Доминик Ливакович, Отырар, Алан Құрманғалиев.11 желтоқсанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 11 декабря, 2022


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!👇🏻

1️⃣ Алан Құрманғалиев үстел теннисінен әлем чемпионы атанды.

Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қарағандылық Алан Құрманғалиев Хана Годамен (Мысыр) бірге аралас жұптық разрядта әлем чемпионы атанды. Финалдық матчта Қазақстан-Мысыр дуэті Тьяго Абиодан/Мария Берзостан (Португалия/Испания) басым түсті.

«Бұл тарих! Біздің жас Алан Құрманғалиев әлем чемпионы атанды. Біздің үлкен үстел теннисі отбасымыз бұл нәтижеге өте қуанышты және оны спортшының қажырлы еңбегі мен өз ісіне деген сүйіспеншілігінің нәтижесі ретінде бағалайды!»,- деді үстел теннисі Федерациясының президенті Данияр Әбілғазин.

Құтты болсын!👏🏻👏🏻👏🏻

2️⃣ Футболдан Хорватия құрамасының қақпашысы Доминик Ливакович Германияның «Бавария» командасына ауысуы мүмкін.

Мұндай шешім «Баварияның» негізгі қақпашысы Мануэль Нойердің аяғынан жарақат алып қалуына байланысты қабылданып отыр. Салдарынан ол биылғы футбол маусының соңына дейін жасыл алаңға қайта орала алмайды деген болжам бар.

Бұл ретте «Бавария» басшылығы екі нұсқаны қарастырады. Алғашқысы – Францияның «Монако» клубынан Александр Нюбелдің жалға алу мерзімін тоқтатып, командаға қайта қосу болса, екіншісі – Доминик Ливаковичпен келісімшарт жасау.
Әлем чемпионатында хорватиялық қақпашы бес кездесуде өз қақпасына небәрі үш гол жіберіп алды. Ал, өзі ойнайтын Хорватияның «Динамо» (Загреб) клубында 28 кездесуде 35 голды қақпасынан алып шығуға мәжбүр болды.

Бұл өзгеріске қалай қарайсың?)

3️⃣ Отырар ежелгі қалашығын қалпына келтіру жұмыстары аяқталды.

Археолог-ғалымдар мен реставраторлар «Ежелгі Отырар қаласын ішінара қалпына келтіру» жобасы аясында тиісті жұмыстарды толығымен аяқтады. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі хабарлайды.

Ғалымдар ежелгі қалашық аумағында Ақ Орда билеушісі Ерзен хан салған Ханаканың орнын тапты. Сондай-ақ, мамандар күйдірілген кірпіштен қаланған мешіт пен XV ғасырдың басында Әмір Темір Тоқтамыс ханның елшілерін қабылдаған Бердібек сарайын ішінара реставрациялады, «Жарақты», Солтүстік және Сопыхан қақпаларын толығымен қалпына келтірді.

Енді тарихи ордаға келушілер де көбейеді👍