Елші, Футзал, Сәби.8 қазанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 08 октября, 2024


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ “Семей” футзал клубының 33 жастағы шабуылшысы әлем чемпионы атанды

Өзбекстанда футзалдан әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. “Семей” клубының 33 жастағы шабуылшысы Бразилия құрамасы сапында әлем чемпионы атанды.

Финалда Бразилия құрамасы Аргентинадан 2:1 есебімен басым түсті. Ойынның 6-минутында Феррао алғашқы голды соғып, командасын алға шығарды, ал 13-минутта Рафа Сантос екінші голды салды. Аргентина құрамасынан Матиас Роса 39-минутта бір ғана голмен жауап берді.

“Әлем чемпионы болу кез келген спортшының арманы. Құдайға, отбасым мен бізді қолдаған барша жанкүйерлерге алғыс айтамын”, – деп жазды Феррао Instagram парақшасында.

Бұл тарихи жеңіспен Ферраоны «Семей» клубының басшылығы да құттықтады.

“Біз Феррао үшін өте қуаныштымыз! Осындай маңызды ойында гол соғып, чемпион атану – үлкен жетістік. Оның біздің команда мүшесі болғанына мақтанамыз”, – деді “Семей” футзал клубының бас директоры Азамат Әселқан.

Құтты болсын!🔥

2️⃣ Димаш Құдайберген Діндер съезінің Ізгі ниет елшісі болып тағайындалды

Белгілі қазақ әншісі Димаш Құдайберген Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің Ізгі ниет елшісі болып тағайындалды. Астанада өткен съезд хатшылығының ХХІІ отырысында бұл лауазымға 5 үміткер ұсынылып, олардың қатарында Димаш Құдайберген де болды. Хатшылық мүшелері осы бес үміткердің барлығын бірауыздан қолдады.

Ізгі ниет елшілері тізіміне енген басқа тұлғалар:

• Иерусалим Патриархы III Феофил;
• Англикан қауымдастығы бас хатшысының орынбасары Бэйли Уэллс;
• Мұсылман ақсақалдар кеңесінің бас хатшысы Мұхаммед Әбдел Салам;
• Вьетнам буддистік сангхасының бас хатшысы, Атқарушы кеңес төрағасының орынбасары Тхит Дык Тхиен.

Бәрекелді!👏🏻

3️⃣ Шымкентте салмағы 6 келіден асатын алып сәби дүниеге келді

Шымкентте салмағы 6 келіден асатын алып сәби дүниеге келді. Дәрігерлер әйелді табиғи жолмен босандырып алды.

Ақ халаттылардың айтуынша, қазір ана мен баланың жағдайы жақсы. Қазір ана мен бала өміріне төніп тұрған ешқандай қауіп жоқ.
Қала тұрғыны Альмира Жандарбекова 3 қазан күні Шымкент қалалық №2 аурухананың перзентхана бөліміне  келіп түскен. Дәрігерлер келіншекті бақылауға алып, перзентханада толғағы келгенін күткен. Нәтижесінде 4 қазан күні сағат 13:50-де салмағы 6 келі 500 грамм, бойы 63 см сәби дүниеге келген.

Бұл Альмира Жандарбекованың алтыншы жүктілігі. Алып сәбиге туыстары Тауекел деген есім берген.

Сәбиіміз ғұмырлы болсын!😍