Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!
Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅
1️⃣ Америкада Жамбыл Жабаевтың ерекше суреті табылды.
Бұл туралы Egemen мәлімдеді.
Бұл — 1951 жылы Нью-Йорк қаласында баспадан шыққан «Кеңестер Орта Азияда» кітабы. Ұлыбританиялық зерттеуші Зелда Коутес пен Уиллиям Коутес бірлесіп жазған бұл кітап сол кездегі кеңес одағындағы республикалардың жағдайын баян етеді.
Жамбыл атындағы музейдің қазіргі директоры, Жамбыл Жабаевтың немересі Салтанат Тезекбайқызы Жамбылованың сөзінше, бұл сурет негізінен ІІ дүниежүзілік соғыстан бұрын түсірілген болуы керек.
«Ол кісінің суреттері өте көп, бірақ мынау өзгеше сурет екен. Өйткені бұл жерде отырған кісілер де – бізге таныс адамдар. Сол жақта малдас құрып отырған кісі – Ғали Орманов, Жамбыл атамыздың әдеби хатшысы болған. Ал ақ жейделі, жерде жантайып жатқан – атамыздың аудармашысы, хатшысы Павел Николаевич Кузнецов, ар жағында отырған кісі Қадыр Хасенов. Атамыздың біраз өлеңін ұйғыр, қытай тіліне аударған. Оң жақта жантайып жатқан кісі – менің әкем Тезекбай Жамбылұлы. Ал киіз үйдің босағасында отырған – атамыздың ұлы Қожаштың қызы Ділдәхан тәтеміз. Ол кісі сексен жастан асып қайтыс болды. Біз бұл суретті көріп, қуанып қалдық. Атамыздың 1936–1945 жылдар аралығындағы суреттері бізге жеткен, ал оның алдындағы кезден 1913 жылғы бір сурет қана бар, осы жылы Романовтар әулетінің патшалық құрғанына 300 жыл толуына байланысты Жетісу өңірінен 15 ақынды ақ патшаны мақтап, өлең айтасыңдар деп шақырған екен, сондағы суреті сақталған. Мен 1981 жылдан бастап атамыздың атындағы музейде жұмыс істеп келемін, ғылыми қызметкер, қор сақтаушы болып қызмет атқардым. 2018 жылдың аяғынан бері Жамбыл атындағы музейдің директоры болып жұмыс істеймін, бұл суреттің бізде қалай сақталмай қалғанын білмеймін», — деді ол.
Керемет!😍
2️⃣ Елімізде танымал лотерея дүңгіршектерінің жұмысы тоқтатылды.
Республика бойынша Lotomatic терминалдары мен киоскілері арқылы электронды лездік лотереяны тарату уақытша тоқтатылды.
Туризм және спорт министрлігі былтыр мамыр және қараша айларында лотерея операторы – «Сәтті Жұлдыз» АҚ-ға лотерея клубтарының жұмысын және электронды лездік лотереяны ұйымдастыруды жетілдіру туралы ұсынымдар жолдады.
«Министрліктің 2024 жылғы 20 қаңтардағы соңғы ұсынымдарына сәйкес 2024 жылғы 30 қаңтардан бастап республика аумағында Lotomatic терминалдары/киоскілері арқылы электронды лездік лотереяны тарату уақытша тоқтатылды. Алайда кейбір жерлерде Lotomatic «сары-көк» ресми терминалдарына ұқсас безендірілген жалған аппараттар заңсыз жұмыс істеуі мүмкін», — деп жазды ведомство.
Министрлік азаматтарды заңсыз лотерея терминалдарының қызметтерін пайдаланбауды және қырағы болуды ескертті.
«Сондай-ақ заңсыз жұмыс істеп тұрған Lotomatic киоскілері немесе лотерея терминалдарын байқасаңыз министрліктің Telegram хабарлауды сұраймыз. Әрбір өтініш лотерея операторы мен құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып мұқият қаралады. Құқық бұзушылар жауапқа тартылады», — дейді министрлік.
Жақсы бастама болды!👍
3️⃣ Ертең бүкіл Қазақстан бойынша дабыл жүйесі іске қосылады.
8-9 ақпанда Қазақстанда су тасқыны кезінде төтенше жағдайды жоюға дайындық бойынша «Көктем-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтеді.
Жаттығу кезінде елдегі барлық сиреналар қосылады.
«Аумақтық деңгейдегі құлақтандыру жүйесінің дайындығын тексеру мақсатында 8 ақпан күні сағат 12.55 — те (Астана уақыты бойынша) барлық дыбыстық электр сиренасы іске қосылады», — делінген хабарламада.
Республикалық оқу-жаттығу штабы Ақтөбеде орналасады.
Министрлік азаматтардан тыныштық сақтап, дүрбелең мен қауесетке бой алдырмауды сұрады.
Бұған дейін елде жер сілкінісі кезінде төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелерінің әрекеттері бойынша қызметтік тергеу жүргізілетіні хабарланған болатын.
Жақындарыңызды құлағдар етіп қойыңыз!📌