Discover Abai,Қызылша, Саясат. 7 сәуірдің топ жаңалықтары

Автор: редактор 07 Сәуір, 2023


Кеш жарық, құрметті қыздар мен жігіттер! Бүгінгі күн жақсы жаңалыққа толы болды.

Ендеше назарларыңа ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз.✔️

1️⃣ Министр балалар арасында қызылша ауруы тарап жатқанын айтты.

Денсаулық министрі қазір балалар арасында қызылша ауруы тарап жатқанын растады. Инфекция ауа арқылы тарайды. Ауруды жұқтырудың алғашқы деректері шетелден келгендер мен туристерден анықталған. Нәтижесінде балалар ауруды жұқтырып алған. Қызылшамен екпе алмаған балалар ауырып жатыр. Оларда ауруға қарсы иммунитет болмаған.

Сонымен қатар, министр эпидемия басталмағанын, мектептерде карантиннің енгізілуін күтудің қажеті жоқ екенін атап өтті.

«Қазақстан бойынша ауру жұқтырудың 100 дерегі тіркелді. Әзірше, эпидемия басталған жоқ», – деді Ғиният.

Сақ болыңыздар!🙌🏻

2️⃣ Семейлік оқушылар туристерге арналған «Discover Abai» деп аталатын мобильді қосымша ойлап тапты.

Семейлік оқушылар туристерге арналған «Discover Abai» деп аталатын мобильді қосымша ойлап тапты. Бұл туралы inform.kz мәлімдеді.

Мобильді қосымша үш тілде қызмет көрсетеді. Туристер өз ой-пікірлерін де қалдыра алады.

«Мұнда Абай облысындағы киелі жерлер туралы толық мағлұмат бар. Ең бастысы, туристер олардың орналасқан жерлерін тез таба алады. Мәселен, мейрамхана деген мәзірді басса барлық мейрамхана көрсетіледі», – дейді Семейдегі №7 мектептің 9 «б» сынып оқушысы Нұрлыхан Маратов.

Мобильді қосымшаның тағы бір ерекшелігі, қазақ тілін де үйренуге болады. Абай Құнанбайұлының өмірбаянымен танысып, өлеңдерін оқуға да мүмкіндік бар.
«Біздің облыстың ерекшелігі неде ? Қандай тарихи орындар бар ? Мақсатымыз – туристер Абай облысы туралы терең білсе, құнды мәліметтер алса, ерекше әсерге бөленсе дейміз. Әрине, қазақ тілін үйреніп жатса, құба-құп», – дейді 9 сынып оқушысы Темірлан Темірбаев.
Нұрлыхан Маратов пен Темірлан Темірбаевтың ойлап шығарған мобильді қосымшасы «HACKATHON-2023» республикалық хакатонына қатысып, бас жүлде иеленген.

Оқушылардың айтуынша, алдағы уақытта қосымша жетілдіріліп, барлық платформаға жүктеледі.

Талантты жастарымыздың еңбегі👏🏻🔥

3️⃣ Қазақстанның жаңа экономикалық саясаты бекітілді.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов «Орта мерзімді кезеңге арналған экономикалық саясатты бекiту туралы» Үкімет қаулысына қол қойды.

«Әлемдегі геосаяси жағдайдың нашарлауы, саяси және әскери шиеленістер, санкциялық қақтығыстар, пандемияның салдары әлемнің жаңа саяси және экономикалық географиясын қалыптастыру процесіне түрткі болды. Осының аясында халықаралық институттар әлемдік экономика баяулайды және жаһандық рецессия тәуекелдері туындайды деп болжап отыр. Бұл ретте Қазақстан экономикасында оның дамуын тежеп, әлеуметтік шиеленістің өсуіне әкелуге қабілетті жүйелі проблемалар сақталып отыр. Дамуға жаңа серпін беру үшін экономикалық саясаттың қағидаттары мен тетіктерін қайтадан ой сүзгісінен өткізу, оның болжамдылығын қамтамасыз ету, кәсіпкерлік қызметті ынталандыру мақсатында мемлекеттің рөлін айқындау және «ойын қағидаларын» қайта реттеу талап етіледі», – делінген құжатта.

Жаңа экономикалық саясат кірістерді әділ бөле отырып, сол арқылы азаматтардың өмір сүру деңгейін көтеріп, инклюзивті экономика құруға бағытталған.

«Экономикалық саясаттың мақсаты – ұлттық табыс деңгейінің нақты ұлғаюын қамтамасыз етуге қабілетті орнықты, сапалы және инклюзивті экономикалық өсу. Экономикалық саясатты іске асырудың іргелі шарты заң үстемдігіне жан-жақты кепілдік беру болады. Экономикалық саясат барлық экономикалық агенттер мен азаматтардың әлеуетін барынша ашу үшін әділдік пен мүмкіндіктер теңдігін қамтамасыз етуге бағытталады», – деп жазылған орта мерзімді экономикалық даму жоспарында.

Жаңа экономикалық саясаттың басым бағыттары:

– жекеменшікке қол сұғуға жол бермеу;
– қабылданатын шешімдердің ашықтығы;
– адал бәсекелестік;
– мемлекеттік саясаттың болжамдылығы;
– бизнестің салықтық адалдығы;
– кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі болады.
Құжатта жазылғандай, қолға алынатын жобалар аясында мемлекеттің экономикаға қатысу үлесі жоспарлы түрде қысқарады және қолайлы кәсіпкерлік орта құруға баса назар аударылады.

«Жаңа экономикалық саясат монополияға қарсы заңнама ережелерінің іс жүзінде толық сақталуын қамтамасыз етеді. Экономикалық ынталандырулардың бұрмалануына және нарықтық жағдайлардың деформациялануына әкелетін практикалар жойылады. Бұл ең алдымен, жетекші рөлді жеке сектор атқаратын жаппай кәсіпкерлікке негізделген, олигополиялар мен олигархияға тәуелді емес экономикалық жүйе құруға мүмкіндік береді», – деп көрсетілген құжатта.

Жаңа экономикалық саясат кірістерді әділ бөле отырып, сол арқылы азаматтардың өмір сүру деңгейін көтеруге бағытталған.📌