Давид Чарлин, Олимпиада, Әділбек Мусин. 15-ші тамыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 15 Тамыз, 2022


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!🔥

1️⃣ «Балалар Еуровидениесі» халықаралық байқауына Қазақстан атынан 11 жасар Давид Чарлин қатысатын болды. Оған «Хабар» агенттігі байқауға дайындалып, ән жазуға көмектеседі.

«Балалар Еуровидениесі» (Junior Eurovision Song Contest) осы жылдың соңында Арменияда өтеді.

Жас әншіге сәттілік және жеңіс тілейміз!😍👏🏻

2️⃣ Индонезияда өткен информатикадан халықаралық олимпиадада (IOI) оқушыларымыз 2 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды. Осыған байланысты биыл алғаш рет халықаралық жарыстардың жеңімпаздары 4,5 млн теңгеге дейін қомақты ақшалай сыйақы алады.

Бұл туралы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов хабарлады.

Министрдің сөзінше, бұл беделді олимпиадаға біздің 4 оқушы қатысты. 90-ға жуық елден келген 350-ден астам қатысушының басын қосқан жарыста 4 оқушымыз да жүлделі орындарға ие болды.
Оралдық Жамбыл Мақсотов пен семейлік Мұхаммадариф Сахмолдин күміс, ал алматылық Ван Ли мен Таймас Қорғанбаев қола жүлдені иеленді.

«Осылайша, қазақстандық оқушылардың 2022 жылы ең беделді халықаралық олимпиадаларда жеңіп алған медальдарының саны рекордтық көрсеткішке жетті. Қазақстан құрамасының қоржынында 27 медаль бар, оның ішінде 3 алтын, 15 күміс және 9 қола. Биыл алғаш рет президенттің қолдауының арқасында халықаралық жарыстардың жеңімпаздары 4,5 млн теңгеге дейін қомақты ақшалай сыйақы мен ҰБТ тапсырмай-ақ ЖОО-да оқуға грантқа ие болады», – деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.

Аймағамбетов оқушыларды жаңа жоғары нәтижелерімен және лайықты марапаттарымен құттықтады.

Талантты әрі білімді оқушыларымыз әлемді мойындата берсін!👏🏻👏🏻👏🏻

3️⃣ Түркияда өтіп жатқан Ислам ынтымақтастығы ойындарында Қазақстан құрамасының жүзушілері Әділбек Мусин мен София Әбубуәкірова алтын жүлде иеленді.

Олар сәйкесінше 100 және 50 метрге жекелей жүзуде жеңіске жетті. Олар батерфляй стилінде өнер көрсетті. Бұл туралы vesti.kz хабарлайды.

«Әділбек көрсеткен «алтын уақыт» – 53,20 секунд, екінші орында түркиялық Үміт Жан Гюрес (53,45), өзбекстандық жүзуші Эльдорбек Усмонов (53,79) үздік үштікті тұйықтап тұр», – делінген хабарламада.

Әбубәкірова өз кезегінде 27,17 секунд көрсеткішпен бас жүлдені жеңіп алды. Әзербайжаннан келген спортшы Мариям Шейхализадешагшах (27,25) екінші және түркиялық Алина Озкан (27.42) үшінші болып мәреге жетті.

Құтты болсын!💐💐💐