Бәріне сәлем!
Қыздар мен жігіттер, назарларыңызға бүгінгі күннің кезекті ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз!✔️
1️⃣ Димаш Құдайберген Дубайда DIAFA марапатына ие болды
Бұл туралы өнер иесінің өзі 28 қарашада Instagram-дағы парақшасында жазды.
Өнерге қосқан үлесі үшін DIAFA сыйлығына алғыс айтамын. Рахмет, Дубай, рахмет, DIAFA, – деп жазды ол.
Distinctive International Arab Festivals Awards-DIAFA-жыл сайын Дубайда өтетін беделді марапаттау және салтанатты қабылдау рәсімі. Ол аймақтық және әлемдік деңгейдегі көрнекті тұлғаларды, ұйымдар мен компанияларды олардың жетістіктері мен қоғамның өмірін жақсартуға қосқан үлесі үшін беріледі.
Құтты болсын!👏🏻🔥
2️⃣ Енді eGov Mobile қосымшасы арқылы автокөлік тарихын тексеруге болады
eGov Mobile қолданушылары смартфоннан автокөлік тарихын тексере алады.
Бұрын автокөлік тарихын тексеру қызметі электронды үкімет порталында қолжетімді болды.
«Енді eGov Mobile мобильді қосымшасының пайдаланушылары көлік құралының иелену тарихы туралы ақпаратты смартфондарынан бірнеше қадам арқылы тікелей ала алады. Бұл ақпарат алу процесін айтарлықтай жылдамдатып, автокөлік сатып алу кезінде тәуекелдерді азайтуға көмектеседі», — деп жазылған хабарламада.
Сервис көлік құралының Қазақстан аумағында алғашқы тіркелген күні, кепіл немесе ауыртпалықтың болуы, сондай-ақ алдыңғы иелерінің жалпы саны сияқты көлік құралы туралы толық ақпаратты тексеруге мүмкіндік береді.
Бұл ретте алдыңғы иелердің жеке деректері құпия болып қалады.
Қызметті пайдалану үшін қосымшада автокөліктің мемлекеттік нөмірі мен техникалық паспорт нөмірін енгізу жеткілікті. Осыдан кейін пайдаланушыға көліктің толық мәліметі, соның ішінде маркасы, шығарылған жылы, қозғалтқышының көлемі, шанақтың түсі және қосымша жабдықтардың бар-жоғы туралы ақпаратұсынылады.
Сервисті пайдалану үшін пайдаланушыға:
eGov Mobile мобильді қосымшасында авторизациядан өтіп, «Қызметтер» —
«Жүргізу және көлік» — «Автокөлікті иелену тарихы» бөліміне өту;
автокөліктің мемлекеттік нөмірі мен көлік құралын тіркеу туралы куәліктің нөмірін көрсету;
«Іздеу» батырмасын басу;
көлік құралы туралы толық деректі алу қажет
Ескеріп жүріңіз👍
3️⃣ Магистратураға грант тағайындау конкурсына қатысу үшін құжат қабылдау басталады
9 желтоқсанда магистратураға білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттар қабылдау басталады.
Ғылым және жоғары блім министрлігінің мәліметінше, ол 13 желтоқсанға дейін (қоса алғанда) жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары, оның ішінде виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы жүзеге асырылады.
Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуді 10 мыңға жуық адам тапсырды. Олардың 32%-ы шекті балл жинады. Орташа көрсеткіш – ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша 71 балл, бейіндік бағыт бойынша 24 балл. Ең жоғары балл – 135.
Тестілеу қорытындысы бойынша 38 қатысушының нәтижесі жойылды. Оның ішінде 25 оқуға түсуші смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Кешенді тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 12 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Сондай-ақ тестілеу бейнежазбаларын қайта тексеру нәтижесінде 1 адамның балы жойылды. Бөгде тұлға анықталған жоқ, — делінген мәліметте.
Республикалық апелляциялық комиссияға 5,5 мың өтініш, оның ішінде мазмұны бойынша 5,1 мың, техникалық себептерге байланысты 344 өтініш түсті. Апелляциялық комиссияның шешімімен 54 бірегей тест тапсырмасы қанағаттандырылды: мазмұны бойынша – 44, техникалық себептерге байланысты – 10 тапсырма.
Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистратураға түсу үшін кемінде 75 балл, бейіндік бағыт бойынша кемінде 30 балл жинау қажет.
Магистратурада оқуға арналған білім беру гранттары кешенді тестілеу нәтижелері бойынша конкурстық негізде тағайындалады.
Грант конкурсына құжаттарды қабылдау 9-13 желтоқсан аралығында ЖОО-ның қабылдау комиссиялары, оның ішінде онлайн виртуалды комиссиялар арқылы жүзеге асырылады. Яғни болашақ магистранттар құжаттарын дәстүрлі және онлайн форматта тапсыра алады.
Конкурсқа қатысу үшін келесі құжаттарды тапсыру қажет: жеке куәліктің көшірмесі, жоғары білімі туралы құжат (диплом және қосымшасы); КТ сертификаты және шет тілін меңгергендігін растайтын халықаралық сертификаттар (бар болған жағдайда). 075/у нысанындағы медициналық анықтаманы жоғары оқу орнына түскенде тапсырады.
Құжаттарды тапсыру кезінде оқуға түсуші білім беру бағдарламаларының бір тобын және үш жоғары оқу орнын көрсете алады.
Магистратураға түсушілер 4 мың мемлекеттік білім грантына үміткер бола алады.
Магистратураға білім беру гранты иегерлерінің тізімі 25 желтоқсанға дейін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында және әлеуметтік желілерінде жарияланады.
Болашақ магистранттардың оқуға қабылдануы 26 желтоқсан мен 2025 жылдың 10 қаңтары аралығында жүргізіледі.
Құлаққағыс📍