Бәріне сәлем!
Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!
1️⃣ ММА әлем чемпионатында Қазақстан командалық есепте алғаш рет 1-орын алды.
Бұл туралы ұлттық құрама мәлімдеді.
11-18 ақпанда Сербия астанасы Белградта 18-20 жас аралығындағы жастар мен 21 жастан асқан ересектер арасында ММА бойынша әлем чемпионаты өтіп жатыр.
Әлем чемпионатына 60 елден 628 спортшы қатысты. Қазақстан атынан ММА ұлттық құрамасының 33 мүшесі өнер көрсетіп жатыр.
16 ақпанда 18-20 жастағы жастар арасындағы финалдық жекпе-жектер өтті.
Жарқын текетірес нәтижесінде Қазақстан құрамасының қоржынында 3 алтын, 2 күміс және 5 қола медаль бар.
Құтты болсын!👍
2️⃣ «Болашақ» бағдарламасы аясында 25 адам шетелде тағылымдамадан өтеді.
Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
Отырыста шетелде тағылымдамадан өту үшін «Болашақ» стипендиясын тағайындау мәселесі де қаралды. Комиссия шешіміне сәйкес 25 азаматқа стипендия берілді.
2023 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша барлығы 555 стипендия, оның ішінде магистратураға 395, резидентура және докторантураға 50, тағылымдамадан өтуге 110 стипендия бөлінді.
Айта кету керек, «Болашақ» бағдарламасының стипендиясын алуға құжат тапсыру биылғы жылдың қыркүйек айына дейін жалғасады.
Жиын соңында Ерлан Қарин бірқатар нақты тапсырма берді.
Ал сен болашақ бағдарламасы бойынша білім алғың келе ме?😍
3️⃣ Оқу жылының аяқталуы және емтихан тапсыру мерзімдері белгілі болды.
Білім министрлігі Қазақстан мектептерінде оқу жылының аяқталуы және аттестаттау өткізу мерзімдері көрсетілген бұйрық жобасын дайындады. Бірақ мерзімдер қоғамдық талқылау кезінде өзгертілуі мүмкін
Бұйрық меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан орта білім беру ұйымдарында 2022-2023 оқу жылын аяқтауды ұйымдастыру мақсатында әзірленген. Жоспарға сәйкес, орта білім беру ұйымдарында оқу сабақтары 31 мамырда аяқталады.
9 (10) сынып оқушылары үшін емтихан тапсыру 2 маусым мен 13 маусым аралығында өткізіледі.
11 (12) сынып оқушылары үшін мемлекеттік емтихан тапсыру 5 маусым мен 19 маусым аралығында өткізу жоспарланған.
Жоба қорытынды аттестаттау мерзімін белгілейді.
9 (10)-сынып оқушылары үшін:
1. қазақ/орыс тілі және өзбек/ұйғыр/тәжік тілінде білім беретін мектептер үшін ана тілі (оқыту тілі) бойынша эссе нысанында жазбаша емтихан, гуманитарлық цикл пәндерін тереңдетіп оқытатын мектеп білім алушылары үшін жазбаша жұмыс (мақала, әңгіме, эссе) – 2 маусым;
2. математика (алгебра) бойынша жазбаша емтихан (бақылау жұмысы) – 6 маусым;
3. орыс/ өзбек/ ұйғыр/ тәжік тілінде оқытатын сыныптарда қазақ тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан (мәтінмен жұмыс, мәтін бойынша тапсырмаларды орындау) және қазақ тілінде оқытатын сыныптарда орыс тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан (мәтінмен жұмыс, мәтін бойынша тапсырмаларды орындау) – 9 маусым;
4. таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан (физика, химия, биология, география, геометрия, Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы, әдебиет (оқыту тілі бойынша), шет тілі (ағылшын/француз/неміс), информатика) – 13 маусым;
11 (12) сынып оқушылары үшін:
1. қазақ/орыс тілі бойынша және өзбек/ұйғыр/тәжік тілінде білім беретін мектептер/сыныптар үшін ана тілі (оқыту тілі) бойынша жазбаша емтихан – 5 маусым;
2. алгебра және анализ бастамалары бойынша жазбаша емтихан – 8 маусым;
3. Қазақстан тарихы бойынша ауызша емтихан – 12 маусым;
4. орыс/өзбек/ұйғыр/тәжік тілдерінде оқытатын мектептерде/сыныптарда қазақ тілі мен әдебиетінен және қазақ тілінде оқытатын мектептерде/сыныптарда орыс тілі мен әдебиетінен жазбаша емтихан – 15 маусым;
5. таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан (физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзілік тарих, құқық негіздері, әдебиет (оқыту тілі бойынша), шет тілі (ағылшын/француз/неміс), информатика) – 19 маусым.
Қазір бұйрық жобасы 2 наурызға дейін жалғасатын қоғамдық талқылауға ұсынылған. Оны мына сілтемеден оқи аласыз.
Сен қай уақытта тапсырайын деп жатсың?🤔