Елтаңба, Каникул, Ипотека. 15 наурыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 15 Наурыз, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Қазақстанда жаңа елтаңба пайда болады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік рәміздерге өзгеріс енгізуге қатысты өз ойын айтты.

«Біздің Көк туымызда мін жоқ. Онда еліміздің бірегей болмысы нақты бейнеленген. Әнұранымыз да нағыз ұлттық рухты паш етеді. Қазақтың әнұраны әлемнің әр түкпірінде шырқалып жүр. Жаңа жылды жақындарымыздың ортасында әнұранмен қарсы алу жақсы дәстүрге айналды. Бір сөзбен айтсақ, әнұранымыздың сөзі де, әуені де халықтың жүрегіне әбден орныққан.
Ал Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек.
Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады», – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы елтаңбаның жобасын жасауға байқау жарияланатынын да атап өтті😍

Елтаңбаның дизайны қандай болғанын қалайсыз?

2️⃣ Қазақстанда мектеп оқушылары көктемгі каникулда 11 күн демалады.

Оқу-ағарту министрлігі үшінші тоқсанның көктемгі демалысы 21-31 наурыз аралығында он бір күнге созылатынын мәлімдеді.

Оқу-ағарту министрлігі мектеп оқушыларының көктемгі демалысын және бос уақытын тиімді өткізу әрі тұлғалық дамыту мақсатында мектепішілік көктемгі каникул іс-шараларының жоспарын әзірлеуде Біртұтас тәрбие бағдарламасын негізге алуды ұсынады.

Мектепішілік іс-шара жоспарына «Еңбегі адал жасөрен» жобасы аясында табысты тұлға тақырыбында сынып сағатын, «Үміт сәулесі» акциясын өткізу, «Ата-аналар мектебі» жобасы аясында домбыра party фестивалін, «Бәрі де ана бір өзіңнен басталады», «Атадан өсиет, анадан қасиет» тақырыптарында ата-аналар жиналыстарын өткізу, «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» тақырыбында мата, жүн, былғары, киіз, ағаш, жіп, қағаз, сазбалшық және тағы басқа заттардан қолөнер туындыларын әзірлеуден байқау өткізу, құқықтық сауаттылық пен құқықтық мәдениетті қалыптастыру бойынша іс-шаралар ұйымдастыру ұсынылады.

«Сонымен қатар балалардың демалыс уақытындағы қауіпсіздігін сақтау және олардың құқықтық қорғалу шараларын күшейту керектігін ескеру маңызды. Осы іс-шаралар білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсыным ретінде жіберіледі», – деді оқу-ағарту министрлігі тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті басқармасының бас сарапшысы Самат Жұмабеков.

Тамаша!👍

3️⃣ Елімізде жаңа ипотекалық бағдарлама әзірленеді.

Бүгін Атырауда ашылған ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 наурыздан бастап іске қосылған «Отау» ипотекалық бағдарламасы ел ішінде үлкен сұранысқа ие болғанын ерекше атап өтті. Дегенмен өңір тұрғындарына арналған бағдарлама жоқ.

«Ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алу керек. Бұл ретте әлеуметтік тұрғыда осал топтағы жандар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспауы қажет. Сонымен қатар сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана санын бірнеше есе көбейтуді үкіметке тапсырамын», – деді Тоқаев.

Айтуынша, жеңілдетілген жаңа ипотеканың енгізілуі және жалға берілетін тұрғын үйдің көптеп салынуы құрылыс қарқынын арттырады.

«Ал ең бастысы, бұл бағдарлама баспанаға мұқтаж көптеген адамның үй алуына жол ашады», – деп түйіндеді мемлекет басшысы.

Тоқаев үкіметке тапсырма берді.📌