Данил Васильев, Tiktok, Димаш Құдайберген. 17 қаңтардың топ жаңалықтары

Автор: редактор 17 Қаңтар, 2023


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

1️⃣ Универсиадада тұғырдан секіру бәсекесінде Данил Васильев Қазақстан қоржынына екінші алтын медальді түсірді.

Бұл туралы спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қазақстандық спортшы кіші трамплинде (К-90) 257.3 ұпай жинады. Алғашқы мүмкіндігінде 127.2 балл, ал финалда 130.1 ұпайға ие болды.
Қалған қос медаль аустриялық атлеттің еншісінде. Күміс – Максимилиан Линер, қола – Тимон Паскаль Кахофер.
Тағы бір қазақстандық Сергей Ткаченко 7-ші, Никита Девяткин 9-шы, Святослав Назаренко 21-ші, Мағжан Амангелдіұлы 22-сатыдан көрінді.
Сондай-ақ кеше мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров жүлдеге бір табан жетпей тоқтады. Ол қысқа бағдарламада 6-шы, ал еркін бағдарламада 3-ші нәтиже көрсетіп, жалпы 231,08 ұпай жинады. Қола медаль үшін таласта Михаил қарсыласынан 0,25 ұпай аз алды. Мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасындағы жарысқа 19 елдің 31 спортшысы қатысты.
Еске сала кетейік, бұған дейін биатлоншы Вадим Куралес алтын медаль жеңіп алған болатын. Қазір Қазақстан делегациясы жалпы есепте 6-орынға көтерілді. Универсиада 22 қаңтарға дейін жалғасады.

Жеңіс құтты болсын!🔥👍

2️⃣ TikTok қосымшасы қазақ тіліне аударылды.

Қысқа видеолар жариялауға мүмкіндік беретін TikTok интерфейсі қазақ тіліне аударылды.

Қазақ тілін таңдау опциясы Android және iOS құрылғыларына арналған қосымшаның кейінгі жаңартылуында пайда болған. TikTok қосымшасында интерфейс тілін кез келген уақытта өзгертуге болады. Тіл баптауларын өзгерту үшін мына қадамдарды орындау қажет:

1. Төменгі оң жақ бұрыштағы «Профиль» түймесін басыңыз.
2. Баптауларды ашу үшін жоғарғы оң жақ бұрыштағы үш жол белгішесін түртіңіз.
3. «Параметрлер және құпиялылық» түймесін басыңыз.
4. «Қолданба тілі» түймесін түртіңіз.
5. Тізімнен қазақ тілін немесе басқа тілді таңдаңыз.

Керемет, ал сен қазақ тіліне ауыстырдың ба?😍😍😍

3️⃣ Танымал әнші Димаш Құдайберген халыққа бейнеүндеу жолдап, алаяқтардан сақ болуға шақырды.

☝🏻 Оның айтуынша, желіде белгісіз біреулер оның фотосы мен видеосын пайдаланып, әртүрлі лотерея ұйымдастырып жүр екен. Бұның барлығы – алаяқтардың ісі екенін жеткізді.

«Интернет желісінде Димаш Құдайберген болып ашылған түрлі парақшалар халыққа, маған зиян тигізе бастады. Жалпы, мен ешқашанда интернет арқылы ақша сұрайтын ойын өткізбегенмін. Тікелей эфирдің өзіне үш-төрт рет қана шықтым, алдағы жаңалықтарды ғана бөлістім. Оны скриншотқа түсіріп алып, өздерінің алаяқтық жұмыстарын жүзеге асыру мақсатында өтірік парақшалар ашып ашып, фотомды қойып, халық арасында лотерея, түрлі ойындар ұйымдастырып жатады. Ондайға ешқашан сенбеңіздер!», – дейді Құдайберген.

Сақ болыңыздар!📌