Демалыс, Бюст, Көше. 17 қазанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 17 октября, 2023


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Алматы көшелерінің бірінде жолақтың жаңа түрі пайда болды.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, қалада Тілендиев көшесі бойымен Абай даңғылынан Төле би көшесіне дейін жолақтарды сызу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Тәжірибе ретінде бұл учаскеде реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдерінің алдындағы апат жағдайларын болдырмау үшін зигзаг таңбасы қолданылды. Бұл жолақ ҚР Жол қозғалысы ережелерінде көрсетілмеген. Бұл жолақ көлік жүргізушілердің жаяу жүргіншілер өткеліне жақындап келе жатқанын білдіру үшін қолданылады.
Сонымен қатар, мұндай сары жолақ бұл учаскеде басып озуға, кері жүруге, осы аймақта қайта бұрылуға болмайтыны туралы қосымша дабыл ретінде қызмет етеді, өйткені ол қауіпсіз болуы және жол қозғалысының барлық қатысушысының жақсы көруіне мүмкіндік бар. Көрсетілген эксперимент оң нәтиже берген жағдайда реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдері ауданында зигзаг таңбасын қолдану бойынша жұмыстар жалғастырылады», — делінген әкімдік хабарламасында.

Бұл жолақ көлік жүргізушілердің жаяу жүргіншілер өткеліне жақындап келе жатқанын білдіру үшін қолданылады екен. 👍🔥

2️⃣ Мемлекет басшысы Бейжіңде Әбу Насыр Әл-Фарабиге қойылған бюстті салтанатты түрде ашты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзі білім алған Бейжің Тіл және мәдениет университетінің аумағында орта ғасырлық философ, ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабиге арналған бюстті салтанатты түрде ашу рәсіміне қатысты.

Ашылу рәсіміне ҚХР білім министрінің орынбасары Ван Гуанянь, университеттің Партия комитетінің хатшысы Ни Хайдун, ректоры Дуан Пэн және Мемлекет басшысына сабақ берген университет профессоры Лю Шицинь, сондай-ақ ҚХР Мемлекеттік өнер мұражайының директоры, мүсін авторы У Вэйшань қатысты.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, Әл-Фарабидің әлемдік өркениетке қосқан зор үлесіне айрықша тоқталды.

– Баршаңызға мәлім, Әл-Фараби – Шығыстың ұлы ойшылы, оның әлемдік өркениеттің дамуына қосқан үлесі орасан зор. Әл-Фараби Қазақстан аумағында туып-өсті, білім іздеп көптеген елге барды. Математика, жаратылыстану, астрономия, филология және басқа да бірқатар ілімді дамытуға зор еңбек сіңірді. Адамзаттың дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ол философиялық туындыларында әділдік идеясына ерекше назар аударды. Қайырымды қоғам және үйлесімді мемлекет құру мәселесіне баса мән берді. Адамгершілік пен рухани құндылықтарды дәріптеді. Ғалым музыка және каллиграфия өнерін зерделеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев энциклопедиялық деңгейдегі, яғни жан-жақты білімі бар Әл-Фарабиді замандастары Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» деп атағанына назар аударды.

Керемет!😍

3️⃣ Республика күніне орай қазақстандықтар бір күн демалады.

Республика күні сәрсенбі, 25 қазанға сәйкес келеді. 📌

Бұл күн демалыс болады. Бұл ретте жұмыс күні демалыс күндеріне ауыстырылмайды.

Осылайша, бес күндік жұмыс аптасында қазақстандықтар бір күн (25 қазан) демалады, кейін екі жұмыс күні (26, 27 қазан), содан кейін демалыс (28, 29 қазан) күтеді. Алты күндік жұмыс аптасында демалыс күндері 25 және 29 қазан болады.