Димаш Құдайберген, Ғарышкер, Боксшы. 22 наурыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 22 Наурыз, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!📌

1️⃣ Димаш Құдайбергеннің жаңа әні жарыққа шықты.

«Together» («Біргеміз») композициясы бүгін барлық музыкалық платформаларға жүктелді.

Әншінің айтуынша, әнін бауыры Мансұр жазған және оны алғаш рет Алматыдағы концертінде бірге орындаған. Ал таяуда қарындасы Раушанмен бірге түсірілген бейнебаян көпшілікке жол тартпақ.

«Together» – бұл біз өмір сүріп жатқан қиын кезеңде махаббат пен үміттің хабары (…)
Музыка бүкіл әлемді бір шаңыраққа біріктіреді, ал музыка бізбен бірге болса, жарқын болашаққа деген сенім мен өмірге деген сүйіспеншілік артады.
Біз бірге болсақ, музыка әлемді шынымен өзгерте алады», – деп жазды әнші.

Дауысына қалай тамсанбайсың, аааа?!😍😍😍

2️⃣ Ғарышкер Жер орбитасынан қазақ тілінде видеоқұттықтау жолдады.

Қостанай өңірінде туып-өскен ғарышкер, қазір «Роскосмоста» еңбек ететін Дмитрий Петелин Жер маңы орбитасынан видео жолдап, қазақстандықтарды қазақ және орыс тілдерінде құттықтады.

2022 жылдың 21 қыркүйегінде «Роскосмос» ғарышкері Сергей Прокопьевпен және НАСА астронавты Фрэнк Рубиомен бірге «Союз МС-22» транспорттық-басқарылатын ғарыш кемесінің 1-бортинженері және МКС-68-дің бортинженері ретінде Байқоңыр айлағынан ғарышқа ұшқан болатын. Ал 17 қарашада Сергей Прокопьевпен бірге ашық ғарышқа шығып, онда 6 сағат 25 минут болды.

Осы Наурыздағы ең ерекше құттықтау осы болар!👍👍👍

3️⃣ Отандық 9 боксшы әлем чемпионатының 1/4 финалына шықты.

Әйелдер арасындағы әлем чемпионатында ширек финалға шыққан боксшылар жөнінен Қазақстан көш бастап тұр.

Әлем чемпионаты Үндістан астанасы Нью-Дели қаласында өтіп жатыр. Оған дүниежүзінің 65 мемлекетінен 300-ге тарта спортшы қатысуда. Олардың арасынан 33 елдің былғары қолғап шебері ширек финалға дейін жетті.

Ел құрамасынан жарыстың аталған сатысына тоғыз боксшы шықты. Ал Үндістан мен Қытайда – сегіз, Колумбия мен Францияда – бес, Бразилия, Италия және Таиландта ширек финалда төрт боксшы сынға түседі.

Бұл жолы Қазақстан көш бастап тұр. Жарайсыңдар!🇰🇿🇰🇿🇰🇿