dAIgnosis, TikTok, Sapar. 18 наурыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 18 марта, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!📌

1️⃣ Алматылық оқушылар науқасқа диагностика жасайтын dAIgnosis қосымшасын әзірледі.

Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жасанды интеллект платформасы сырқатқа диагностика жасап, тиісті дәрі-дәрмектерді тағайындауға мүмкіндік береді.

Жас өнертапқыштардың айтуынша, dAIgnosis қосымшасы медициналық оқу орындарының студенттеріне көмекке арналған.

«Біз сырқатты нақты белгілермен анықтауды жасанды интеллектке нөлден бастап үйреттік немесе томография немесе рентген арқылы біледі. Сонымен бірге жасанды интеллект адамның медициналық тарихын ескере отырып, дәрі-дәрмектерді тағайындайды. Біз медицина саласының студенттерімен де кездестік, олардың біздің өнімге деген қызығушылығы бар. Ең маңыздысы біздің қосымшаны тек медициналық білімі бар адамдар ғана қолданғаны дұрыс», — дейді Алматыдағы республикалық физика-математика мектебінің 11-сынып оқушысы Артур Кнабик.

Бір күн бұрын республикалық физика-математика мектебінің оқушылары миллион теңге ұтып алды. Оны өз қосымшаларын дамытуға жұмсамақшы. Жас өнертапқыштар енді медицина университеттері мен колледждерге барып, өз жұмыстарын көрсетуді жоспарлап отыр.

Талантты жастарымыз көбейе берсін!😍👍

2️⃣ Мәдениет министрлігі Наурыз мейрамына орай Tiktok-пен бірге онлайн-фестиваль өткізеді.

Tiktok пайдаланушылары #Наурыз2023 хэштегімен ұлттық мейрам, оның ерекшеліктері мен әдет-ғұрыптары туралы видеороликтер түсіруі керек. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қазіргі уақытта бұл мерекелік челленджге TikTok-та танымал әнші-музыканттар, аспаздар, саяхат блогерлері және түрлі танымдық видео авторлары қатысып жатыр.

«Үздік видеороликтердің авторлары Kazakh Tourism компаниясы ұсынған жүлделерге ие болады. Алғашқы үш орынды иеленген қатысушылар Қазақстанның ең көрікті жерлеріне сапарға аттана алады. Бас жүлде иегері мұндай сапарға 5 күнге, ал екінші және үшінші орын иегерлері 3 күн және 1 күнге саяхатқа шығады», — деп жазылған хабарламада.

Видеоролик тақырыбы ретінде тамақ, саяхат, мәдениет және музыка атты төрт бағыттың бірін таңдауға болады.
Айта кету керек, онлайн-фестивальдің қорытындысы, үздік видеороликтер мен байқау жеңімпаздарының есімдері 29 наурызда жарияланады.

«Наурыз адамдарды табыстырады, онлайн-фестиваль қазақстандықтарды біріктіруге және әдет-ғұрыптарымыз бен салт-дәстүрлерімізді насихаттауға көмектеседі. Қазақ мәдениеті мен тарихына арналған роликтер TikTok-та танымал болып келеді. Мысалы, #Қазақстантарихы хэштегі бойынша видеолар 100 миллионға жуық, ал #Қазақстанмәдениеті хэштэгі 75 миллионнан астам қаралған. Сондықтан бұл акция тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де мүмкіндігінше көп адамды қамтуға арналған», — деді Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуәлиева.

Ал сен қалай қарсы аласың?🤔

3️⃣ Елімізде көлік жүргізетіндерге Sapar мобильді қосымшасы іске қосылды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясымен бірлесіп республикалық маңызы бар автожолдардағы қауіпсіздікті арттыру және кері байланысты жақсарту мақсатында Sapar мобильді қосымшасын әзірледі. Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша,
қазіргі уақытта қосымшаны PlayMarket және AppStore-да жүктеп алуға және пайдалануға болады.

«Мобильді қосымшада навигациясы бар маршрутты салу функционалы қолжетімді, автожолдардың жай-күйі, трассалардың ашылуы немесе жабылуы, айналма жолдар, жөндеу жұмыстары, метеожағдайлар туралы өзекті ақпарат бар», — деп мәлімдеді ведомство.

Қосымша арқылы республикалық жолдардың бойында орналасқан жол бойындағы сервис объектілері туралы мәлімет алуға болады. Бұл қосымша арқылы ақылы жолдың жол жүру теңгерімін толықтыра аласыз.
ҚазАвтоЖолдың колл-орталығын жылдам теру функциялары, сондай-ақ байланыс орталығына жол апаты, жолдардың авариялық учаскесі, қозғалыс кезіндегі кедергі туралы мәтін, фото және видео түрінде хабарлай аласыз.

Енді автожолдардағы қауіпсіздік артатын болды.👏🏻🔥