Елена Рыбакина, Головкин, Асхат Аймағамбетов. 2 қаңтардың топ жаңалықтары

Автор: редактор 02 Қаңтар, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!🔥

1️⃣ Головкин мен Канело арасындағы үшінші жекпе-жек «Жылдың үздік жекпе-жегі» номинациясына ұсынылды.

Сондай-ақ, тізімде Джермелл Чарло – Брайан Кастаньо, Хуан Франсиско Эстрада – Роман Гонсалес, Эррол Спенс – Йорденис Угас, Себастьян Фундора – Эрик Любин, Кенширо Тераджи – Хирото Киогучи арасындағы жекпе-жектер де бар.

Сен бұл шешімді құптайсың ба?😍

2️⃣ Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов ұлының 5-сыныптан бастап жылына 30-50 кітап оқитынын айтты.

«Балалық шағымнан қалған естеліктердің бірі – үйдегі кітаптарға толы үлкен сөрелер мен алуан түрлі әдебиеттер. Үйде кітаптардың белгілі бір сериясына жазылу немесе кезекті рет оқылған кітаптар туралы сондай мақтанышпен, қызығушылықпен айтылғаны әлі есімде. Осыдан болар мен үйдегі кітаптарды оқып шығып, кейінірек аудандық кітапхананың тұрақты оқырманы болдым. Бала кезімде «тамақ ішіп отырғанда кітап оқымау керек» деген ескертуді жиі еститінмін. Өзім әке атанғанда балаларыма алдымен ертегі оқып бердім, кейін үлкен ұлым өзі оқи бастады. Ертегілер мен шағын әңгімелерден бастап, шытырман оқиғалар, ғылыми фантастика және көркем емес фантастика сынды жанрларға біртіндеп көштік. 5-сыныптан бастап ұлым жылына 30-50 кітап оқитын болды. Сол кезде мен де ұлыма «тамақ ішіп отырғанда кітап оқымау керек» деп ескерту жасай бастадым», – деп жазды Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында.

Ал сен айына, жылына неше кітап оқып жүрсің?📚

3️⃣ Қазақстанның бірінші, әлемнің 21-ракеткасы Елена Рыбакина 2023 жылдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Ол Аделаида WTA 500 турнирінің екінші айналымына шықты.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 14-інші, осы жарыстың 5-ракеткасы, америкалық Даниэль Коллинзбен кездесті.
Бірінші партия аяғына таман брейк жасаған америкалық спортшы басым түсті – 7:5.

Екінші сетте есесіне қазақстандық теннисші 4:1 есебімен алға кетті. Сосын тағы бір брейкпен тәмамдады – 6:2.

Үшінші, шешуші партияда да Е.Рыбакина қарқынын бәсеңдеткен жоқ – 4:1. Тағы бір брейк – 5:1. Бұдан кейін қарсыласы есепті қысқартқанымен, Елена екінші рет матчқа доп бергенде, қателескен жоқ – 6:3.

Екі сағат 21 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Елена 14 эйс жасап, 17 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Д.Коллинз 5 эйс, 2 брейкпен көзге түсті.

Е.Рыбакина ширек финалға шығу үшін әлемнің 69-ракеткасы, украиналық Марта Костюкпен таласады. М.Костюк дүниежүзілік рейтингте 162-сатыда тұрған аустралиялық Джейми Форлисті тізе бүктірді – 6:1, 3:6, 6:4.
Жүлде қоры 826 327 АҚШ долларына бағаланған турнир 8 қаңтарда мәреге жетеді.

Құтты болсын!👏🏻👏🏻👏🏻