Бәріне сәлем!
Қыздар мен жігіттер, назарларыңызға бүгінгі күннің кезекті ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз!✔️
1️⃣ Астаналық студенттер сыйлықтар шығаратын шағын зауыт әзірледі
ASTANA Polytechnic жоғары колледжінің студенттері Жаңа жыл қарсаңында сыйлықтар өндіру желісін әзірледі.
Астана әкімдігінің мәліметінше, колледж студенттері мехатроника және мобильді робототехника сияқты бағыттарды зерттеу үстінде. Оқу кезінде студенттер тұрақты негізде өндірістік желілерді әзірлеумен айналысады.
Колледж базасында біз кез келген өндірісте жұмыс істей алатын мамандарды, яғни сүт бөтелкесін жасаудан бастап, көлік жасауға дейін мүмкіндігі болатын мамандарды оқытып шығарамыз. Студенттеріміз зауытта жұмыс істеуге дайындалып жүр. Алайда біз оқу орны болғандықтан, зауытты өзімізге орната алмаймыз, өйткені оның көлемі біздің колледж алаңынан 10 есе үлкен болуы мүмкін. Сондықтан біз өндіріс желілерінің нақты көшірмелерін кішірейтілген масштабта қолданамыз. Бұл оқу мақсаттары үшін пайдаланылатын нақты өндіріс, – деді Astana Polytechnic жоғары колледжі директорының Ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары Самир Керімов.
Жаңа жыл қарсаңында төрт адамнан тұратын студенттер тобына мерекелік тақырыпта өндірістік желі құру – жаңа жылдық сыйлықтар шығару міндеті қойылды. Колледж оқушылары миниатюралық автоматтандырылған желіні жинап, жаңа жылдық кейіпкерлермен креативті бейне түсірді.
Шағын зауыт құру үшін бір апта қажет болды. Бұл қондырғыны өндіру үшін студенттерге электрика, механика, пневматика және бағдарламалау туралы білім қажет болды.
Керемет!😍
2️⃣ Қазақстандық зілтемірші Денис Полубояринов Азия чемпионы атанды
Ауыр атлетикадан Катарда өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына алтын медаль түсті.
Денис Полубояринов жастар және жасөспірімдер арасында өтіп жатқан Азия біріншілігінде топ жарды. 96 келі өкілі Денис қоссайыс қорытындысы бойынша 366 келіні (161+205) бағындырып, чемпион атанды. Бұл оған қарсыластарынан оқ бойы озып кетуге мүмкіндік берді. Себебі екінші орындағы ирандық Хамида Зари қоссайыс қорытындысында 334 келіні (146+188) басынан асырды.
Қостанайлық ауыратлет Катарға Бахрейннен ұшып барды. Себебі ел астанасы Манамада ол ересектер арасындағы әлем біріншілігінде Б тобында үздік шықты.
Айта кетейік, Дохадағы Азия чемпионаты 19 желтоқсанда басталып, 25 желтоқсанда аяқталады.
Қазір құрамамыздың еншісінде 16 медаль бар (7 алтын, 4 күміс пен 5 қола).
Жеңіс құтты болсын!🔥
3️⃣ 2025 жылы медициналық сақтандыру үшін жалақыдан қанша ақша ұсталатыны белгілі болды
Қазақстандағы ең төменгі жалақы мөлшері бұрынғы деңгейде қалғандықтан, МӘМС төлемдерінің көбі өзгермейді. Тек біржолғы төлем мөлшері, сондай-ақ жеңілдетілген категориядағы азаматтар үшін жарналар мөлшері өзгереді.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында дербес төлеушілер мен жеке кәсіпкерлер үшін жарналарды есептеу негізі ретінде ең төменгі жалақы есепке алынады. 2025 жылы оның мөлшері сол күйінде қалады – 85 000 теңге. Демек, жарналар мөлшері де өзгермейді. Жұмыс берушілер мен жұмысшылар үшін ставкалар да өзгеріссіз қалады – сәйкесінше 3% және 2%.
«Тек біржолғы төлем мөлшері өзгереді – 21,5%-дан 23,8%-ға дейін, сондай-ақ жеңілдетілген категориядағы азаматтар үшін мемлекет тарапынан жарналар мөлшері өзгереді – орташа айлық жалақының 1,9%-ынан 2%-ына дейін, бұл көрсеткіш өткен екі жылдағы ағымдағы қаржы жылының орташа айлық жалақысынан есептеледі. Бұл мәліметті мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган анықтайды. Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының орташа айлық жалақысы 364 295 теңгені құрады, делінген ресми хабарламада.
Осылайша, 2025 жылы МӘМС төлемдерінің мөлшері келесідей болады:
* Жұмыс берушілердің жарналары – қызметкердің табысынан 3%;
* Жұмысшылардың жарналары – табыстың 2%-ы;
* Біржолғы төлем төлеушілер – жалақы қорынан 23,8%;
* Азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғалардың жарналары – табыстың 2%-ы;
* Жеке кәсіпкерлердің, жеке практикамен айналысатын тұлғалардың жарналары – 5 950 теңге (АЕК-тің 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ы, сәйкес қаржы жылының республикалық бюджет заңымен бекітілген);
* Дербес төлеушілердің жарналары – 4 250 теңге (АЕК-тің 5%-ы);
* Мемлекет тарапынан МӘМС-ке төленетін жарналар – 7 285,9 теңге.
МӘМС жарналарын «Қазпошта» АҚ, екінші деңгейлі банктердің кассалары мен мобильді қосымшалары, сондай-ақ терминалдар арқылы төлеуге болады.
Еске салайық, МӘМС жүйесіндегі мәртебені келесі жолдармен тексеруге болады:
— Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сайты: msqory.kz
— Telegram-бот (https://t.me/SaqtandyryBot)
— Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы
— Кейбір екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары
— egov.kz электронды үкімет сайтының «Медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысу және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі төлемдер мен жарналар туралы ақпарат беру» мемлекеттік қызметі арқылы.
Бұл сауалға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры егжей-тегжейлі жауап беріпті📌