Декреттік төлем сәуірден бастап өзгереді. Енді жүкті әйелдер қанша ақша алады?
📌 2025 жылдың 8 сәуірінен бастап жүктілік, босану бойынша төлемдер, сондай-ақ баланы бағып-қағуға қарастырылатын жәрдемақыны есептеу тәсіліне енгізілген өзгерістер өз күшіне енді. Бұл өзгерісті енгізуге декреттік демалыс төлемдері көлемін жасанды жолмен көтермелеу жағдайларының анықталуы, осыған байланысты қылмыстық істердің қозғалуы түрткі болған. «Үйде жатпа» сайты енді жүкті келіншектер қанша алатынын жаңа тәсілмен есептеп көрмек.
Негізінен, Қазақстандағы жүкті келіншектердің мына төлемдерді алуға құқығы бар:
1) Жұмыс істейтін әйелдер:
• Жүктілік және босануға байланысты әлеуметтік төлем, бұл — декреттік демалысқа арналған ақы. Қазақстанда декреттік демалысқа қалыпты босану жағдайында 126 күн беріледі. Оның ішінде 70 күн жүктілік және 56 күн босанғаннан кейін кезеңге қарастырылады. Төлем сомасы соңғы 12 айдағы орташа табысының көлеміне қарай есептеледі.
• Бала тууға байланысты біржолғы жәрдемақы. Бұл – мемлекетпен белгіленген сома әрі бала санына қарай ол сәл-пәл өзгеріп отырады.
• Баланы 1,5 жасқа дейін күтуге арналған жәрдемақы. Төлем сомасы соңғы 24 айдағы орташа табысының көлеміне қарай есептеледі.
2) Жұмыс істемейтін әйелдер:
• Бала тууға байланысты біржолғы жәрдемақы.
• Баланы 1,5 жасқа дейін күтуге арналған жәрдемақы.
🔺Өзгеріске ұшыраған не нәрсе?
1)Бұрын әйел адамның табысы қанша болса, соның 12 немесе 24 ай көлемін алып есептей беретін, ешқандай шектеу болмайтын. Ал енді декреттік демалыс кезеңіндегі әлеуметтік төлем мен босануға байланысты жәрдемақыны есептеу кезінде жұмыс беруші санына қарамастан, ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 7 еседен аспайтын көлемін қамтитын орташа айлық табыс қарастырылады. Яғни, бірнеше жерде жұмыс істеп, айына 595 мың теңге тапқан әйелдің декреттік демалыс төлемі 2 249 000 теңгені қамтымақ (бір реттік). Ал әйелдің ай сайынғы табысы 595 мыңнан асып, 600 мың, 700 мың немесе 1 млн теңгені құраса, белгіленген сомадан (595 мың теңгеден) асқан бөлігі есепке алынбайды.
Мұндай шектеу, негізінен бұрыннан бар-тұғын. Бірақ ол тек бір жұмыспен қамтушыға қатысты қарастырылып келген. Яғни, бірнеше жерде жұмыс істеу арқылы әйел адам бұл шекті әр жұмысында сақтай алатын. Мәселен, жинақталған бір айлық табысы 1 млн теңге болатын әйелдің декреттік демалыс төлемі 4-5 млн теңгеге дейін шығып кететін. Енді мұндайға жол жоқ.
2)Декреттік демалысқа шыққаннан кейінгі әлеуметтік аударымдар есепке алынбайды
Жүктілік және босану бойынша төлемдер есебінен енді сақтандыру жағдайы туындаған кезеңнен кейінгі әлеуметтік аударымдар алынып тасталып отыр (яғни, декреттік демалысқа шыққаннан кейінгі). Ал декреттік демалыс кезеңінде есепке алынбаған аударымдар бала күтімі бойынша төлемді есептегенде де қарастырылмайтын болады.
Айта кетсек, бұрын декреттік демалысқа шыққаннан кейін де әйел адамдар әлеуметтік аударымдар жасата беретін, сөйтіп бала күтіміне есептелетін жәрдемақы сомасын арттыруға мүмкін алатын. Енді мұндайға да жол жоқ.
Жұмыс істемейтін әйелдерге қатысты ешқандай өзгеріс жоқ.
‼️ Олар мемлекет белгілеген төлемдерді алады.
• Бала босанғанда берілетін жәрдемақы: бірінші, екінші және үшінші балаға — 38 АЕК, яғни 2025 жылғы есеп бойынша 149 416 теңге.
• Төртінші және одан көп балаға – 63 АЕК, яғни 2025 жылғы көлеммен есептегенде 247 716 теңге.
1,5 жыл бойындағы бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы:
• бірінші балаға – 5,76 АЕК (2025 жылы — 22 649 теңге).
• екінші балаға – 6,81 АЕК (2025 жылы — 26 777 теңге).
• үшінші балаға – 7,85 АЕК (2025 жылы — 30 867 теңге).
