Ернат Мелсұлы, Ордабасы, Асланбек Шымбергенов. 12-ші қарашаның топ жаңалықтары

Автор: редактор 12 ноября, 2022


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!🔥

1️⃣ Бокстан Қазақстан құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов Азия чемпионы атанды.

71 келіде өнер көрсетіп жүрген Асланбек Шымбергенов жергілікті боксшы Зеяд Ишайшпен кездесті. Бірінші раундта Шымбергеновтың жойқын соққысынан кейін рефери нокдаун жариялауға мәжбүр болды. Соның арқасында қазақстандық боксшы ұпай саны жағынан алға шықты. Екінші раундта екеуі ашық бокстасты. Шымбергеновтың соққылары дәл тиді. Бірақ үшінші раунда қазақстандық боксшы бір ұпайынан айырылды. Соған қарамастан, ұпай санымен жеңіске жетті.

Шымбергенов екі мәрте Қазақстан чемпионы атанған. 2018 жылы Азия чемпионатының күміс жүлдесіне ие болды.

Айта кетері, бүгін Амманда Санжар Тәшкенбай (48 келі) алтыннан алқа тақты. Ал Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмуд Сабырхан (54 келі), Серік Теміржанов (57 келі) пен Дулат Бекбауов (67 келі) күміс жүлдегер атанды.

Құтты болсын! 👏🏻👏🏻👏🏻

2️⃣ Қарағандылық веломарафоншы Ернат Мелсұлы 55 күнде 5555 шақырым жүріп өтіп, халықаралық шеруін аяқтады.

Ол өзінің велошеруін Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арнады.
Марафон Ахмет Байтұрсынұлының туған күнінде, 5 қыркүйекте мерейтой иесінің отаны Ақкөл ауылында басталып, Стамбұлда аяқталды, деп хабарлады Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Менде екі міндетті шарт болды: біріншісі – 5 қыркүйекте, Ахмет Байтұрсынұлының туған күнінде марафонымды бастау, екіншісі – Ұлт ұстазының туған ауылынан жолға шығу», – дейді Ернат Мелсұлы.

«Менің сапарымның 60%- ы, 3000 шақырымнан астамы Қазақстанның төрт өңірі – Қостанай, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарында өтті. Содан кейін мен Кутаисиге (Грузия) ұштым», — деп толықтырды ол.

Ернат Мелсұлы Қара теңіз бойымен 600 шақырым жүріп, Түркия шекарасын кесіп өтіп, Ердоғанның туған қаласы Ризеге жетті.

Түркияда веломарафоншы Трабзон, Орду, Самсун, Чорум, Кале, Анкара қалаларында болып, оны Қазақстан елшілігі, Бурса және Стамбұл қарсы алды.

Керемет нәтиже!😍👍

3️⃣ «Ордабасы» Қазақстан кубогын жеңіп алды.

«Астана Аренада» өткен матчте кубокты «Ақжайық» пен «Ордабасы» командалары сарапқа салды.
11-минутта оралдықтар 2:0 есебімен алға шықты. Голды Завен Бадоян (7-минут) пен Том Табатадзе (11-минут) соқты.

«Ордабасы» 26-минутта Самат Шәмшінің күшімен бір голдың есесін қайтарды. Ал екінші таймда Всеволод Садовскийдің голы есепті теңестіруге мүмкіндік берді — 2:2.
Алайда көп ұзамай «Ақжайық» тағы екі гол соқты — Табатадзе (67) мен Илья Коваленко (73).

«Ордабасы» 76-минутта Максим Федин артта қалған есепті қысқартты — 4:3. 98-минутта Луис Гуедес шымкенттіктерді жеңілістен құтқарып қалды — 4:4.

Қосымша уақытта 119-минутта пенальтимен Елхан Астанов гол салып, «Ордабасыға» жеңіс әкелді.
Кездесу «Ордабасының» жеңісімен аяқталды. Шымкенттік клуб бұл жүлдені екінші рет жеңіп алды, енді «Ордабасы» 2023/24 маусымында еурокубоктарға қатысады.

Кім футбол тамашалады?🔥