Дзюдо, Әнші, Қолжазба. 18 қыркүйектің топ жаңалықтары

Автор: редактор 18 сентября, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Қазақстандық дзюдошы әлемдік рейтингте Ғалия Тынбаева үздік ондыққа енді

24 жастағы қазақстандық спортшы 48 келі салмақта финалға шығып, жапон спортшысы Вакана Когеге есе жіберді.

Бұл нәтиже Тынбаеваға Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) әлемдік рейтингінде көтерілуге мүмкіндік берді.

«48 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Ғалия 3779 ұпай жинап, 12-ші орыннан 10-шы орынға көтерілді», — делінген хабарламада.

Айта кетейік, 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде рейтингте бірінші орынды моңғолиялық Баасанху Бавудорж иеленді. Тағы бір қазақстандық дзюдошы Әбиба Әбужақынова 4-орынға табан тіреді.

Ол Хорватияда өткен жарыста күміс жүлдені еншіледі😍 Құтты болсын!

2️⃣ Франциядан табылған Қазақстан тарихына қатысты құнды қолжазбаның көшірмесі жарияланды

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы “Архив 2025” бағдарламасы аясында Франциядан табылған Қазақстан тарихына қатысты құнды қолжазбаның көшірмесін жариялады.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Франция Ұлттық кітапханасында сақталған «Таңдамалы шежірелер» тарихи шығармасы хижраның 816 жылы / яғни 1413 жылы Ширазда жазылған. Яғни, бұл шығарма XV ғасырға тән. Парсы тілінде араб жазуымен жазылған кітап 15 тақырып бойынша 15 тараудан тұрады. Кітап 413 бетті құрайды. Атап айтқанда, кітапта Ақ Ордаға толық сипаттама беріліп, Ақ Орда хандарының билігінің толық хронологиясы қамтылған. Сондай-ақ, Ақ Орда билеушілерінің аты-жөні, әкелері мен шешелерінің аты-жөні және жерленген жерлері туралы құнды кесте берілген.

Кітапта Алтын Орданың Көк және Ақ Ордаларға ыдырау кезеңі сипатталған. Сонымен қатар, Сығанақта Ақ Орданың 10 билеушісі жерленгені туралы да айтылады.
Муин ад Дин Натанзи XIV ғасырдың екінші жартысында Исфахан маңындағы Натанз ауылында (Иранда) дүниеге келген. Давлатшах Самарқандидің «Тазкират аш-шуаро» («Ақындардың өмірбаяны») шығармасына сәйкес, XV ғасырдың басында Муин ад Дин Натанзи Ширазда Мырза Искандер (Әмір Темірдің немересі) сарайында тұрды және Хайдар Хорезми, Хафиз Хорезми және т. б. сияқты ақындардың замандасы болған.

Тарихи ақпараттар толығып жатыр👍

3️⃣ Жапонның виртуалды әншілері Қазақстанның Әнұранын қазақ тілінде шырқады

Виртуалды әншілерден құралған жапондық әншілер тобы “TeSpaRu-5: AI Opera Company Japan” жақында жаңа туындысын шығарды. Бұл туралы inform.kz мәлім етті.

Жаңа туындыда төрт виртуалды әнші: Зундамон(ずんだもん)、Шикоку метан(四国めたん)、Тохоку Киритан(東北きりたん)、және WhiteCUL Қазақстан Республикасының Әнұранын қазақ тілінде шырқады.
YouTube арнасында жарияланған туындыда Қазақстанның жалпы жағдайы, оның ішінде халық саны, жер көлемі, климаты, мәдениеті, әдет-ғұрпы, экономикалық жағдайы да таныстырылған.

“TeSpaRu-5: AI Opera Company Japan” – виртуалды әншілерден құралған әншілер тобы. Топ сонымен қатар басқа елдердің Әнұрандарын да орындаған.
виртуалды әншілер тобы – топ мүшелері нақты адамдар емес, анимациялық кейіпкерлерден тұратын музыкалық топты білдіреді.

Керемет! Видеоны тамашаладыңыз ба?