Емтихан, Жүргізуші, Банан. 14 тамыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 14 Тамыз, 2023


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Қазақстанда жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру ережесі өзгертілді.

Қазақстанда көліктерді заңсыз рәсімдеумен айналысқан қылмыстық топқа қатысты қылмыстық істер көбейген. Сол себепті жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру ережесі өзгерді. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеді.

Агенттіктің мәліметінше, ақпараттық жүйелер осал, процестер жеткіліксіз цифрландырылған, автокөлікті тіркеу рәсімі жетілдірілмеген, емтихандарды қабылдау рәсімінің құқықтық олқылықтары және автомектептерде атүсті оқыту салдарынан заңсыз делдалдық қызметтер пайда болған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі уәкілетті мемлекеттік органдардың атына 22 ұсыныс жолдады.

Қазіргі таңда ұсыныстардың жартысынан көбі орындалды:

Мәселен, ішкі істер министрлігі өзінің барлық аумақтық бөлімшелерінде автокөлік құралдарының дерекқорын түзетуге қолжетімділікті жапты.

Сонымен қатар, ішкі істер министрінің бұйрығымен жүргізуші куәліктерін беру рәсімі күшейтілді. Емтихан алушылардың міндетті биометриясы мен тестілеудің барлық процесін бейнетіркеу енгізілді, емтихандарды қайта тапсыру регламенті өзгертілді.

Пилоттық режимде арнайы ХҚКО мен ІІМ-де жаңа ақпараттық жүйелер іске қосылды.

Арнайы ХҚКО қызметкерлерін сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық субъектілеріне жатқызу ұсынылды.
Заң жобасы ҚР парламентінде қаралып жатыр.

«Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, мамандандырылған ХҚКО-ларда құжаттарды ресімдеуге көмек ұсынатын тұлғалар әлі де болуы мүмкін. «Көмекшілердің» заңсыз қызметтеріне жүгінбеуіңізді сұраймыз», – дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.

Ал сіз куәлік алып үлгердіңіз бе?🤔

2️⃣ 1 қыркүйектен бастап 1-4 сынып оқушыларының барлығы тегін тамақ ішеді.

Бұл туралы оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 1,5 миллионнан астам оқушыға, сондай-ақ әлеуметтік мәртебесіне қарамастан бастауыш сынып оқушыларына тегін тамақ беру жоспарланып отыр», – деп жазылған хабарламада.

Республика бойынша тегін тамақпен қамту құны орта есеппен 577 теңге тұрады, ең жоғары баға Алматы қаласында – 800 теңге.
«Алдыңғы жылдары 1-4 сынып оқушыларының 56,6%-іне тегін тамақ берілді. Атап айтқанда, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, Павлодар, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Атырау облыстарының оқушылары қамтылды», – деп атап өтті Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің басқарма басшысы Дана Мақтаева.
Оның айтуынша, қалған өңірлердің оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілді, осылайша жаңа оқу жылынан бастап 100% көрсеткішке қол жеткізіледі.

Тегін тамақпен қамту құны орта есеппен 577 теңге тұрады.📌

3️⃣ Қазақстанның оңтүстігінде алғаш рет банан өсіріле бастады.

Түркістан облысында өнеркәсіптік көлемде банан өндіріле бастады. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.

Түріктің Gengroup Qazaqstan компаниясы өңірде банан отырғызылған 5,3 га жылыжай кешенін салды.

«Қазақстанның климаттық жағдайларына бейімделген бананның сорты арнайы өсірілді», – деп атап өтті ведомство.

Жақын арада жылыжай тағы 5 гектарға кеңейтіледі, бұл жылына шамамен 1000 тонна банан өндіруге мүмкіндік береді. Алғашқы өнімді 6-8 айдан кейін жинау жоспарланып отыр. Экзотикалық жемістерден басқа, жылыжайда қызанақ пен құлпынай өсіріледі.

Жобаның құны бірінші кезеңде 4 миллион АҚШ долларды құрайды.

Керемет бастама екен!😍🔥