Ескендір Хасанғалиев, Геннадий Головкин, Димаш Құдайберген. 24-ші қыркүйектің топ жаңалықтары

Автор: редактор 24 Қыркүйек, 2022


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

1️⃣ Танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген өзінің Stranger жеке бағдарламасымен Алматыда алғаш рет концерт берді. Бұл шараға 30 мыңнан астам көрермен жиналды.

Димаштың концертіндегі 2,5 мың полицей қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Полицейлер концерт өтетін жерде де, оның маңайында да патрульдеу жұмыстарын жүргізді. Концерт басталар алдында көрермендер Димаштың суретімен концерттік баннер алдында суретке түсті. Мұндай баннерлер бірнеше болғанымен оның әрқайсысының алдында кезек түзілді.
Әншінің Ресей, Норвегия, Чехия, Словения, Мексика және АҚШ-тағы жанкүйерлері сүйікті әртістерінің концертіне арнайы келген. Димаш Құдайбергеннің баспасөз қызметінің хабарлауынша, концертке әлемнің 68 елінен 6 мыңнан астам жанкүйер келген.

Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлерінің бірі Сив Лакоу концертке Норвегиядан арнайы ұшып келгенін айтты. Оның айтуынша, Димаш Норвегияда өте танымал және дүйсенбі күні онымен бірге 40-тан астам адам ұшып келген. Концерт қарсаңында олар қаланың көрікті жерлерін аралап, Алматы облысындағы танымал демалыс орындарында болып қайтқан. Концерттен кейін Норвегиядан келген жанкүйерлер Димаштың туған жері Ақтөбеге, одан кейін Астанаға баруды көздеп отыр.

Концертке бардың ба?😍😍😍

2️⃣ Дүниежүзілік бокс қауымдастығы (WBA) өзінің орта салмақтағы «супер чемпионы» Геннадий Головкинге «қарапайым» белдіктің иесі кубалық Эрисланди Ларамен жекпе-жек тағайындау туралы қаулы шығарды.

Қос тараптың келіссөзіне 2022 жылдың 23 қыркүйегінен 23 қазанына дейін уақыт берілді. Головкин – Лара жекпе-жегі орта дивизиондағы жалғыз WBA әлем чемпионын анықтайтын болады.
Бұған дейін WBA Головкинге екінші орта салмаққа өтіп, Сауль «Канело» Альвареспен осы санаттағы абсолютті әлем чемпионы атағы үшін таласуға арнайы рұқсат берген еді. Алайда ол орта салмаққа қайта оралып, Ларамен кездесуге тиіс деген ұйғарым шығарылды.

GGG — «Канело» III жекпе-жегі 18 қыркүйекте өткенін еске саламыз. Төрешілердің шешімімен жекпе-жек мексикалықтың жеңісімен аяқталды.
Командалар келісімге келе алмаса немесе тараптардың бірі бас тартса, жекпе-жек Головкиннің пайдасына 75 процент және Лараның пайдасына 25 проценттік үлеспен аукционға қойылады.

Головкинге жеңіс тілейміз!🙌🏻✊🏻

3️⃣ Алматыда халық әртісі Ескендір Хасанғалиевке ескерткіш тақта орнатылды.

Бұл туралы «Хабар 24» арнасы хабарлады.

Белгілі әнші ұзақ жыл бойы Байсейітов көшесіндегі №42 үйде тұрды. Берекелі шаңырақта ұрпағын өсіріп, өнерін өрістетті. «Ескірмеген махаббат», «Айналайын», «Асыл жар» сында лирикалық әндерін осы жерде жазды.
Сазгерді еске алуға арналған іс-шараға замандастары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, өнер адамдары мен ет-жақындары жиналды. Қазақ өнерінің дамуы жолында, ерен еңбек сіңірген Ескендір Хасанғалиев 200-ден астам әннің авторы.

Оның «Атамекен», «Әдемі ау» атты туындылары халық арасында кең тараған. Сазгер былтыр 81 жасында өмірден өтті. Артында мәңгі өшпес, мол мұра қалдырды.

Керемет!👍