Елена Рыбакина, Киіз үй, Аренда. 10 ақпанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 10 февраля, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!🔥

1️⃣ Мемлекет 70 мың қазақстандыққа үйдің арендасын төлеуге көмектеседі.

Биыл тұрғын үйдің жалға алу ақысын субсидиялау тетігімен 70 мыңға жуық қазақстандық қамтылады. Бұл жайында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Елімізде жеке тұрғын үй қорындағы баспананың жалға алу ақысын субсидиялау тетігі іске асырылып жатыр.

«2023 жылы бұл мақсатқа 50 млрд теңге бөлінбек. Субсидиялау бағдарламасымен 70 мыңға жуық адам қамтылады. Мемлекет осы азаматтар жалға алған үйдің арендасының 50%-ін төлейді», — делінген хабарламада.

Бағдарламаға қатысу үшін қазақстандық Otbasybank.kz платформасында өтініш жіберуі керек. Субсидиялауға өтініштер электронды цифрлы қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы қабылданады.

Азаматтар жалға берілетін тұрғын үйді өздері іздеп, таңдайды. «Отбасы банк» тұрғын үйді жалға алу бойынша субсидияларды жалдау шартының қолданылу мерзімі мен төлемдердің кестесіне сәйкес ай сайын төлейді.
Жалға алу төлемдері бойынша мемлекеттік қолдауға 4 санатқа сәйкес тұрғын үйге кезегінде тұрған азаматтар, атап айтқанда I және II топтағы мүгедектер, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар және көпбалалы отбасылар үміткер бола алады.

Бұл ретте үміткер отбасылардың кейінгі 6 айдағы орташа айлық жиынтық табысының мөлшері жанұяның әр мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауға тиіс.
«Отбасы банк субсидия алушылардың сәйкестігіне мониторинг жүргізіп, сондай-ақ ай сайын төлем тәртібін қадағалайды. Ал жергілікті әкімдіктер кемінде тоқсанына бір рет жалға берілетін тұрғын үйді тексереді», — деді министрліктегілер.
Бұл ретте жақын туыстарынан, бұрын некеде тұрған жұбайынан және ерлі-зайыптылардың туыстарынан тұрғын үйді жалға алуға, сондай-ақ аталған баспананы қайта жалдауға өткізуге тыйым салынады.

Яғни, 50%-ін бюджет ақшасы есебінен өтеледі, қалған жартысын отбасы өз қалтасынан төлейді. ✔️📌

2️⃣ Елена Рыбакина Әбу-Дабидегі турнирдің ширек финалына шықты.

Уимблдон-2022 чемпионы, әлемнің 10-шы ракеткасы қазақстандық Елена Рыбакина Әбу-Дабидегі (БАӘ) WTA-500 санатындағы турнирді сәтті бастады.
Екінші айналымдағы матчта Елена әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы чех Каролина Плишкованы 6:4, 6:2 есебімен ұтты. Кездесу 1 сағат 10 минутқа созылды.

Жарыстың жартылай финалына шығу үшін Қазақстанның бірінші ракеткасы бразилиялық Беатрис Хаддад-Майямен кездеседі.
Әбу-Дабидегі турнирдің жалпы жүлде қоры – 780 637 доллар.

Құтты болсын!😍🔥

3️⃣ Қазақстан бастамасымен Түркияда киіз үй қалашықтары пайда болады.

Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлады.

Бұған дейін ол бауырлас мемлекетке киіз үй жіберуді ұсынып, ақша жинауды бастаған. Екі күннің ішінде 20 миллионға жуық қаржы жиналған. Бүгін осы ақшаға 45 киіз үй сатып алынды.

«Үш Газельмен 45 киіз үйді «Turkish Airlines» әуе компаниясының қоймасына жібердік. Ары қарай Түркияға ұшып барамын. Киіз үй қалашықтары қирап қалған қалалардың жанынан тұрғызылады», — деді Нұрбек Бекбау.

Оның айтуынша, қарапайым адамдар тағы 15-16 киіз үй, ал кәсіпкерлер 30 киіз үй сатып алды. Оны да қоймаға жеткізген.

«Сонда Қазақстаннан, шамамен, 100 киіз жіберіледі. Ертең бәрін жүк ұшағына тиеп, алып барады. Осымен киіз үйге ақша жинау аяқталды. Енді бәрін апарып, құрастырып қою қажет. Қазір, шамамен, 2 миллион 800 мың теңгедей артық қалып отыр. Оған бір қазан, самауыр және тағы басқа заттарды аламыз», — деп атап өтті журналист.

Тезірек реттеліп кетуін тілейміз. 🙌🏻🙌🏻🙌🏻