Ескерткіш, Жемқорлық, Банкрот. 5 қыркүйектің топ жаңалықтары

Автор: редактор 05 сентября, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Қазақстанда банкрот деп танылған адамдардың тізімі жарияланды.

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі бойынша, қазірдің өзінде берешегі 435 млн теңгені құрайтын (кредиттік бюроның мәліметі бойынша) 309 адам банкрот деп танылды.

Аталған азаматтарға 14-14 қызметі бойынша sms-хабарлама арқылы соттан тыс банкроттық рәсімінің аяқталғаны және банкрот деп танылуы туралы хабарлама келіп түсті, сондай-ақ олар туралы ақпарат «e-gov» порталында орналастырылды.
Банкрот деп танылған азаматтардың 22-сі мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы болса, 232-сі бес жылдан астам несие қарыздарын өтей алмай жүргендер.

Банкрот деп танылған тұлғалардың орташа жасы 40 жасты құрайды. Бүгінде банкротқа ұшырағандардың ең жасы 1 миллион теңгеден астам қарызы бар Қызылорда облысының тұрғыны, ол 23 жаста. Ал ең қарт банкрот болған азамат Маңғыстау облысының 65 жастағы тұрғыны болды, оның 3 миллион теңгеден астам қарызы есептен шығарылады.
Бұл азаматтар ауыр қарыздан құтылды.

Дегенмен, бұл рәсімнің келесі салдары бар – бес жыл ішінде жаңа несие алуға тыйым салынған және мұндай азаматтардың үстінен үш жыл бойы қаржылық мониторинг жүргізіледі.

309 адам банкрот болып танылды.📌

2️⃣ Елімізде сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлағандарға 345 000 теңгеге дейін ақшалай сыйақы беріледі.

Құжатта жазылғандай, жемқорлық қылмыстарын анықтауға көмектескен ақпарат үшін біржолғы ақшалай сыйақы мына мөлшерлерде белгіленді:

— сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы әкімшілік істер
бойынша — 30 АЕК (103 500 теңге);

— онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық
істер бойынша — 40 АЕК (138 000 теңге);

— ауырлығы орташа сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша — 50 АЕК (172 500 теңге);

— ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша — 70 АЕК (241 500 теңге);

— аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер
бойынша — 100 АЕК (345 000 теңге).

«Пара немесе келтірілген залал сомасы немесе ұсынылған жеңілдіктер немесе көрсетілген қызметтер құны 1 000 АЕК-тен асатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар бойынша біржолғы ақшалай сыйақы пара немесе келтірілген залал немесе ұсынылған жеңілдіктер немесе көрсетілген қызметтер сомасының 10 пайызы, бірақ 4 000 АЕК-тен көп емес», — делінген құжатта.

Бірнеше сыйақы мөлшерлемелері белгілі болды. 💸

3️⃣ Түркияда композитор Тәттімбет Қазанғапұлы ескерткіші ашылды.

Түрік астанасында күйшіге ескерткіш қойылды. Ал «Тәттімбет» атындағы халық аспаптар оркестрі бауырлас елде гастрольдік сапар ұйымдастырды, деп хабарлайды Хабар 24.

Анкарадағы Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы саябақ 2016 жылы күйшінің 200 жылдығына ашылған. Араға 7 жыл салып мәдени нысанның қақ ортасында күй өнерінің классигіне арналған ескерткіш бой көтерді. Туынды авторы Мұрат Мансұров. 2,5 тонна қола ескерткіш Қарағанды облысы әкімдігінің Анкараға тартуы болды.

Этимесгут муниципалитеті мэрі Энвер Демирелдің айтуынша, бұл жерде Дина Нұрпейсова мен Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілген қос саябақ бар.

«Мұндай нысандар халықпен халықты бірлестіріп, бірін-бірі жақсы тануда үлкен рөл атқарады. Сондықтан осындай жерлеріміздің саны арта берсін», — дейді ол.

Керемет!😍