Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!
Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️
1️⃣ Димаш Азиядағы ең ірі – TEDxGateway шарасында өнер көрсетті.
TEDxGateway халықаралық конференциясы маңызды жаңа идеяларды зерттеу және бөлісу бойынша ТEDx-тің жаһандық миссиясына арналған. Жыл сайынғы шара әлемді тереңірек түсінуге ұмтылатын түрлі мәдениеттер мен ұлттардың көрнекті өкілдерін біріктіреді.
Іс-шара Ұлттық өнер көрсету орталығында (NCPA) өтті. Театр 1982 жылы ашылған. Бүгінде бұл Мумбайдың танымал нысандарының бірі.
Кешті әнші әрі композитор Сонам Калра жүргізді. Хинди тілінде тәуелсіз фильмдердегі жұмысымен танымал үнділік кино және театр актрисасы Шефали Шах шара қонағы болды.
Конференцияның мәдени бағдарламасында Үндістанның ең үздік катхак бишісі және хореографтарының бірі Адити Мангалдаспен бірге Димаш Құдайберген өнер көрсетті.
Димаш пен оның Dears фандомын танымал продюсер Ральф Саймон таныстырды. Сахнада 3 ән — Golden, S.O.S және Give Me Your Love шырқалды.
Әртістің шығармашылық өмірінде үлкен рөл атқарған ең танымал және маңызды шығармалардың бірі, француз тіліндегі классикалық S.O.S әніне көрермен қызу қошемет білдірді.
Үлкен сахналарды бағындыра берсін! 😍😍😍
2️⃣ Блогерлер «Алаш Орда» қозғалысының қайраткерлері бейнеленген теңгенің жаңа дизайнын ұсынды.
Бұл туралы tengrinews.kz хабарлады.
Банкноттарда «Алаш Орда» қозғалысының қайраткерлері бейнеленген. 500 теңгелік банкнотта біртұтас Түркістанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен Сұлтанбек Қожанұлы бейнеленген. 1000 теңгелікте алашордалық Міржақып Дулатов, 2000 теңгеде – Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы, 5000-да Мұстафа Шоқай, 10 000-да – Кенесары хан, ал 20 000 теңгеде — Алаш үкіметі негізін қалаушылардың бірі және төрағасы Әлихан Бөкейхан.
Бұл идея авторлаы — алматылық жас-жұбайлар Диас пен Әйгерім Камеридановтар. Осыдан төрт жыл бұрын олар әлеуметтік желіде «Белгісіз Қазақстан» авторлық блогын ашқан. Бұл жобада олар еліміздің мәдениеті, салт-дәстүрі, тарихы туралы қызықты мақалалар мен бейнероликтерді бөліседі.
Оның айтуынша, банкноттардың көбінде алашордалықтар бейнеленген. Авторлар дәл осы тұлғалар қазіргі қазақ мемлекеттілігінің негізін қалағанын атап өтті.
«Бірақ кеңес өкіметі кезеңінде олар негізсіз халық жауы атанды. Олар туралы естеліктерді жаңғырту аруақтары (рухы– еск.) алдындағы, келер ұрпақ алдындағы парызымыз деп білемін. Ал 10 000 теңгелік банкнотта қазақтың соңғы ханы – Кенесары бейнеленген», — деп толықтырды жігіт.
Оларға идеяны жүзеге асыруға графикалық дизайнер Эльнора Матжанова мен видеоинженер Азамат Серікбаев көмектескен.
Керемет!🔥👍
3️⃣ Бүгін футболдан Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірлігі құрамаларының жолдастық кездесуі «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Кездесу елорда уақытымен 21.30-да басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Екі құрама бұған дейін үш мәрте кездескен еді. Оның 1-уі қазақстандық құраманың басымдығымен аяқталса, екеуінде қарсыластар жеңіске жетті.
1998 жылғы әлем чемпионатына екінші іріктеу сатысында В тобында сынға түскен Қазақстан сырт алаңда 1997 жылдың 12 қыркүйегінде аталған қарсыласына 0:4 есебімен есе жіберсе, өз алаңында 3:0 есебімен басым түсті.
Ал 2000 жылдың 11 желтоқсанында өткен жолдастық кездесуде қазақстандық футболшылар қарсыласына 2:5 есебімен жеңіліп қалды.
21:30-да тамашалауды ұмытпаңыздар!😉