Демалыс, Әскер, Оқу. 17 мамырдың топ жаңалықтары

Автор: редактор 17 мая, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

1️⃣ Қазақстан президентін әлем лидерлері құттықтады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күніне орай шет мемлекеттердің басшыларынан құттықтаулар келіп жатыр.

Құттықтау жеделхаттарын шетелдік мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық миссиялардың өкілдері де жолдады.

Атап айтқанда, Ресей президенті Владимир Путин, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин, Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Корея Республикасының президенті Юн Сок Ёль, Армения президенті Ваагн Хачатурян, Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Біріккен Араб Әмірліктерінің президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин, БАӘ вице-президенті, премьер-министрі, Дубай әміршісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум, БАӘ вице-президенті, премьер-министрдің орынбасары шейх Мансұр бен Заид Әл Нахаян, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Ресей Федералды Жиналысы Федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенко, ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев, Еуразиялық экономикалық комиссияның төрағасы Бақытжан Сағынтаев, ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин, АӨСШК хатшылығының бас директоры Қайрат Сарыбай, ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов, Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев, Татарстан Раисы Рустам Минниханов, Башқұртстан басшысы Радий Хабиров және басқалар құттықтады.

Құттықтаулар әлі де келіп түсіп жатыр.

Бүгін Мемлекет басшысы 71 жасын атап өтуде👏🏻

2️⃣ Қазақстандықтар маусымда неше күн демалатыны белгілі болды.

2024 жылы Құрбан айт 17 маусым, дүйсенбіге сәйкес келеді.

Қазақстандықтар Құрбан айтта 3 күн — 15, 16 және 17 маусымда демалады.
Осылайша маусымда бес күн жұмыс істейтіндер 11 күн демалады.

Алты күн жұмыс істейтіндер 6 күн демалады

Маусымда ел азаматтары Құрбан айт мейрамын тойлайды.📌

3️⃣ Жоғары оқу орындарында әскерге барғандарға 1 500 тегін орын бөлінді.

Қазақстанда мерзімді әскери қызмет өткерген бір жарым мың азамат жоғары оқу орындарына тегін түсе алады.

Шәкіртақы мен жатақхана беріледі
Әскерде борышын өтеп жүрген сарбаздарды оқу орындарына бөлу жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Ал байқауға қатысқан сарбаздар бәрін онлайн режимде көріп отырды. Осымен тегін орындар үшінші рет таратылып отыр. Бірақ биыл жаңа заң қабылданғаннан кейін қосымша артықшылықтар болады.

«Осы жылдың күзінен бастап мерзімді әскери қызмет кезеңінде көзге түскен жастар тегін білім алуға мемлекеттік грант алып қана қоймай, стипендия да алады. Бұдан басқа заңда студенттердің осы санатына бірінші оқу жылы ішінде жоғары оқу орындарының жатақханасынан орын бөлу де көзделген», – дейді министрдің орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев.

Сарбаздар қалай іріктеледі
Министрліктің бастамасымен «Срочники 2.0» цифрлық платформасы әзірленді. Сол жерде сарбаздардың жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық даярлығына баға қойылады. Осылайша, іріктеу ашық жүргізіледі. Ал оқу орындары бойынша орындар әрбір сарбаздың бағасына қарай автоматты түрде таратылады.

Биыл Қарулы күштер, ұлттық ұлан мен төтенше жағдайлар министрлігінің қатарында қызмет еткен 16 630 сарбаздың 10 268-і жеңілдікпен жоғары білім алуға шешім қабылдады. Былтыр көктемде әскерге шақырылған сарбаздар тегін оқуға түсті. Енді биыл күзгі шақырылымның сарбаздары арасында 1,5 мың орын таратылады.
«Срочники 2.0» цифрлық платформасында жеке деректерді енгізу арқылы мемлекеттік білім беру гранттарына ұқсас сертификатты табуға болады. Оны қолдан жасау мүмкін емес, әрбір құжаттың QR-коды бар.

Жоғары оқу орнында тегін оқуға сертификат алғандардың тізімі әлеуметтік желілерде жарияланып, жоғары оқу орындарына жіберіледі.

Керемет! Мүмкіндікті жіберіп алмаңыз!👍