Дәулет Мұқаев,Стипендия, Бернар Арно. 5 сәуірдің топ жаңалықтары

Автор: редактор 05 Сәуір, 2023


Кеш жарық, құрметті қыздар мен жігіттер! Бүгінгі күн жақсы жаңалыққа толы болды.

Ендеше назарларыңа ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз.✔️

1️⃣ Әлемдегі ең бай миллиардерлер рейтингінде Louis Vuitton Moët Hennessy компаниялар тобының президенті әрі бас директоры Бернар Арно көш бастады.

2022 жыл әлемдегі 2640 миллиардер үшін құлдырау жылы болды. Сейсенбі күні жарияланған Forbes Әлемдік миллиардерлер тізіміне сәйкес, әлемдегі ең бай 25 адамның байлығы 2022 жылғы 2,3 триллион доллардан 200 миллиард долларға азайып, 2,1 триллион долларға бағаланды.

Мәселен, Amazon акциялары 38% құлдыраған кезде Джефф Безостың байлығы 57 миллиард долларға азайды. Миллиардер 2022 жылы екінші орында болса, биыл үшінші орынға жайғасты. Сонымен қатар Илон Масктың жағдайы да оңайға соқпады. Ол Тесла акцияларын сатып, Twitter-ді қымбат бағаға сатып алғаннан кейін әлемдегі ең бай адам атағынан айырылды. Оның байлығы 39 миллиард долларға азайған. Маск қазір рейтингте екінші орында тұр.

Осы жылы миллиардерлер тізімінде LVMH люкс тауарлар алыбының басшысы Бернар Арно көш бастады. Ол 53 миллиард доллар табыс тапты.

Ал екінші орында Илон Маск болса, үшінші орынды Джефф Безос иеленді👏🏻🔥

2️⃣ Депутат Дәулет Мұқаев қазақстандықтарды баспаналы етудің бірнеше жолын ұсынды.

Мәжіліс отырысында депутат Дәулет Мұқаев «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламаларының талаптарына өзгеріс енгізуді, «Жас отбасының» бастапқы жарнасын 10%-дан асырмау туралы ұсыныс жасады. Бұл туралы zakon.kz мәлімдеді.

Бірмандатты округ бойынша сайланған мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевтың премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, мемлекеттік бағдарламаларды жаңарту және қайта қарау жөнінде депутаттық сауал жолдады.
«Үйі жоқты күйі жоқ. Елімізде қолжетімді баспана – ең өзекті мәселенің бірі. Халқымыздың «ұлы дала квартиранттары» атанғаны да жанға қатты батады. Анығын айтқанда үйсіз-күйсіз жүрген қазақстандықтарды қолжетімді және сапалы баспанамен қамтамасыз ететін мемлекеттік бағдарламалар қолжетімді болмай отыр. Бүгінде тұрғын үй бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар халықтың сұранысын қанағаттандырмай отыр. Ел арасында алынған мәлімет пен сұраныс нәтижесі бойынша мына ұсыныстарды жолдаймын», – деді ол.

Депутат мәжілістің жалпы отырысында баспана мәселесіне қатысты мына ұсыныстарды атады:
* «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламаларының талаптарына өзгеріс енгізу;
* «Жас отбасы» бағдарламасының бастапқы жарнасын 10 пайыздан асырмау;
* «7-20-25» бағдарламасы бойынша маусым сайын қойылатын лимитті алып тастау;
* Жастарға берілетін жалдамалы пәтер бағдарламасын еліміздің барлық аймағында іске қосу.

Баршаңызға баспана бұйырсын!🤲🏻

3️⃣ Қазақстанда ғалымдарға арналған 7 сыйлық пен 75 стипендия тағайындалады.

Ашық НҚА порталында ғылым және жоғары білім министрінің «Ғылым саласындағы сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендиялар туралы» бұйрығының жобасы жарияланды. Оған сәйкес, Қазақстанда үздік ғылыми зерттеумен айналысқан ғалымдарға ғылым саласындағы сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендиялар беру көзделіп отыр.

Ғылым саласынағы сыйлықтар тізімі:

* Қаныш Сәтбаев атындағы сыйлық – жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздiк ғылыми зерттеу үшiн;
* Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлық – гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздiк ғылыми зерттеу үшiн;
* Александр Бараев атындағы сыйлық (үшеу) – аграрлық ғылым саласындағы үздiк ғылыми зерттеу мен жұмыс үшiн;
* Ыбырай Алтынсарин атындағы сыйлық – педагогика саласындағы үздiк ғылыми зерттеу мен жұмыс үшiн;
* Күлтегін атындағы сыйлық – түркология саласындағы аса зор жетістіктер үшін;
* Жас ғалымдарға арналған Дінмұхамед Қонаев атындағы сыйлық – жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздiк жұмыс үшiн;
* Жас ғалымдарға арналған Мұхтар Әуезов атындағы сыйлық – гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздiк жұмыс үшiн беріледі.
Бір адам ғылым саласындағы сыйлықты екі рет алуы үшін арада кемі 5 жыл мерзім өтуі тиіс.

Сондай-ақ, «75 мемлекеттік ғылыми стипендия, оның ішінде отыз бесті қоса алғандағы жасқа дейінгі талантты жас ғалымдар үшін 50 мемлекеттік ғылыми стипендия тағайындалсын» делінген бұйрық жобасында.
Бұрын республикалық бюджет қаражатынан төленетін мемлекеттік ғылыми стипендияларға ие болған ғалымдар осы стипендияларды алуға алдыңғы тағайындалған жылдан кейін кемінде үш жыл өткен соң ғана қайта жіберіледі.
Стипендия бір жыл бойы төленеді.
Бұйрық жобасы 18 сәуірге дейін жария талқыға ұсынылған.

Керемет мүмкіндікті жіберіп алмайық👍