• төртінші және одан көп балаға – 8,90 АЕК (2025 жылы — 34 995 теңге).
Бұл арада жұмыс істемейтін әйел алғашқы сәбиін дүниеге әкелгенде жалпы сомасы 557 мың теңге көлемінде мемлекеттік төлем (бір реттік) алады (22 ай барысында).
▪️Ал егер әйел адамның орташа айлық табысы 7 ЕТЖ-дан төмен болса ше?
Ресми жалақысы 595 мың теңгеден төмен әйелдерге қатысты да бұл өзгеріс әсер етпейді.
Орташа табысты есептеу үшін жыл бойындағы барлық табысы (салықты шегермегендегі) біріктіріліп, жыл бойындағы айларға бөлінеді. Егер әйел адам арасында жұмыс істемеген болса, онда да жыл бойғы табысы 12 айға бөліп қарастырылады. Осы шыққан орташа табыс жұмысқа жарамсыз күндер коэффицентіне көбейтіледі (туу ауыр өтпеген жағдайда бұл көрсеткіш 4,2-ні құрайды). Оның үстіне бұдан шыққан сомадан мемлекет ұстап қалатын салықты — 10%-ды шегеру керек.
Мәселен, 2025 жылы орташа табысы 300 мың теңге болған (салықты шегермегенде) әйел 1 134 000 теңге декреттік төлем алады. Мұны 4 айдағы еңбекке жарамсыздық кезеңіне есептелген компенсация деп айтса да болады.
Ал 1,5 жыл бойындағы бала күтіміне арналған жәрдемақыны есептегенде, орташа табыстың соңғы 12 емес, 24 айы есепке алынады. Яғни, соңғы екі жылғы орташа табыс өтеу коэффицентіне (0,4) көбейтіледі. Бұдан шыққан сомадан 10% салық шегеріледі. Сонда 300 мың теңге жалақы алатын әйел 1,5 жыл бойына ай сайын 108 000 теңге жәрдемақы алады.
Сондай-ақ ресми жалақысы 300 мың теңге болатын әйел алғашқы баласын дүниеге әкелгенде 3 227 000 теңге мемлекеттік төлем алады (22 ай барысында).
🟢 Ең жоғары төлем
Шектеу ай сайынғы табысы 7 ЕТЖ-дан (595 мың теңге) асқандарды қамтиды.
• 2025 жылы ең жоғары жүктілік және босануға арналған төлем 2 249 100 теңгені құрайды.
• Бала күтіміне арналған ай сайынғы ең жоғары жәрдемақы 214 000 теңге болмақ.
• 595 мың теңгеден аса жалақы алатын әйел бірінші баласын дүниеге әкелгенде 6 250 000 мың теңге мемлекеттік төлем алады (22 ай барысында).
Еркектер де төлем алады, егер…
Ер азаматтар жұмысынан үш жылға дейін декреттік демалыс ала алады. Әсіресе, егіздер немесе үшем дүние келіп жатса. Ер адамға бала күтіміне қатысты ай сайынғы жәрдемақы қарастырылып, ол еңбек өтіліне қарай есептеледі (соңғы 12 айдағы табыс ÷ 12 × (126 немесе 140 күнге сәйкес коэффициент) – 10% зейнетақы жарнасы). Егер әлеуметтік аударым жасала бастаса (мерзімінен бұрын жұмысқа оралса), ер адамға беріліп жатқан жәрдемақы кілт тоқтайды.
PS Мемлекет белгілейтіннен басқа жоғарыда аталған төлемдер Міндетті медициналық сақтандыу қорына (МӘМСҚ) келіп түскен сомаға қарай есептеледі. Егер әйел адам жалақысын қолма-қол ақшалай алып, салық төлемесе, онда оның табысы есепке алынбайды. Ал жұмыс беруші салықты бірде төлеп, бірде төлемесе немесе мүлде оны төлемесе бала күтіміне қатысты жәрдемақы алуда белгілі бір мәселелер туындайды. Сондықтан жүктілік кезеңінде әйел адам ММӘСҚ-дағы ай сайынғы аударымын бір қарап қойғаны жөн. Ол үшін eGov.kz порталының «Электронды қызметтер» бөліміне кіріп, «Салықтар мен қаржылар» айдарында зейнетақы және әлеуметтік аударымдар сомасы немесе жеке кабинетініңізден жеке табыс салығы мен әлеуметттік аударымдар туралы ақпарат беруге сұраныс жасай аласыз.
Егер жұмыс беруші салық төлемін немесе зейнетақы аударымын дұрыс жүргізбегені анықталса, онда жұмысшы eOtinish сервисі арқылы Еңбек министрлігіне немесе Мемлекеттік кірістер департаментіне арыздана алады.
(дереккөз – Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің 2025 жылғы 18 наурыздағы бұйрығы, ол 2025 жылдың 8 сәуірінен бастап өз күшіне енді)
Авторы: Кәмшат Тілеухан