бас жүлдесін сарапқа салатын төрт команда қатарына қосылады.

Алматылық клуб турнирдің негізгі сатысында өз тобында үшінші орын алды. Жарыс барысында франциялық «Спортинг Парижді» 3:2 есебімен жеңсе, бельгиялық«Халле-Гооик» және испаниялық «Пальмамен» 2:2 есебімен тең түсті.

Тамаша!👏🏻👏🏻👏🏻