Диплом, Эмми, Педагог. 16 қаңтардың топ жаңалықтары

Автор: редактор 16 Қаңтар, 2024


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Магистранттар мен докторанттар Қазақстанда британдық диплом ала алады.

Қазақстандық магистранттар мен докторанттар Сассекс университетінің дипломын бұдан былай елде жүріп-ақ ала алады.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетімен бірлескен қос диплом бағдарламасын іске асыру бойынша келіссөздер өткізу үшін Ұлыбританиядан Алматыға арнайы делегация келді.

Мәртебелі меймандарды Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гүлмира Қанай қарсы алды. Тараптар ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік орнату бойынша 3 күн қатарынан кездесулер өткізеді.

“Қос диплом бағдарламасы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Сассекс университеті бірлесіп жеңіп алған Британдық кеңес грантының аясында іске асады. Яғни қазақстандық магистранттар мен докторанттар екі диплом алатын болады: біріншісі — Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің, екіншісі — Сассекс университетінің дипломы”, — деп жазды Ғылым және жоғары білім министрлігінен.

Осы әріптестік аясында педагогика саласында қосымша білім алуға мүмкіндік беретін PGCE in Pedagogy and Practice халықаралық бағдарламасын да іске асады. Сондай-ақ профессорлар мен оқытушылардың біліктілігін арттыратын орталық құрылады. Бұл қазақстандық және британдық жоғары оқу орындары ғылымды дамытуда да бірлеседі деген сөз.

Естеріңізге салсақ, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті былтыр жазда Сассекс университетімен өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойған. Осы келісімнің арқасында қазақстандық 15 оқытушы мен докторант Ұлыбританияда біліктілікті арттыру бағдарламасынан сәтті өткен болатын.

Жастар үшін керемет мүмкіндік болмақ!🔥

2️⃣ 75-ші Эмми сыйлығының биылғы иегерлері белгілі болды.

Голливуд студиясының қызметкерлерінің ереуіліне байланысты бұл шара 4 айға кешіктірілген еді.

Осы жылғы басты лауреаттардың қатарында “Мұрагерлер” телехикаясы, Чикагодағы “Аю” мейрамханасы туралы комедиялық сериал және кездейсоқ кездескен екі адамның арасындағы араздықты көрсететін “Қырқыс” шағын сериалы бар.

Салтанатты шараның басты оқиғаларының бірі — британдық әнші Элтон Джонға “Эмми” сыйлығы табыс етілді. Ол бұл сыйлықты Elton Live: Farewell from Dodger Stadium атты телебағдарламасы үшін алды.

Элтон үшін бұл сыйлық ерекше маңызды, өйткені оны алғаннан кейін ол эксклюзивті ЭГОТ клубының мүшесі атанды, яғни Эмми, Грэмми, Оскар және Тони сыйлықтарын түгел жеңіп алған адамдар қатарына қосылды.
Элтон Джоннан басқа, бұл жетістікке тарихтағы 18 адам, оның ішінде актриса Одри Хепберн, режиссер, актер және продюсер Мел Брукс, актриса Вупи Голдберг, композитор Эндрю Ллойд Уэббер және музыкант Джон Ледженд жеткен.

Алайда, Элтон Джон АҚШ-қа Эмми рәсіміне жеке келе алмады, өйткені ол жақында тізесіне операция жасаған.

Лос-Анджелесте телевизиялық жүлденің марапттау рәсімі өтті. 😍

3️⃣2025 жылы білім мекемелері педагог емес қызметкерлерінің жалақысы 100% артады.

2025 жылы білім беру ұйымдарының педагог емес қызметкерлерінің жалақысы 100 пайызға артады. Бұл жайында Оқу-ағарту министрлігінен мәлім етті.

“Мемлекет басшысы мен ел Үкіметі бюджет саласы қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу мәселесіне үнемі ерекше назар аударады. Бюджет саласының қызметкерлерінің, оның ішінде педагогтердің жалақысы бірнеше рет (2001 жылы — 30, 2002 жылы — 35, 2004 жылы — 20, 2006 жылы — 32, 2007 жылы — 30, 2008 жылы — 8, 2009 жылы — 25, 2010 жылы — 25, 2011 жылы — 30, 2014 жылғы 1 сәуірден бастап — 10, 2016 жылы шамамен — 11, 2019 жылы шамамен 50 пайызға) көтерілді. Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмаға сәйкес, 2020-2023 жылдары кезеңінде педагогтердің жалақысы екі есеге (2020 жылы — 25 (2019 жылғы базаға қарағанда), 2021 жылы — 50, 2022 жылы — 75 және 2023 жылы — 100 пайызға) артты. Сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбие және оқыту педагогтерінің жалақысы 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап тағы 30 пайызға көтерілді. Биыл педагогтердің жалақысын арттыру қарастырылмаған”, — деп атап өтеді министрліктен агенттіктің ресми сауалына орай.

Ведомствоның мәліметінше, Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмасын орындау үшін білім беру ұйымдарында қызмет атқаратын педагог емес қызметкерлердің (әкімшілік және қосалқы персонал қызметкерлерінің) жалақысы 2022-2025 жылдар кезеңінде орта есеппен 20 пайызға көтеріліп жатыр.

Мәселен, олардың жалақысы 2022 жылы — 23, ал өткен жылы — 45 пайызға ұлғайды.

“Осылайша, білім беру ұйымдарының әкімшілік және қосалқы персонал қызметкерлерінің жалақысы 2024 жылы 71 пайызға өсті. Аталған санаттағы қызметкерлердің жалақысын 2025 жылы 100 пайызға арттыру жоспарланған”, — деді министрліктен.

Керемет!👍