Coursera, Ауыр атлетика, Телеарна. 13 желтоқсанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 13 Желтоқсан, 2022


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!👇🏻

1️⃣ Алматыда Qazaqstan телеарнасының орнында жаңа медиа орталық салынады.

Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.

Қаңтар оқиғасы кезінде осы ғимаратты өрттеп жіберген. Комиссия нысан қалпына келтіруге келмейді деген шешім шығарған болатын. Соның орнына жаңа орталық салынады.

«Qazaqstan телеарнасының бұзылған ғимаратының орнында заманауи медиа орталықтың құрылысы басталды. Ол келесі жылдың соңында аяқталады», – делінген ресми хабарламада.

Ал қала әкімдігінің ғимаратын қалпына келтіру жұмыстары келесі жылдың екінші тоқсанында аяқталады. Алматы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін адам көп жиналатын орындарға жыл соңына дейін 3 050 бейнекамера орнатылады.
Биыл қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қосымша 16,8 млрд теңге бөлінді.

📌 Құрылыс жұмысы келесі жылдың соңында аяқталады екен.

2️⃣ 100 мың қазақстандық студент пен қолданушы Coursera платформасында білім алуға мүмкіндік алады.

Ғылым және жоғары білім министрлігі мәліметінше, министр Саясат Нұрбек пен Coursera халықаралық секторының директоры Мэтью Кляйнның кездесуінде осы мәселе қаралды.
Тараптар бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрлігі, Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Coursera компаниясы арасында қол қойылған үшжақты меморандумды жүзеге асыру жайын талқылады.

«Аймақтағы 25 жоғары оқу орнының студенттері Coursera платформасында оқи алады. Олар платформадағы курстарды таңдап, қазақ немесе орыс тілінде өте алады. Сәтті өткен курстар жоғары оқу орындарында кредит болып есептеледі», – дейді министрлік.

Қазірдің өзінде 50 курсты бейімдеу және аудару жұмыстары жүріп жатыр. Министрдің айтуынша, Coursera-мен ынтымақтастық қазақстандық жоғары оқу орындарының әлеуетіне оң әсер етеді.

Тәржімаланған алғашқы 50 курс 2023 жылдың қаңтарына қарай дайын болады, сосын келешекте ЖОО-ның талап-тілегі мен сұранысына қарай жыл сайын кемінде 100 курсты аудару жоспарланған. Қазақстандық оқытушылар өз курстарын Coursera платформасында орналастыруға мүмкіндік алды.

Алғашқы 50 курстың тізіміне негізінен АҚШ-тың жетекші жоғары оқу орындарының білім беру платформалары, сондай-ақ Гонконг ғылым және технологиялар университетінің аз бөлігі кірді.

Енді белгілі профессор Жефри Роберт Часновтың инженерлерге арналған математика курсын немесе Колорадо университетінің порфессоры Грег Уильямстың кибершабуылды анықтау бойынша білім беру бағдарламасын қазақ тілінде тыңдауға болады.
Coursera – әлемнің алдыңғы қатарлы 250 университеті мен технология алыптарын біріктіретін, дүние жүзіндегі аса ірі білім беру ұйымы. Жыл сайын Coursera платформасында әлемнің 200 елінен 100 миллионнан астам адам оқиды. Айта кетері, Қазақстандағы Coursera қолданушыларының саны 361 мың адамға жетті.

Мұнда курсты қазақ немесе орыс тілінде өте аласың.😍😍😍

3️⃣ Ауыр атлетикадан өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Нұрғиса Әділетұлы күміс медаль жеңіп алды.

96 келіге дейінгі салмақтағы ерлер сайысында Бахрейннің намысын қорғаған Колумбия тумасы Лесман Паредес жеңіске жетті. Ол жалпы есеп бойынша 397 келі (жұлқып көтеруден – 185, серпе көтеру – 212) көтерді.
Екінші орын Қазақстанға бұйырды. Отандасымыз Нұрғиса Әділетұлы 383 келі (174+209) көтерді.

Ал колумбиялық Джор Морено қола жүлдегер атанды – 380 (171+209).
Айта кетері, бұл әлем біріншілігінде Қазақстан қоржынына түскен екінші медаль. Бұған дейін 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Алексей Чуркин «қола» жеңіп алған болатын.

Жеңіс құтты болсын!👏🏻🔥