Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!
Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅
1️⃣ Қазақстанда жаңа ереже бойынша жаяу жүргінші жасыл түсте көліктің маневрді аяқтауын күтеді.
Жол қозғалысы қағидалары, көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерге өзгеріс енгізіледі.
Жаңа ережеге сәйкес, бағдаршамның жасыл түсі жанған кезде жаяу жүргінші жол қиылысында қозғалысын бастап қойған жүргізушіге маневрін аяқтау үшін жол беруі керек. Өзгеріс ереженің «Жаяу жүргіншінің міндеттері» деп аталатын 3-тарауына енгізілмек.
«Жаяу жүргіншілер жүріс реттеліп тұратын жерлерде – реттеушінің сигналын немесе жаяу жүргіншілер бағдаршамын, ал ол болмағанда, көлік бағдаршамын басшылыққа алады. Сондай-ақ бағдаршамның немесе реттеушінің рұқсат беру сигналы қосылған кезде жаяу жүргінші жол қиылысы арқылы бұрын бастаған қозғалысты аяқтау үшін көлік құралдарына жол береді. Бұл норма реттелетін жаяу жүргіншілер өткелдерінен өтетін жаяу жүргіншілерге қойылатын талаптарды күшейтуге мүмкіндік береді. Себебі қазіргі уақытта жаяу жүргіншілер көбінесе өз қауіпсіздігінің аспектілерін елемейді және көлік құралдарының бұрын бастаған маневрін аяқтағанына көз жеткізбестен бағдаршам сигналы бойынша жолға шығады», — деп жазылған ішкі істер министрі бұйрығының жобасында.
Айта кетсек, ҚР Ішкі істер министрінің «Жол жүрісі қағидаларын, Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалар бойынша боялуға тиіс жедел және арнайы қызметтер тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №534 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» бұйрық жобасы Ашық НҚА алаңына орналастырылған.
Ескеріп жүріңіз!📌
2️⃣ Шығармашылық мамандықты таңдаған түлектердің ҰБТ-ны қалай тапсыратыны белгілі болды.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек шығармашылық бағытты таңдаған талапкерлер 2024 жылы ұлттық бірыңғай тестілеуді қалай тапсыратынын айтты.
“Сіздер үшін ҰБТ-2024 өзгеріссіз қалатындығын қуана хабарлаймын. Тестілеуде сіздер тек екі пән тапсырасыздар: Қазақстан тарихы (20 тапсырма, шекті балл – 5) және Оқу сауаттылығы (10 тапсырма, шекті балл – 3). Тапсырмаларды орындау уақыты – 70 минут. Ал шығармашылық емтихандар жоғары оқу орындарында өтеді”, — деді министр.
Саясат Нұрбектің айтуынша, талапкерлердің қалауы мен бейінді ведомстволардың сараптамалық пікірі негізінде қабылданды.
“Қорытындылай келе, өткен жылы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, үздік нәтижемен грант тағайындау конкурсына қатысу мүмкіндігін ресми түрде бекіткенін еске саламын. Егер ақылы негізде түсу үшін ҰБТ тапсырудың тағы үш мүмкіндігі (қаңтар, наурыз, тамыз) бар екенін ескеретін болсақ, онда 2024 жылғы талапкерлер тестілеуден бес рет өте алады” — деді ол.
Жаңа өзгеріспен таныстыңыз ба?🤔
3️⃣ Қазақ қызы Орталық Азиядан шыққан тұңғыш халықаралық дәрежедегі төреші атанды.
Қазақстандық Айя Айтбай садақ атудан халықаралық дәрежедегі төреші атанды.
Айя – бүгінде садақ атудан қалалық құраманың мүшесі.
Айя Орталық Азиядан шыққан тұңғыш халықаралық дәрежедегі төреші атанды. Бұл атақты мерген қызға Францияда берген. Сосын былтыр Қытайда өткен жазғы Азия ойындарында төрелік етті. Дүбірлі жарыста Үндістан, Жапония, Малайзия, Қытайдан шыққан садақ атушыларға төреші болды.
Азия ойындарынан соң мерген қыз әлем чемпионатында төрелік етті. Енді 2026 жылы Африка құрлығында өтетін жасөспірімдер олимпиадасына жолдама алуды көздеп отыр.
Тамаша жетістік!👍